• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ 19 Сәуір, 2025

Жеңістің 80 жылдығына арналған еларалық жиын

0 рет
көрсетілді

Санкт-Петербургте ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 58-пленарлық отырысы өтті. Оған Достастық елдер парламент­тері палаталарының басшылары мен депутаттары қатысты. Қазақстан делегациясын Парламент Сенатының төраға­сы Мәулен Әшімбаев бастап барды. Сапар аясында ол Жеңістің 80 жылдығына арналған ТМД ПАА-ның салтанатты отырысын­да сөз сөйледі және маңызды екіжақты кездесулер өткізді.

Мәулен Әшімбаев салтанатты кездесуге қатысушыларға ілтипат білдіріп, ел азаматтары үшін Жеңіс күні ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Еліміз Жеңіске айтарлықтай үлес қосқан негізгі индустриялық және гуманитарлық орталықтардың бірі болды. Май­данға аттанған 1 млн 200 мың қазақ­ азаматының жартысынан көбі елге оралған жоқ. Сондай-ақ 500-ден аса отандасымыздың Кеңес Одағының Батыры атанғаны айтылды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз ұлтымыздың қаһар­ман ұл-қыздарының арқа­сында алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа қадам басып келеміз. Сол үшін оларға мәңгі қа­рыздармыз. Ешкім де еш­қашан ұмытылмайды!» деп нақты атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен былтыр «Айбын» орденінің дәрежелеріне аты аңызға айналған батырлар Сағадат Нұрма­ғамбетов, Бауыржан Момыш­ұлы және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдері берілді. Биыл 7 мамырда Астанада Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру өтеді. Бүкіл ел бойынша Ұлы Жеңіс күнін атап өтуге қатысты белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында конференциялар мен көрмелер, концерттер мен әскери-патриоттық акциялар, спорттық жарыстар мен ғылыми-ағартушылық жобалар бар. Елді мекендерге, көшелерге, мектептерге ардагерлердің есім­дері беріліп жатыр. Жеңістің 80 жылдығына орай қолдау шараларына қосымша әрбір ардагерге 5 млн теңгеден біржолғы төлем беріледі. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мұның бәрі тарихты дәріптеуге және еліміздегі ұрпақтар сабақтастығын сақтауға деген ұмтылысымыздың жарқын көрінісі, – деді Сенат спикері.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев ардагерлерге құрмет көрсету, халықаралық форумдар мен ғылыми конференциялар және Жеңістің 80 жылдығы аясында түрлі мемлекеттерде өтіп жатқан патриоттық акциялар ортақ тарихты дәріптеуге қосылған үлес және ұрпақтар сабақтастығының негізі екенін айтты.

– Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Қасым Қай­сенов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова және қазақ халқының мыңдаған ұл-қыз­дарының есімдері біздің ортақ та­рихымызға мәңгілікке жазылды. Ал­матыда құрылған, аты аңызға ай­налған 316-дивизия жауынгер­лік даңқ шежіресінде айрықша орын алады. Генерал Иван Панфилов­тың басшылығымен дивизия жауын­герлері Мәскеу үшін шайқаста ерліктің озық үлгісін көрсетті. Пан­филовшы батырлар табандылық пен қайсарлықтың символына айнал­ды. Дивизия қатарында белгілі әс­кери тактик, Кеңес Одағының баты­ры Бауыржан Момышұлы да шай­қас­ты. Лейтенант Рахымжан Қош­қар­баев Рейхстагқа алғашқылар­дың бірі болып жеңіс туын тікті, – деп М.Әшімбаев қазақ халқының Жеңіске қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар ол ТМД ПАА Ке­ңесінің жұмысына және Ассам­б­леяның пленарлық отырысына қатысты. Одан бөлек, Пар­ламент депутаттары негізгі сала­ларға қатыс­ты және өзара мүддені білдіре­тін модельді заңдар топтамасын қарады. Бұл нормалар алдағы уақытта заң шығару қызметінде пайдалануға ұсынылады.

Отырыс алаңында Сенат төрағасы парламенттік делегация­лардың басшыларымен маңызды екіжақты кездесулер өткізді.

Сондай-ақ ТМД ПАА парла­мент­тік делегацияларының басшы­ла­ры мен мүшелері соғысқа қатыс­қан жа­уынгерлерді еске алуға ар­нал­­ған ме­мориалға гүл шоқтарын қойды.