Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Мемлекет басшысы шырайлы шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму тынысымен танысты.
Бірқатар нысанды аралады
Президент ең алдымен Шымкент әуежайының жаңа терминалымен танысты. Мемлекет басшысының қаланы дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынған әуе айлағының құрылысына жеке инвестор 24 млрд теңге қаражат жұмсаған.
Президентке Қазақстанның оңтүстігінде бірегей авиациялық хаб қалыптастыру өңірдегі әуе қатынасының бағыт санын 17-ден 59-ға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Еуропа мен Азияның бірқатар еліне рейстер ашуға мүмкіндік беретіні жөнінде баяндалды.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы зор Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізіне жақын орналасқан «Almaar Logistics» сауда-логистика орталығына барды. Аумағы 24 мың шаршы метрді құрайтын көпфункционалды кешен құрылысына жеке инвестор 14,8 млрд теңге қаржы құйған. Орталық өнім сақтаудың озық технологиясымен жабдықталған. Атап айтқанда, тез бұзылатын азық-түлікті ұзақ сақтамай, барынша жедел таратуға мүмкіндік беретін жүйе енгізілген.
Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап көрді. Қаладағы 50-ге жуық өңдеуші кәсіпорын былтыр 168,5 млрд теңгенің өнімін шығарған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыжай кешендерін салуға түркиялық «Alarko Holding» компаниясы – 650 млн доллар, ал Польшаның «Fabe Polska SP» кәсіпорны 136 млн доллар көлемінде инвестиция құюға ниетті екені айтылды.
Президент Шымкентке жұмыс сапары аясында жаңадан ашылған «Coca-Cola Içecek Kazakhstan» зауытын да аралап көрді. Озық технологиялармен жабдықталған және автоматтандыру деңгейі өте жоғары кәсіпорын жылына 283 млн литрге дейін сусын шығара алады.
Мемлекет басшысы өндіріс барысымен танысқан соң, өңірдің экономикалық өсіміне серпін беретін ірі инвестициялық жобаларды қолдаудың маңызын атап өтті.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев «Shymkent City» шағын ауданына жақын маңдағы жаңа саябаққа барды. Аумағы 20 гектардан асатын паркте сейілдеуге және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Субұрқақты жасанды тоған, амфитеатр, ландшафты аллеялар, воркаут және скейт алаңдары бар.
Президент саябақ аумағында ағаш отырғызды. Қазіргі кезде Шымкентте адам басына шаққанда 4 шаршы метрге жуық жасыл желектен келеді екен. Экологиялық жағдайды жақсартып, қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру үшін алдағы жылдары 1 млн түптен аса ағаш көшеті отырғызылмақ. Шаһардағы 12 саябақты абаттандыру, сондай-ақ гүлзарларды, Қошқар ата өзенінің жағалауы мен арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрынғы қоқыс полигонының орнында Экопарк құрылысы қолға алынды.
Бұған қоса Президентке қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясы ұсынған қоқыс өртеу зауытының жобасы таныстырылды. Зауыт тәулігіне 1 мың тоннаға дейінгі қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, электр энергиясын өндіре алады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Tulip Hall» көпфункционалды кешеніне барды. Конгресс-холл ғимараты өткен жылы маусым айында пайдалануға берілген. Президент тапсырмасына сәйкес бой көтерген бұл көрікті нысан бұқаралық мәдени іс-шаралар өткізуге арналған. Мұнда сондай-ақ қолөнершілердің орталығы мен шеберханалары орналасқан.
Мемлекет басшысы Шымкентте жүзеге асырылып жатқан цифрлық шешімдермен танысты. Олардың қатарында отандық «СМЭУ Астана» әзірлемесіне негізделген бағдаршамдарды интеллектуалдық басқару жүйесі, «Avtobys» цифрлық платформасы бар. «Sergek Group» және «Freedom Telecom» компанияларымен бірге «FWA 5G» технологиясы негізінде жұмыс істейтін, жол қозғалысы мен қоғамдық тәртіпке үздіксіз мониторинг жүргізетін сыртқы бейнебақылау және жылдамдығы жоғары интернет жүйесі енгізіліп жатыр.
Қаланың болашақтағы құрылыс жоспары
таныстырылды
Мемлекет басшысына қаланың сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Шымкент жұртшылығымен кездесу барысында шаһардың бас жоспарын қайта қарап, көлік-логистика инфрақұрылымы мен инженерлік желілерін жаңғырту туралы тапсырма берген еді.
Мемлекет басшысына қаладағы Орталық стадионның, перинаталдық орталықтың, паралимпиадашыларға арналған спорт кешенінің, мектептердің және тағы да басқа әлеуметтік нысандар құрылысының болашақтағы жобалары көрсетілді.
Президентке жекеменшік тұрғын үй кешендерінің бейберекет өсуіне шектеу қойып, 2035 жылға дейін көпқабатты үйлердің үлесін 60 пайызға жеткізу жоспары жөнінде баяндалды.
Биыл шамамен 1,4 млн шаршы метр баспананы пайдалануға беру көзделген. Оның ішінде 320 мың шаршы метрден аса пәтер мемлекеттік бюджет есебінен салынады. Қалада жаңадан «Ақжайық», «Бозарық» және «Тұран» шағын аудандары пайда болды.
Мемлекет басшысы «Ақжайық» шағын ауданындағы тұрғын үй кешенін арнайы барып көрді. Бұл жерде жыл соңына дейін 35 тұрғын үй кешені бой көтермек. Баспаналар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарға беріледі, сондай-ақ мемлекеттік ипотека бағдарламалары арқылы сатылады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа ескі үйлерді бұзу жұмыстары жөнінде баяндалды. Реновация бағдарламасы аясында бүгінге дейін 248 отбасы апат алдындағы үйлерден жаңа баспаналарға көшірілген. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 604-ке дейін жеткізу көзделіп отыр.
Игілігі мол индустриялық аймақ
Содан соң Президент «Тассай» индустриялық аймағын аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа индустриялық аймақта жалпы инвестиция сомасы 44,5 млрд теңге болатын 33 кәсіпорын ашылғаны жөнінде баяндалды. Сонымен қатар мұнда қосымша 800-ге жуық жұмыс орнын қамтамасыз ететін 9 инвестициялық жоба іске асырыла бастады.
Мемлекет басшысы жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс және жиһаз өндірісінің өнімдері қойылған көрмемен танысты.
Сондай-ақ Президентке «Aksa Enerji Üretim A.Ş» компаниясының инвестициялық құны 350 млрд теңге болатын бу-газ электр стансасының құрылысы туралы мәлімет берілді.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД нарығына автотрансформаторлар, маймен істейтін күштік трансформаторлар мен реакторлар шығаратын «Asia Trafo» зауытының өндірістік желісін аралап көрді.
Мемлекет басшысына «Marai E7 Group» өндіріс алаңының қызметі таныстырылды. Кәсіпорын травматология хирургиясында және остеосинтезге кеңінен қолданылатын дәке мен титан импланттарын шығаруға маманданған.
Сондай-ақ Президентке Шымкентте шығатын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың түрлері көрсетілді. Бүгінде шырайлы шаһар отандық фармацевтика саласының дамуында елеулі рөл атқарады. Мұнда 19 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішіндегі ең ірісі – «Химфарм» зауыты.
Жұмыс сапарының соңын ала Мемлекет басшысы Шымкентке сапары барысында №2 Оқушылар сарайымен танысты. Заманауи қосымша білім орталығында мультимедиялық сыныптар, зертханалар, шығармашылық студиялары, коворкинг аумақтары қарастырылған. Мұнда ерекше қажеттілігі бар балалар да емін-еркін білім алады. Нысан Президенттің 2022 жылы қалаға келген кезінде берген тапсырмасына сәйкес салынып, пайдалануға берілген.
Бүгінде Оқушылар сарайында 5 мыңға жуық бала алты бағыт бойынша 65 үйірмеге қатысады. Білім бағдарламасы жан-жақты дамыған, жаңаша ойлайтын әрі шығармашылық қабілеті зор тұлға қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы орталықпен танысып шыққан соң, оқушылармен әңгімелесті.