• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ 18 Сәуір, 2025

Атаммен мақтанамын!

0 рет
көрсетілді

Жанқиярлық ерліктің, еңселі елдіктің рухын биіктетіп, Жеңістің жалауын желбіреткенімізге 80 жыл толды. Осы айтулы мереке қарсаңында сұрапыл соғысқа қатысқан атам Кәкман Әлменбетов туралы жазуды жөн көрдім.

Біз бақытты ұрпақпыз. Бүгінгі шаттықты ғұ­мыр­ға жеткеніміз Екін­ші дүниежүзілік соғыс­та елімізді қорғаған аға ұрпақтың арқасы. Атам Кәкман Әлменбетов 1923 жылы бұрынғы Қараған­ды облысының Қарсақпай ауданына қарасты Сарысу ауылында дүниеге келген.

Ел басына қатер төнген қиын кезеңде Қарсақпай ауданына қарасты Сарысу, Арал­төбе, Жетіқоңыр ауыл­дарынан майданға 150-ден аса азамат аттанған екен. Сол азаматтардың ішінде ­19 жас­тағы атам да бар еді.

Ол І-Украина майданының 336-дивизиясының 1130-ат­қыш­тар полкінде елі үшін от кешіп, Отанын ерлікпен қорғауға атсалысты. Берлин қаласынан 250 шақырым жердегі кезекті бір сұрапыл шайқас кезінде атам ауыр жарақат алып, гос­питальға түседі.

Сол күнді атам: «1945 жыл­дың 29 наурызы еді. Оң жа­ғымнан бір солдаттың жан­ұшыра айқайлаған дауы­сы естілді. Соған бұрылып қарағаным сол еді, маған да оқ тиді. Есімді жиып, көзімді ашсам Николай атты майдандас жолдасым мені сүйретіп, бір шұңқырға әкеліпті. Ол жарақатымның ауыр еке­нін, бірақ өлмейтінімді айтып, менімен қоштасып әрі қарай шабуылға кетті. Одан кейін өзімді ажалдан құтқарған жолдасымды көрген жоқпын. Оқ жағымнан тиіп, тістерім мен жақ сүйегімді сындырып, оң жақ иығымнан тесіп өтіпті», деп еске алатын.

Содан кейін атам Кисло­водск қаласындағы госпитальде жеті ай емделіп, 1945 жылдың қазан айында елге оралады.

Елге келгеннен соң бей­біт еңбекке араласып, зейнет­керлікке шыққанша, Қарағанды облысының (қазіргі Ұлытау облысы) сол кездердегі Қарсақ­пай және Жезді аудандарының өркендеуіне өз үлесін қосты.

Ауылдық кеңестің хатшысы, зоотехник, ферма меңгеру­шісі секілді қызметтерді ­абыроймен атқарып, ауылдық кеңестің алты рет депутаты болды. 1941–1945 жылдарғы соғыста көр­сеткен ерліктері және бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі үшін бір орден, он бір медальмен ма­­рапатталды. Оның ішінде І дә­­режелі «Ұлы Отан соғысы» орде­нінің орны бөлек. Сондай-ақ «1941–1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен ең­бегі үшін», «1941–1945 жылғы Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңгені үшін», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының 20, 25, 30, 40 және 50 жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталған.

Атам мен әжем үш ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірген. Бала­ларының үлкені Сәбек Кәк­манұлы Жезқазған қаласын­да түрлі жауапты қызмет ат­қарды. Екінші баласы Болат Кәкманұлы Жезқазған облысында денсаулық сақтау саласында тер төгіп, «Денсаулық ісінің үздігі» атағын алды. Жез­қазған қалалық мәсли­ха­ты­ның депутаты да болды. Ал бір қызы Мағауия сауда саласында, екінші қызы қаржы саласында қажырлы қызмет ат­қарды. Кенжесі Ғарифулла Кәкман­­­ұлы Цифрлық даму, ин­нова­ция­лар және аэроға­рыш өнер­кә­сібі министрлігінде қыз­мет атқарады. Ол – «Қазақ­стан Республикасы Тәуелсіздігіне ­­20 жыл» мерекелік медалімен ­ма­рапатталған, «Қазақстан ­Рес­пуб­ликасының Құрметті байланысшысы», «Үздік мем­ле­кет­тік қыз­меткер» атақтары­ның иегері.

Бүгінде атамның немерелері де ер жетіп, жоғары оқу орындарын бітіріп, қоғамның түр­лі саласында еңбек етіп жүр.

Кәкман атам 1997 жылы ­75 жасқа қараған шағында ­Жез­қазған қаласында қайтыс болды. Содан бері ұрпақтары атамызды жиі еске алып, оның Екін­­ші дүниежүзілік соғыс­тың арда­гері болғанын мақтан тұ­тып келеді.

 

Ұлықбек Ғарифуллаев,

майдангердің шөбересі