Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Астана опера» театры гастрольдік сапармен Ақтөбе және Хромтау қалаларына барып қайтты.
Өнер жұлдыздары Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барып, өндіріспен танысып, жұмысшылармен бірге ән шырқады. Гала-опера Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсындағы айтыс сахнасымен ашылып, көрерменді тәнті етті. Тұрғындар елімізге белгілі, сонымен қатар шетелдік композиторлардың шығармаларымен танысты. Ал Сергей Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» симфониялық ертегісін жас көрермен тамашалады. «Астана опера» театрының әртістері енді Рудный мен Павлодар қаласында өнер көрсетеді.
«Орындайтын бағдарламамыз келген тыңдаушы қауымға өте жеңіл болады деп ойлаймын. Өйткені кеңінен танымал музыка. Бірақ орындаушылар үшін әжептәуір күрделі іс-шара. Абай, Брусиловский, Мұхамеджанов, Ғазиза Жұбанова және Бах, Вивальди, Россини, Верди секілді композиторлардың музыкасы орындалады, флейта мен скрипка аспабына жазылған шығармалар ұсынылады», дейді театр дирижері Абзал Мұхитдин.