Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, апатты деп танылған №2 жатақхананың 5 қабатты ғимараты 1972 жылы салынған. Мұнда 2023 жылдың 1 ақпанынан бері студенттер тұрмайды, деп жазады Egemen.kz.
«Университеттің шаруашылық бөлімі 2022 жылдың қараша айында №2 жатақханадағы 1-қабаттың қабырғасында ақаудың пайда болғанын анықтады. Осы жағдай анықталған соң мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жатақхананың техникалық қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге конкурс жарияланды. 2023 жылғы 21 ақпандағы №138 келісімшартқа сәйкес «PFA compani» ЖШС техникалық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ғимараттың апатты жағдайда екені расталды. Студенттер басқа жатақханаларға көшіріліп, орналастырылды», делінген универсиеттің баспасөз қызметі ұсынған хабарламада.
Атырау облысының құрылыс басқармасы университеттің апатты жағдайдағы екі жатақханасының ғимаратын бұзып, студенттерге арналған 1000 орындық жаңа жатақхана салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындаған. Қазіргі уақытта жоба сараптамадан өтуге жолданған.
«Апатты деп танылған №2 жатақхананың айналасы қоршалып тұр. Жатақхананың бір бөлігінің құлағанынан ешкім зардап шеккен жоқ», деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.