• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Сәуір, 2025

Алаяқтықпен күрес күшейді

0 рет
көрсетілді

Интернетте отырып-ақ халықтың қалтасын қағуға дәніккен алаяқ­тар­ға қарсы күрес шаралары күшейгеніне қарамас­тан оңай олжаға құныққан­дар айылын жияр емес. Әйтсе де құзырлы орган қыз­мет­керлері кибералаяқтықпен күресті өз деңгейінде жал­ғастырып жатыр.

Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен құқық қорғау органдарының, жергілікті атқа­рушы билік өкілдерінің және қаржы нарығы субъектілері­нің қатысуымен интернет-алаяқтықпен күрес жөнінде алқа отырысы өтті. Басқосу барысында алаяқтықпен күрес жұмысын күшейту мәселесі, про­куратураның бастамасы­мен құрылған «Cyberpol» ведомство­­­­аралық тобының және «CyberShekteuTaraz» телеграмм-боты жұмысының межелі мер­зімдегі нәтижелері қаралды.

Облыс прокурорының айтуынша, былтыр бірлесіп қолға алған жұмыс нәтижесінде қылмысты ашу көрсеткіші 33 пайызға артқан. Сондай-ақ Ұлттық банк­тің «Antifrod-Center» орталығы арқылы 346 күдіктінің банк шоттары бұғатталған. Байланыс операторларымен жасалған меморандум арқылы қашықтан қоңырау шалу мүмкіндігін туды­ратын 2 «Sim-box» құралы анықталған.

Облыстық прокуратураның ұйытқы болуымен полиция қызметкерлері «Қазақтелеком» және «Kcell» АҚ-мен бірлесіп жедел-іздестіру жұмысын қолға алған. Нәтижесінде, ақпан айында интернет-алаяқтықпен айналысу үшін «Tele-2» операторының 128 сим-картасы салынған «Sim-box» құралы анықталыпты. Сондай-ақ бұл дерек бойынша Ресей азаматы ұсталған. Бұған қоса «CyberShekteuTaraz» ботының көмегімен 224 күмәнді сілтемелер, жарнама, веб сайттар, телефон нөмірлері бұғатталған.

Жалпы алғанда, интернет-алаяқ­тықпен күрес жұмысы құзыр­лы органдар тарапынан ілкі сәтке де тоқтаған емес. Жыл басында облыстық прокуратураның мұрындық болуымен облыстық полиция департаментінің қыз­мет­керлері 150 азаматқа қатысты алаяқтық жасап, 80 млн шамасында шығын келтірген ел азаматын күдікті ретінде құрық­таған. Сонымен қатар облыс прокуроры алаяқтықпен байланысты қылмыстың 76 дерегін теріс бағалап отыр. Полиция қызметкерлеріне қатысты қыл­мыстық істер де тіркелген.

Жиын барысында интернет алаяқтықтың алдын алу мақ­са­тында компьютерлік технология және криптовалюта сала­сын­дағы мамандарды тарту қажет­тілігі зерделенді. Нақты дерекке сүйенсек, шоттарды уақтылы бұғаттамай, белгіленген талаптарды бұзып, несие бергені үшін 3 қаржы ұйымының жұ­мыс­шы­ла­рына қатысты нем­құрай­дылық дерегі бойынша сотқа дейінге тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр екен.

Алқа отырысында алаяқтықпен бірлесіп күресудің маңыздылығы жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ интернет-алаяқтықпен күресу шараларын күшейту бойынша нақты нұсқаулар берілді.

 

Тараз