• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Тарих 22 Сәуір, 2025

Ағайынды Төрехановтар

600 рет
көрсетілді

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты айналысып жатқан «Қазақстандағы 1931–1933 жылдардағы жаппай ашаршылықтың куәгерлері мен олардың ұрпақтары естеліктерінің топтамасын дайындау және басып шығару» жобасы бойынша ғылыми-іздестіру жұмыстары барысында ХХ ғасырдың бірінші жартысында нәубетпен бетпе-бет келген талай тағдырмен танысудың сәті түсті. Аталған ғылыми жоба аясында киелі Түркістан жеріне де ат басын бұрып, өңірдегі жергілікті тарихшылармен, көнекөз қариялармен кездесіп, ашаршылық, Созақ көтерілісіне қатысты аласапыран заманның куәгерлерінің ұрпақтарымен сұхбаттасқан едік.

Түркістан облысы Созақ ауданының тумасы, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инс­титуты бас директорының халықаралық байланыстар жөнін­дегі орынбасары Жомарт Жеңіс қилы заман кезіндегі өз отбасына қатысты әңгіменің ұшын шығарып, өзінің нағашысы, майдангер Тұрсын Төрехановтың өмірі туралы отбасылық жазбалармен, құжаттарымен бөлісті.

Ауданда халық ағарту саласында мектепте сабақ бере алатын арнайы білімі бар мамандардың тап­шылығынан 16 жастағы Тұрсын Төреханов өзі туып-өскен Қозмолдак ұжымшарындағы бас­тауыш мектепте ұстаздық еңбек жолын бастап, қызметін 1931–1932 жыл­дары Сызғандағы бастауыш мектепте мұғалім болып жал­ғастырады.

Ашаршылық жылдары Со­зақтағы жетімдер үйін паналап аман қалған Тұрсын Төрехановтың қамқорлығын көр­ген балалардың бірі Мәлібек Тө­реханов еді. Созақтағы Күмісті мен Көктөбенің арасындағы сүрлеу жолдың бойында аштықтан ажал құшқан кісінің жанында «аталап» жылап отырған сегіз жасар баланы тауып алған бір жолаушы оны Созақтағы Тұрсын басшылық ететін балалар үйіне әкеледі. Ол  елгезек, білімге құмар Мәлібекті өзінің тегіне жаздырып, туған баласындай бауырына басады. Кейін аштықтың беті қайтып, бала Мәлібек ес жиып, оң-солын танығанда, Қаратаудан жақындары іздеп келіп, алып қайтуға ниет білдіргенде, оларға ермей Тұрсын әкесінің жанында қалады. Ол Мәлібекті Шымкент каласындағы қорғасын зауытының жанын­дағы онжылдық мектепке тапсырады.

Тұрсын Төрехановтың өкіл ұлы Мәлібек бұл мектепте болашақ жазушы Кемел Тоқаевпен бір сынып­та оқиды. Кемел Тоқаевтан бас­қа сыныпта белгілі археолог-ға­лым Бауыржан Байтанаевтың әкесінің інісі Амантай Байтанаев та оқыған. Амантайдың ағасы Әбіш Байтанаев осы сыныпқа сабақ берді. Бір сыныпта оқыған 25 баланың барлығы мектепті бітірген соң Отан қорғауға май­данға аттанады.

Жуырда Мәлібек Төрехановтың жатқан жері араға 83 жыл салып анықталды. Мәлібек Баймұратұлы Шымкент әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, алғашқы әскери дайындықтан өтті. Бейбіт өмірді артқа тастап, жастық шағын сұм күреске арнаған боздақ Ленинград облысы Волхов қаласындағы 461-атқыштар полкі, 142-атқыштар дивизиясы сапында майданға жіберілді. 1942 жылы 12 ақпанда болған шайқаста Мәлібек Баймұратұлы ерлікпен қаза тапты.

Қорғасын зауыты мектебінің Мәлібек оқыған бір сыныбынан соғысқа аттанған 25 оқушының 22-сі соғыста қаза тауып, тек 3-еуі ғана аман оралған. Олардың бірі – Амантай Байтанаев, енді бірі – Кемел Тоқаев.

Тура сол 1942 жылы Мәлібектің өкіл әкесі Тұрсын Төреханұлы да ел іргесін шайқаған жаумен шайқасуға өзі сұранып аттанады. Қанды майданда ерлік көрсеткені үшін оған Кеңес Ода­ғының Бас қолбасшысы, маршал Сталиннің бұйрығымен Алғыс жарияланады.

Осы орайда қазақтың батырларын өз дәре­жесінде құр­меттеп жүрміз бе деген ой мазалайды. Ашаршылықта талай тағдырды құтқарып қалған, қуғын-сүргіннің қияметін көрген, бауырына басқан баласының қазасынан кейін соғысқа өзі сұранып барған Тұрсын Төре­хановқа кезінде өзі директор болған мектептің есімін немесе аштықтан арашалап алып қалған ауданындағы бір көшенің есімін берсе деген ұсыныс-ойымыз бар. Қазақтың қилы тари­хын­дағы әрбір батырдың есімі ұмы­тылмауға тиіс.

 

Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері