«Ұлттық кітап күні» аясында оралдық ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» атты кітабын жаңғыртып шығарды, деп жазады Egemen.kz.
Бұл монография алғаш рет осыдан 10 жыл бұрын баспадан шыққан еді. Жеңістің 80 жылдығына орай толықтырылып, екінші рет басылған кітаптың тұсаукесері Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханада өтті.
Іс-шараға кітапқа енген батыр қыздардың ұрпақтары, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, қала мектептерінің тарих пәні мұғалімдері, кітапхана оқырмандары қатысты.
«Бақтылы Сансызбайқызының бұл кітабы қайтадан өңделіп, тың деректермен толықтырылған екен. 1981 жылы Гурьев педагогикалық институтында оқып жүрген студент кезінен басталған ғылыми-зерттеушілік жұмыс табаны күректей 44 жылға созылыпты. Алдыңғы басылымда айтылмаған қаһарман қыздардың есімі мен олардың қан майдандағы ерлігін дәріптеу зерттеушінің жанкешті еңбегінің жемісі. Осыған дейін тарихи еңбектер мен газет-журналдарда жарияланған дүниелерді һәм архивтерде шаң басып жатқан сарғайған құжаттарды ақтарып қана қоймай, ғалым табанын тоздырып, тарихты халықтың өз ішінен де іздеген. Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің көмегімен батыр қыздардың ұрпақтарын іздеген. Нәтижесінде тынымсыз еңбек өз нәтижесін берді» дейді ғалымның әріптесі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев.