• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс 18 Сәуір, 2025

Трансформатор стансалары Өскеменде әзірленеді

0 рет
көрсетілді

Үйді-үйлерді электр қуат көзімен қамту стансалары Өскемендегі «Кэмонт» зауытында жасалады. Атшаптырым аумақты алып жатқан өндіріс ошағында трансформатор стансаларынан бөлек «ақылды электр шамдар», заманауи орындықтар мен жол бойына арналған дәретханалар да құрастырыла бастаған. Атқарылып жатқан жұмысқа қарасақ, тарихы терең зауыттың болашағы да жарқын көрінеді.

Қаланы қойып, ел көлемін­де санаулы ғана осынау өн­діріс ошағында қазіргі уақыт­та 250-ден аса адам жұ­мыс істейді. Тарихына үңілсек, «Кэмонт» акционерлік қоға­мы жұмы­сын 1949 жылы сол кездегі «Сибэлектрмон­таж» тресінің құрамында бастаған. Ал 1991 жылдан бері «Қазэлектрмон­таж» тресі аясында жұмысын жал­ғастырыпты. Бұл өндіріс орны әуелде «Казцинк» пен ТМК зауыттарының құрылы­сын жүргізу үшін құрыл­ған еді. 1950 жылдан бастап бүгінге дейін кәсіпорынның қызметкерлері электрмонтаж жұмысының барлық түрін орындап келеді. Зауыт электр жабдықтарымен өңірді ғана емес, ТМД елдеріндегі тау-кен металлургия кешендерін де қамтыған. Құрастырудан бас­тап құруға дейінгі барлық жұмысты мамандар өздері атқарады. Тұрғын үй­лер­ге трансформатор станса­­ларын құру жұмысы өз ал­дына, металлургия кәсіпорын­дарын­дағы электртехника­лық жабдықтардың 70 пайызы – «Кэмонт» АҚ өнімі. Сонымен қатар аталған кәсіп­орын конструкциядан бөлек реконструкциямен де айналысады. Яғни істен шыққан көше шамдарын қайта қалпына келтіріп, жарқыратып қояды.

2024 жылы кәсіби деңгейі жоғары топ-менеджерлер командасы компанияға түбегейлі өзгеріс жасап, жаңа өнім түрлерін өндіріске енгізу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, өндіріс ошағы тың серпінмен жұмыс істей бастаған.

– Былтыр өндіріс ошағы әлсіреп бара жатқан еді. Келіссөздер жүзеге аспаған, жұмысшыларға жалақы жүйелі төленбеген, тағысын тағы. Былтыр мамырдан бастап өте үлкен жұмыс атқардық. Құрылысы қаңтарылып қал­ған төрт нысанды аяқтап, тапсырдық. Жұмысшылардың жалақысы мен зейнетақы қорының аударымдары реттелді. Сонымен қатар ұжымды толықтай арнайы киіммен қамтамасыз еттік. Тамақтанудың 70 пайызын кәсіп­орын өз мойнына алып отыр. Одан бөлек, қосалқы мердігер ретінде қала ішін жарықтандыруға үлес қосып келеміз, – дейді «Кэмонт» АҚ бас директоры Болат Тұрарұлы.

 «Кэмонт» компаниясы түнгі қаланы жарықтандыруына байланысты тың жаңалық енгізген. Мәселен, үш көшеге орнатылған 115 электр шамы күн ра­йына қарай түсін өзгертеді. Тұманды түні жылы түске еніп, көру мүмкіндігін жақсартады. Сондай-ақ көше шамдарын жарықтандыруды қашықтықтан да реттеуге болады. Тіпті басқаруды да қажет етпейді. Барлығы автоматтандырылған. Көз байлана өздігінен қосылады, таң қылаң бере сөнеді. Түн ортасы қозғалыс саябырсығанда жарық сәулесі және азая­ды. Ең басты тиімділігі, электр қуатын 30 пайызға үнемдейді. Егер бүкіл қала көшелеріне осы кәсіпорында өндірілетін шам орнатылса, электр қуатына өте үлкен үнем болар еді.

– Биылдан бастап жарықтандырудың жаңа жобасын қолға алдық. Оның бас­тамасы ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Өскемендегі Пермитин, С.Нұр­мағамбетов, М.Горький көшеле­ріне заманауи шамдар орнатылды. Оның барлығы өзімізде құрас­тырылды. Бір корпустың ішінде екі түрлі шам орнатылған. Оның бірі қалыпты ауа ра­йында жанса, екіншісі тұманды күндері жарық шашады. Қолыңызда компьютер болса, арнайы бағдарламамен логин және құпия сөз арқылы кіріп, үш көшенің шамдарын реттеп отыруға болады, – дейді «Кэмонт» компания­сы­ның жұмыс жүргізушісі Қанат Самарханов.

Ал жоғарыда аталған үш көшенің бұрынғы ескі шамдары қаланың сырт жағындағы тас қараңғы көшелерге орна­тылған. Сөйтіп, қала жарығы да жайы­лып, жайнап келеді. «Кэмонт» ұжы­мының бұл тұрғыдағы мақсаты – шаһар­ды орталық көшелерінен бастап, сыртқа қарай рет-ретімен жылжи оты­рып, толықтай заманауи шамдармен қам­тамасыз ету. Жоғарыда атап өткен­дегідей, электр шамдарының бағаналары мен тұрғын үйлерге дейінгі қуат көзі де осы зауытта құрастырылатын трансформатор стансалары арқылы жеткізіледі.

Ретін тауып, трансформатор стансаларын құрастырып жатқан цехты да аралап көрдік. Бірінде тарс-тұрс етіп, қара жұмысы атқарылып жатса, келесі бөлмедегі мамандар зергерлік бұйым құрастырып отырғандай, бас көтермейді. Сөйтсек, трансформатордың әртүрлі кернеудегі сымдарын жалғап, тетікте­рін бекітеді екен. Өте жауапты жұмыс. Сондықтан маман сауатты болуға тиіс.

– Өзім колледжде оқып жүргенімде осы зауытта тәжірибеден өттім. Кейіннен жұмысқа орналастым. Арасында әскер қатарында борышымды өтеп келдім. Басқа да жұмыс болды. Бірақ өзіме осы жер ұнайды. Қазір тәжірибеден өтіп жүрген студенттерге білгенімді үйретіп жүрмін, – дейді электр құрастырушы Салауат Әбіш.

Трансформатордың ұсақ-түйегі осы бөлмеде жиналса, сыртқы қаңқасы кеңдеу алаңда жасалады. Заман ағымына қарай темір беттерді кесу, оны ою сынды жұмыс та жеңілдеген. Лазерлі станокпен оп-оңай оя береді. Оймас бұрын арнайы бағдарламамен мамандар компьютерде әр миллиметріне дейін өлшеп сызады. Дайын сызба токарь, дәнекерлеуші сияқты жұмысшылар­дың алдына түседі. Олар сол сызба бойынша трансформаторға, оның сыртқы қоршауына қажетті детальдарды әзірлейді.

– Біздің бөлімде қажетті тетіктердің, беттердің сызбасы сызылады. Барлығы тапсырысқа сай бейнеленген соң бе­кіті­леді. Мақұлданған сызбаны цехқа жөнелтеміз. Ол жақта шеберлер жонып, ойып, дайын дүние етіп шығара береді, – дейді жоғары кернеу бөлімінің инженері Елдар Сағалов.

Темірді қайыстай илеп, оны дәне­керлеп жатқан алаңға да бардық. Мұн­дағы кейбір мамандар компанияда табан аудармай ұзақ уақыт жұмыс істеп жүр. Тіпті 30-35 жыл еңбек еткен жұмысшылар да бар екен. Олар трансформаторға арналған стансаны құрастырып болған соң бояуға жөнелтеді.

– Біздің бөлім де толық автомат­тандырылған. Кейде үлкен диаметрлі бөлшек болғанда ғана қолмен сырлауға тура келеді. Барлық бояу жұмыстарына шамамен 3 сағат уақыт кетеді. Алдымен металды сүртіп, тазалап, дайындаймыз. Арнайы бір қабат сұйықтық жағылады. 180 градус ыстық пеште кептіріледі. Содан кейін робот біркелкі етіп бояу шашады. Жоғары температурада полимер қызып, қорғаныш қабатын түзеді. Біз тек қана тапсырыс берушінің талғамына сәйкес бекітілген түсті таңдаймыз, – дейді бояу-кептіру жолағының операторы Дмитрий Тимошенко.

Ең соңында трансформатор стансасы дітдеген нүктеге апарып орнатылады. Орнату, оны іске қосу сынды ең соңғы жұмыстардың барлығын «Кэмонт» компаниясының қызметкерлері атқарып, нүктесін қояды. Бір стансаның өзін құрап, іске қосу үшін қаншама маман тер төгеді? Қаншама темір, қаншама тетік бекітіледі. Құжынаған сымдардың қайсысы қайсыған жалғанатыны қарапайым адамның миына кіріп шықпайды. Оқыған, тоқыған электриктер ғана ажырата білетін шығар. Сондықтан да басшылық жұмысшы мамандардың жалақыларын көтерген. Әсіресе дәнекерлеушілер екі есе көп айлық алып, еңбектерінің бағаланғанына қуанып жүр. Басшылық тарапынан қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін тиісті жағдайдың барлығы жасалған. Керек-жарақтарына дейін автоматтандырылған қоймада сақталады. Әр маман қоймаға кіріп, керек тетікті бір ғана кнопка көмегімен тауып алады. Автоматтандырылған қоймада 36 тоннаға дейін жүк сақталады екен. Мыңдаған тетіктің ішінен сізге керектіні бірер минут ішінде тауып, алдыңызға шығарып береді. Оның бәрі жұмысшылардың уақытына үнем. Үнемделген уақыт өнім көлемін арттырады.

Білікті қызметкерлердің арқасында Өскемендегі 25 шағын аудан жуықта электр желісімен қамтылды. Әйтпесе, бұл шағын аудан тұрғындары үш жылдан бері электр қуатына қол жеткізе алмай келген. Енді бұл жақта құрылыс та жандана түсері анық. Осылайша, «Кэмонт» АҚ-ның бас директоры Болат Тұрарұлы өнім көлемін арттырып, 600 млн теңгеге дейін пайда түсіруді көздеп отыр. Аталған компания сонымен қатар мектеп құрылысын жүргізуге де қадам басқан.

Компания өкілдері қаржы көзін табуды ғана емес, әлеуметтік мәселелерге де назар аударып жүреді. Олар қала сыртын қойып, қала ішіндегі саябақтарда, жағалау, скверлерде әжетхана жоқтығын ескеріп, санитарлық гигиеналық тораптар жасауды қолға алды. Бес түрлі торапты жоба етіп, қала басшылығына ұсынған. Қолдау тауып, қазір тораптың дизайнын ойластырып жатыр. «Кэмонт» АҚ дамыту бойынша директоры Зоя Владимировнаның сөзіне сүйенсек, гигиеналық тораптар қалада қойылған соң облыстық маңызы бар жолдарға да ұсынып көреді. Жол бойында гигиеналық тораппен қатар, ерекше дизайн­дағы павильон қоюды да ойластырған. Па­вильондарға бақша жемісін жол бойын­да сатып отырған ауыл тұрғындары орналасады. Мінеки, алпауыт компания тұрғындар үшін қаншама тиімді іс атқарды? Бұл айтылғаны. Айтылмаған қаншама жоспар бар?

 

Шығыс Қазақстан облысы