• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Балалар 17 Сәуір, 2025

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті үндеу жолдады

0 рет
көрсетілді

Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда балалардың терезеден құлау көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Әсіресе, 2-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер үшін бұл аса қауіпті. Мұндай қайғылы жағдайлар көбіне ересектердің бейқамдығынан және терезеге арнайы қорғаныс құралдарының орнатылмауынан болады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Бұған қоса суға кету оқиғалары да алаңдатарлық ахуалға айналған. Былтыр елімізде балалардың су айдындарында қаза табуы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе өскен. Бұл әсіресе 10-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Мұның басты себептері – қараусыз шомылу және арнайы рұқсат етілмеген, жабдықталмаған су айдындарында суға түсу.

Осыған орай Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова ата-аналарға үндеу жолдады.

«Көктемнің шуағымен бірге балаларымыздың белсенділігі де арта түседі. Алайда дәл осы кезеңде олардың өміріне төнетін қауіп-қатерлер де еселенетіні сөзсіз. Бұл ретте Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға, мұғалімдерге және барша ересектерге балалардың күнделікті өміріне мұқият қарауға шақырады. Балаларымыздың өмірі – біздің қолымызда! Әрбір ата-ана сақтық шараларын ұстанып, қауіпсіздік ережелеріне бейжай қарамауы тиіс. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін мына қарапайым, бірақ аса маңызды ережелерді есте сақтаңыз:

Бірінші. Терезелерге сақтық құрылғыларын орнатыңыз – арнайы құлыптар, торлар мен бекіткіштер балалардың құлауына жол бермейді.

Екінші. Тек қауіпсіз жерлерде суға түсіңіз – құтқару қызметі бар жағажайларды таңдаңыз, бейтаныс су айдындарынан аулақ болыңыз.

Үшінші. Балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыз – әсіресе су маңында әрдайым бақылауда ұстаңыз.

Төртінші. Судағы қауіп-қатерлерді түсіндіріңіз – биіктен суға секіру, тереңдікте ойнау және қатты ағыстарға жақындау өте қауіпті екенін үйретіңіз.

Бесінші. Балаларды алғашқы көмек көрсетуге баулыңыз – суға кеткен адамға қалай көмек көрсету керектігін білудің өзі біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Құрметті ата-аналар! Балаларымыздың амандығы – біздің ең үлкен жауапкершілігіміз. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Қайғылы жағдайлардың алдын алу – өз қолымызда!», делінген аталған үндеуде.