• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Ғылым 18 Сәуір, 2025

Профессор Гриннің шәкірті

0 рет
көрсетілді

Жаңашыл ғалымдардың еңбектері арқылы біз әлемді басқаша танимыз. Бұл үрдіс қазақ ғалымдарына да тән. Болашағынан үлкен үміт күтетін сондай жас ғалымның бірі – фотоэлектрлік және баламалы энергетика саласы бойын­ша PhD Нұрсұлтан Мұсаханұлы.

Оксфорд университетіндегі физика департаменті, нано­ғылым, фотоэлектрлік (PV) плен­калар саласында пос­т­док­торлық қызмет атқаратын жерлесіміз жаңа буын фото­электрлі пленкалар, «пе­ровскит» поликристалды күн ұя­шықтар саласына зерттеу жүргізеді. Мұнда ғалым тіке­лей перовскит күн торлары тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруды көздейді.

Кейіпкеріміздің доктор­лық зерттеуіне әлемдік PV нары­ғы­ның 91%-ын қамтыған, ғылым­­ға айтарлықтай үлес қосқан ­профессор Мартин Грин жетекші­лік етеді. Жас ғалымның энерге­тика сала­сын­дағы ізденісте­рі­­нің нәтижесі де жоқ емес. Бір­қа­тар ғылыми жұмыстары әлем­­дегі алдыңғы қатарлы Q1 жур­налында жа­рық көрді. Соның ішінде бірін­ші автор­лық және қосалқы бірін­ші автор­лық мақа­лалары ғалам­дық ең көп сіл­теме жасалатын үздік ондық­тағы ғылыми журналда жарияланды. Соны­мен қатар Н.Мұсаханұлы Оксфорд университетінде жаңағы перовскит күн торларын ең ал­ғаш жарыққа шығарып, ал­ғаш коммерциялаған про­фес­сормен серіктес топта жұмыс ат­қарады.

Халқымыз «Ұстазы жақсы­ның ұстанымы жақсы» деп бекер айтпаған. Нұрсұлтан – ғылыми жетекші таңдауда айы оңынан туған жас. Ол 2017–2018 жылдары Манчестер университетінде магистрлік диссертациясын электр және электронды инженерия мектебінің доценті, жасыл энергетика (күн, жел, жер т.с.с.) курсының негізін қалаған қауымдастырылған профессор Иэйн Кроудың жетекшілігімен табысты қорғады. Мұнда ол кремнийге негізделген күн батареясымен жұмыс жүргізді. Бірде профессор Кроу: «Күн энергетикасы» пәнінен дәріс оқып отырып: «Осы салаға ерекше үлес қосқан, кремний күн батареяларының атасы, профессор Мартин Грин деген аңызға айналған аустралиялық ғалым бар. Үлкен кісі. Сонымен жолықтым», деп атақты ғалым туралы әңгімелейді. Бұған қағілез қазақ баласы елең ете қалады. Енді ол аты аңызға айналған ғалыммен кездессем деп ойлайды.

Сөйтіп, жас ғалым әлем бойынша күн мен жасыл энергетика саласына бағытталған тұтас­тай департаменті-факультеті бар жалғыз оқу орны Аустралия­дағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университеті екенін біліп, оның негізін профессор Грин қалағанын түсінеді. Көп уақыт өтпей жетекшілеріне хабарласып, озық фотоэлектрлік материалдармен жұмыс іс­теуге ниетті екенін білдіреді. Осылайша, Баянауылда туып, шет жерге білім іздеп аттанған Нұрсұлтан сол оқу орнында екі жетекшіге шәкірт болды. Сол сәтті есіне алған ол: «Бірінші жетекшім (профессор Гриннің шәкірті) маған: «Екінші жетекшің профессор Грин болғанын қалай­сың ба?» дегенде төбем көк­ке жеткендей болды. Осылайша, бүкіл әлемдік ғылымға аты шық­қан ғалым Гринмен танысып, ақыл-кеңесін алдым», деді.

Осы арада кейіпкеріміз­ге: «Сіздің зерттеуіңіз ел ғы­лымына не береді?» деген сұрақ қойдым. Оның жауабы сенім­ді шықты. «Зерттеуім елімізге пайдасы тиеді деп ойлай­мын. Себебі перовскит күн бата­рея­­лары – болашақтың техно­логиясы. Ал жасыл энергети­ка саласындағы білімімді, Окс­форд университетіндегі тәжі­ри­бем­ді елдегі әріптестеріме жеткізуге тырысып жүрмін. Мысалы, біріншіден, ғылым мен білімге қоссам деген үлесім. Елімізде жаңартылатын энергия көздеріне арналған зертханалар құруға атсалысқым келеді. Сонымен қатар перовскит күн батареялары мен оптоэлектроника бойынша оқу бағдарламасын әзірлеп, жас ғалымдарға халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті бо­луға көмектессем деймін. Екін­шіден, инновациялар және технологиялық даму саласына өз үлесімді қосып, елімізде перовскит күн батареяларын зерттеу орталығын ашуға ықпал ете алар едім. Оксфорд PV және Қытайдағы серіктестермен байланыс орнатып, технология­ларды елге әкелуге көмектесу де маңызды. Бұдан бөлек, перовскиттік күн батареяларын жергілікті шикізаттан жасау мүмкіндігін зерттеп көруге болады», деді ол.

Бұған дейін жас ғалым бі­раз жетістікке қол жеткізген. Фотоэлектрлік және баламалы энергетика саласының философия ғылымдарының докторы лауазымын (Оңтүстік Жаңа Уэлс университеті, Аустралия) иеленді. Сондай-ақ таза және жасыл энергетика технологиялары саласының магистрі (Манчестер университеті, Біріккен Корольдік), Жылу Энергетика саласының бака­лавры (B.Sc.) (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті) атанды. «Ғаламдық талант виза» (Біріккен Король­дік) және «Болашақ» стипен­диясының иегері.

Шындығында, Нұрсұлтан Мұсаханұлы – елімізде перов­скит­тік күн батареяларын өн­діру мүмкіндігін зерттеп, осы салаға инвестиция тарту жолдарын қарастыратын білікті маман. Ол жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану арқылы еліміздің көмір мен мұнайға тәуелділігін азайтуға болатынын айтады. Бұл оның зерттеу саласындағы көзде­ген мақсатының бірі. Қысқасы, ғылым жолына түсіп, іргелі ізде­ністермен сонау ағылшын елінде жүрген жерлесіміздің әр бастамасы қуантады.