• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Білім 19 Сәуір, 2025

Жаңартылған суперкомпьютер іске қосылды

0 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда қазір қандай ел жаңа технологияны өз пайдасына жарататыны, қандай ел көш соңын­да қалатыны анықталып жат­қан шешуші кезеңге қадам бастық деп айтқан еді.

Бұл – әлбетте бір ғана ұйымның я саланың атқаратын шаруасы емес, жұды­рықтай жұмылуды қажет ететін ауқым­ды іс. Бұған қос ұйымның бір­лесіп ақпараттық технология бағы­тында білікті кадр даярлайтын факультетті дәл өндіріс орнында ашып, тағы бірнеше мекеменің бірігуімен болашақ мамандарды оқыту үшін сыйға тартқан суперкомпьютердің іске қосылуы жақсы дәлел болады.

Алдымен Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінің бас ғимаратына жинал­дық. Бағытымыз – Ақкөл. Аста­на­дан жүз шақырым жерде орналасқан, Ақмола облысына қарайтын бұл шағын қалада Республикалық ғарыштық байланыс орталығы бар.

Аталған жоғары оқу орны кадр даярлау мақсатында осы орталықпен тығыз байла­ныс­та жұмыс істейді. Сол байланыс беки түсіп, нәти­же­сінде, Еуразия ұлттық уни­вер­си­те­тінің «Ақпараттық технологиялар» факультетінің филиалы ашылды. Университет сту­денттері, ғалымдары мен оқы­ту­шылары жүргізетін зерт­теу жұмыстарының сапа­сын арттыру үшін Еуразия ұлттық университетінің «Param bilim-2» суперкомпьютері салтанатты түрде іске қосылды. Param bilim-2 – өнімділігі 1 ПетаФлопсқа дейін жететін заманауи есептеу кешені. Онда Үндістанның C-DAC орталығы әзірлеген «High Performance Computing» (HPC) бағдарламалық платформалары орнатылған. Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Еуразия ұлттық университеті, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының күш біріктіруімен жүзеге асырыл­ды. «Қазақтелеком» АҚ супер­компьютерді жұмыс істеп тұр­ған деректер орталығына орна­ластырып, университетке қосымша күрделі шығын шығармауға, жабдықты жедел іске қосуға мүмкіндік берді.

Суперкомпьютердің іске қосылуында сөз алған Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Динара Ринатқызы бұл жобаның маңызына тоқ­тал­ды. «Қазақстан ғарыштық тех­­­нологиялармен жұмыс іс­тей­тін санаулы елдердің қатарына кіреді. Біз мұнымен мақтануымыз керек. Акаде­миялық кластерге 3 суперкомпьютер берілген, бұл – Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті. Әл-Фа­раби атындағы қазақ ұлт­тық университетіндегі супер­компьютерді Қытай үкіметі­мен ынтымақтастықта іске қос­қан­быз. Бүгінгі Еуразия ұлт­тық университетінің су­пер­­компьютерін іске қосу Үндістан үкіметімен бірлесіп жүзеге асып отыр. Bilim-2 қазіргі таңда жасанды интеллект, тілдік модельдер, үлкен деректер, заттар интернеті, кванттық технологиялар және посткванттық криптография сияқты 30-дан аса ғылыми бағыт бойын­ша модельдеу және талдау есеп­теулерін орындауда қол­данылады. Аталған суперкомпьютерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі тікелей бақылап отырған «AI Sana» бағдарламасы аясында іске қосылып жатыр. Бұл жерде мына нәрсені ескеру керек, Param-2 де, басқа жоғары оқу орындарына берілген супер­компьютерлерге де толы­ғы­мен тегін, үкіметаралық келіс­сөздердің нәтижесінде, қол жеткізіп отырмыз», деді Д.Ринатқызы.

Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­те­ті­нің ректоры Ерлан Сыдықов бұл бастама бірлескен білім  мен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға кең жол ашатынын жеткізді. «Осыдан 10 шақты жыл бұрын Үндістанның премьер-министрі елімізге кел­ген жұмыс сапарында біз­дің университет негізінде суперкомпьютерді іске қосуға келіскен болатын. Осы уақытқа дейін суперкомпьютер жақсы жұмыс істеп келді. Отандық ғылымның дамуына айрықша үлес қосты. Енді технологияның дамуына байланысты  оның күшін одан әрі арттыру үшін суперкомпьютерді жаңарту қажеттігі туды. Міне, бүгін  біз Еуразия ұлттық уни­верситетінің базасындағы жаңартылған суперкомпью­терді іске қосып отырмыз. Мұны Ақкөл қаласындағы ғарыштық орталыққа орналастыруды «Қазақтелеком» ұйымымен бірге келісіп шештік. Себебі бірнеше жылдан бері осы орталықта біздің жоғары оқу орнындағы бірқатар факультетінің филиа­­лы жұмыс істеп, студент­тер өндірістік тәжірибеден өтеді. Осы жолы «Ақпараттық технологиялар» факультетінің де филиалын ашып отырмыз. Бұл бастамалар ғылым мен жоғары технологиялар саласы арасындағы өзара байланыс­ты нығайтуға, жоғары білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді. Бурабайда өткен Ұлт­тық құрылтайда Мемлекет бас­шысы ғылыми қалашықтар жұмысын дұрыс жолға қоюды тапсырған болатын. Біздіңше, аталған орталық соған сұранып тұр», деді Е.Сыдықов.

Осы игілікті іс-шараның бәрі  «Қазақстанның цифрлық транс­формациясы» атты ғы­лы­­ми-практикалық кон­фе­­рен­циясының аясында ұйым­дастырылды. Жиын шең­бе­рін­де еліміздің цифр­лық даму бағыттары – телеком­муни­кациялық және АКТ инфра­құрылымын құрудан бастап, спутниктік технологияларды енгізу, киберқауіпсіздік және экономиканы цифрландыруға дейінгі өзекті мәселелер сөз болды. Сонымен бірге  ақпа­­рат­тық технологиялар сала­сын­да мамандар даярлау және цифрлық кластерлерді құру перспективасы талқы­лан­ды. Конференция соңында қаты­су­шылар Ақкөлде цифр­лық технологиялар, жасанды интеллект және кванттық зерттеулерге бағытталған ғы­лыми қалашық құру туралы бастама көтерді.