12 сәуір – қазақтан шыққан тұңғыш геолог, ғұлама, алғашқы академик Қаныш Сәтбаевтың туған күні.
Жезқазған – Ұлытау өңірінің кен байлықтарын барлау және геологиялық талдауда Қаныш Имантайұлының еңбегі орасан зор.
Ол 1932 жылы 4800 метр тереңдіктегі 1,5 шаршы шақырым жерде ғана 2 млн тонна мыс қорының жатқанын дәлелдеген. Барлау барысында мыстан басқа да пайдалы қазба түрлері – алтын, күміс, марганец, рений, осмий, платина барын зерттеп білген.
Ұлытау өңірінен этнографиялық мұралар жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған.
Жезқазған қаласындағы облыстық тарихи-археологиялық музейде болғанда біртуар Қаныштың да үлесі бар тау жыныстары, кен және минералдардан тұратын геологиялық коллекцияның куәсі болдық.
Музейде Қаныш Сәтбаевқа арналған «Қазақтың біртуар перзенті» деп аталған арнайы бұрышта ғұламаның қызмет жолындағы суреттері, құнды құжаттары, таңдаулы еңбектері қойылған. Біздің назарымызды аударған – Қаныш Сәтбаев таққан галстук болды.
1964 жылы ғалым дүние салғаннан кейін әйелі Таиса Алексеевна геолог, еңбек ардагері, Сәтбаев кентінде тұратын Нұрманбек Сердалиновке естелікке Қаныш таққан қара-көк, ақ жолақты галстугі мен 2 томдық еңбегін табыстайды. Зейнеткер Нұрманбек Сердалинов жиырма жылдан кейін, яғни 1983 жылы галстукті музейге тапсырады.
Қаныш есімі, еңбегі мәңгі ел жадында. Бүгінгі таңда Қаныш Сәтбаев атындағы қала, жоғары оқу орындарын айтпағанда, оның есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп, ғалымға қойылған ескерткіштер бар.
Ұлытау облысы