• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер 22 Сәуір, 2025

Астау

40 рет
көрсетілді

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігінде астаудың алар орны айрықша. Қазақ шеберлері астауды көбінесе қайың, қарағаш, көктерек сияқты берік ағаштардан ойып жасаған. Ол – дөңгелек немесе ұзынша пішінді, шет жағы биіктеу, түбі жайпақ етіп жасалатын, ішіне көбінесе ет салынатын үлкен ыдыс. Көненің көзіне айналған бұл ыдыс бүгінде қайта жаңғырып, трендке айналған.

Жасалуына тоқталсақ, шебер ең әуелі ағаш таңдайды. Жапырағын, діңінің жаратылысын, ылғалын тексереді. Содан кейін ойық ою, ішін тегістеу, сыртын өңдеу, өрнектеу – бәрі де жылдар бойы толысқан тәжірибе, қажырлы еңбекті талап етеді. Кейбір астаулардың сыр­тына қазақы ою-өрнек салынып, сүйекпен, күміспен көмкеріледі.

«Қазақ үшін астау – жай ғана тұр­мыстық зат емес, ол – қонаққа деген құрметтің нышаны. Астауға салынған ет төрге тартылатын, батаның алдындағы басты тағам. Сондықтан дастарқан үстінде артық сөйлемеу, ысырапқа, құр әңгімеге жол бермеу үй иесі мен тағамға деген құрмет. Тамақ ішіп отырғанда немесе оны таратып жатқанда артық сөз айтылмайды. Себебі ол кезде тамаққа көңіл бөлу, үнсіз отырып, астың қадірін білу – бас­ты әдеп саналған. Дастарқан басында дау айтпау, өсек-аяңға бармау – бірлік пен татулықты сақтаудың жолы», – дейді «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің» қор сақтаушысы Мақпал Бұтабаева.

Астау тарихы ұлт тарихымен бірге өрілген. Ол – салт-дәстүрдің, қонақ­жайлықтың, дастарқан мәдениетінің бір бөлшегі. Қазақтың байырғы ауылында астаусыз үлкен ас өтпеген. Ата-бабаларымыз бір астаудан дәм татып, ниет білдірісіп, төрде тізе қосқан. Сол себепті, астау – береке мен бірліктің ұйтқысы саналады.

Бұл күнде «Ұста Дәркембай атын­дағы қолөнер музейінде» астау­дың бірнеше үлгісі сақталған. Музей қорында ағаштан ойылып жасалған астаулар ерекше көркемдігімен, дәстүрді жаңғыртуымен ерек­ше­ленеді.

Мұндағы астаулар тек тұрмыстық бұйымдар ғана емес, олар – қазақтың бай тарихи мұрасының куәсі. Әр астау халық шеберінің қолынан шыққан өнер туындысы, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрдің бір бөлігі. Музей экспозицияларында астаудың түрлі ою-өрнектері, түрлі көлемдері мен формалары, сондай-ақ шеберлердің ағаш өңдеу әдістері көрсетілген. Бұл астауларды көргенде, өткеннің рухы сезіліп, дәстүрлердің өміршеңдігі мен олардың ұлт мәдениетіндегі орны туралы терең мағлұматқа қанығасыз.

 

Алматы облысы