• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өнер 22 Сәуір, 2025

ЮНЕСКО деңгейіндегі өнер байқауы басталды

30 рет
көрсетілді

Қазақстанның Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының Федерациясына төрағалық етуі аясындағы THE PLANET OF ART - 2025 атты Халықаралық жастар фестивалі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жоба талантты жастарды қолдау және олардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға көмектесу, мәдени өзін-өзі көрсетудің алуан түрлі формаларын танымал ету және «бейбітшілік мәдениеті» тұжырымдамасы негізінде өскелең ұрпақтың достық байланыстарын нығайтуға бағытталған.

THE PLANET OF ART – 2025 Фестивалі БҰҰ Бас Ассамблеясы 2024 жылы қыркүйекте қабылдаған «Болашақ үшін Пактіні» ілгерілету, Антуан де Сент-Экзюперидің 125 жылдығы, Майя Плисецкаяның 100 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы және басқа да әлемдік мәдениетке елеулі із қалдырған көрнекті қайраткерлердің атаулы күндерін атап өту аясында жүзеге асырылады.

Фестиваль жас дарындарға вокалдық, аспаптық және хореографиялық бағыттарда өздерін көрсетуге мүмкіндік береді. Жоба өздерінің көркемдік дағдыларын дамытуға және шығармашылық арқылы бейбітшілік пен келісім идеяларын ілгерілетуге ұмтылатын ЮНЕСКО Клубтары мен Қауымдастықтары бар, ЮНЕСКО-ға мүше елдерден 12-18 жас аралығындағы қатысушыларға бағытталған.

THE PLANET OF ART - 2025 халықаралық мәдени алмасу үшін тұғырнама құра отырып, қазақстандық композиторлар мен хореографтардың туындыларын қазіргі интерпретациялауды танымал етуге ықпал етеді. Фестиваль шығармашыл жастарды қолдап қана қоймай, қатысушыларға өз елін әлем мәдениетінің жас амбассадорлары ретінде халықаралық сахнада танытуға бірегей мүмкіндік береді.

Іріктеу қазақстандық қатысушылар үшін онлайн тур және офлайн тыңдау арқылы екі кезеңде өтеді, одан кейін үздік қатысушылар Қазақстанда өтетін финалға шақырылады. Финалға қатысушылар Қазақстан Республикасының жетекші педагогтары мен өнер қайраткерлерінің қолдауымен ұйымдастырылған білім беру және мәдени бағдарламаға қатыса алады.

Фестивальдің соңғы бөлімі Алматы қаласында өтетін жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен бірге ауқымды Гала-концерт болмақ. Концерт әлемдік музыкалық мәдениет пен отандық композиторлардың шығармашылығын біртұтас театрландырылған бағдарлама аясында біріктіреді.