Журналистиканың өз заңы, өз жолы, өз биігі бар. Бұл жол ең әуелі ұстаздың жүрегінен басталады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен ерекше кездесу – соның дәлелі. Журналистика факультетінің негізін қалаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлының 75 жасқа толуына әрі факультеттің жеке құрылым болып қалыптасқанына 15 жыл болуына орай ұйымдастырылған еркін кездесу өтті.
Кездесуге келген қонақтардың әрқайсысы – қазақ журналистикасы мен жоғары білім саласына еңбек сіңіріп жүрген азаматтар. Олардың арасында академиктер Бауыржан Омарұлы, Кәрімбек Құрманәлиев және өзге әріптестері мен шәкірттері болды.
Жиында белгілі жазушы, факультет деканы, доцент Нұржан Қуантайұлы жүргізді. Алқалы топтың ортасынан алғаш сөз Бауыржан Омарұлына берілді.
«Ұлттық журналистика десек, ең алдымен ойымызға журналистика факультеті келеді. Ал сол факультетті қалыптастырған, оның іргесін қалаған Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев сынды тұлғалар. Бұл – үштаған іспетті темірқазықтар. Сол ұстаздардың жолын жалғап, олардың шәкірттері де ұлт журналистикасына өлшеусіз үлес қосты. Солардың бірі – Намазалы Омашұлы. Ол кісінің есімі ұлт журналистикасы тарихына алтын әріппен жазылды. Қазақстандағы екі ірі факультетті басқарып, бірінің дәстүрін жалғастырып, екіншісінің негізін қалағаны – үлкен еңбек, зор қайраткерлік», деді көсемсөзші-ғалым.
Ал жиынның басты қонағы Намазалы Омашұлы болса «бүгінгі жүздесу – Журналистика және саясаттану факультетінің құрылғанына 15 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған тағылымды кездесу» деп, факультеттің өткені мен бүгіні, кәсіби журналистика білімінің қалыптасуы туралы әңгімеледі.
«Журналистика – өзге мамандықтарға ұқсамайтын, өмірмен біте қайнасқан, халыққа тікелей қызмет ететін сала. Бүгінгі күні ел ішінде бұл мамандықтың беделі артып келе жатқаны көңіл қуантады. Бірақ осы дәрежеге жету жолы оңай болған жоқ. 2009 жылы елімізде журналистика мәселелерін зерттейтін алғашқы институт құрылды. Ал 2010 жылдың 5 мамырында ресми түрде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және саясаттану факультеті ашылды. Университет басшылығының шақыруымен мен осы факультетті құруға атсалыстым. Бұған дейін де мұнда журналистика саласы кафедра не мамандық ретінде оқытылғаны белгілі. Алайда дербес факультет ретінде құрылуы кәсіби білім берудің жаңа кезеңі болды. Бұл – елордадағы кәсіби журналист даярлайтын алғашқы орталық болатын, деді Н.Омашұлы.
Профессордың пайымдауынша, елімізде журналистика факультетінің тарихы сонау 1934 жылдан басталады. Сол жылы Қазақ мемлекеттік университеті ашылып, Коммунистік журналистика институты да өз жұмысын бастаған еді. Бұл – журналистика мамандығының дербес білім беру жүйесіне енгенінің айғағы. Сол кезеңде дәріс оқып, емтихан алғандардың қатарында Сәкен Сейфуллин сынды тұлғалар болғанын атап өткен жөн.
Осылайша, отырыс ресми сипаттан гөрі, еркін әңгімеге, өмірлік тәжірибемен бөлісуге, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланысты тереңдетуге бағытталды. Университет басшылығы тарапынан алдағы уақытта бұл кездесуді ауқымды ғылыми конференцияға ұластыру жоспарланып отырғаны айтылды.
«Журналистика факультетінің 15 жылдығы қарсаңында Намазалы Омашұлына арнап конференция, халықаралық форум деңгейінде ресми іс-шара өткізуіміз керек. Ал біз өз тарапымыздан оған толық қолдау көрсететін боламыз», деді ЕҰУ университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай.
«Біз сөзге ерекше мән беретін, сөйлеу мен жазу мәдениетін жоғары қоятын елміз. Қазіргі медиакеңістікте «сұлулық үшін сөйлеу», жалтыраған сөзбен ғана алысқа бара алмайсың. Оқырманды ойландыратын, селт еткізетін, шынайы, тірі сөз қажет. Журналистика – ақылды адамға арналған кәсіп. Бұл салада жаңалық қана емес, жаңалықтың астарын ашатын, тыңдаушы мен оқырманның таным көкжиегін кеңейтетін терең мазмұнды дүниелер маңызды. Бұрын біз баяндау, суреттеу сынды жанрларға көбірек ден қоятынбыз. Ал дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, олар нақты оқиғаның астарына үңілуге, мәселені қоғамдық тұрғыда терең саралауға басымдық береді», деп жастарға ақылын да айтты Н.Омашұлы.