• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өнер 11 Сәуір, 2025

Дәулет Дәркембайұлы: Қолөнердің қашанда бәсі жоғары

91 рет
көрсетілді

Қазақ қолөнерінің хас шеберіне айналған әйгілі Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылға жуықтады. Шебердің кіндік қаны тамған Ақши ауылында орналасқан музейге әке аманатын арқалаған ұлы Дәулет Дәркембайұлы жетекшілік етіп, іске икемді жастарды шеберлікке баулып келеді. Жақында Ақши ауылына жол түсіп, қолөнер музейінің директоры Дәулет Шоқпаровпен өнер шаңырағының тыныс-тірші­лігі жайында әңгімелескен едік.

– Әңгімеңізді әйгілі қол­өнер шебе­рінің атындағы музейдің ауылдық жерде ашылу себебінен бастасаңыз.

 – Әкем осы ауылда дүниеге келген. Атамыз Шоқпар мектеп-интернаттың отын жағып, суын тасып, еңбек еткен. Арасында ұсталықпен айналысқан. Ал Жұ­магүл әжеміз интернаттың балаларына тамақ пісіріп бере­тін болған. Ол сонау соғыс жылдары болса керек. Тұ­манбай атамыз туған көршілес «Казатком» ауы­­лында соғыстан соң темір ұста жетіс­пей, әкесі Шоқпарды сол ауылға жібереді. Әкем 8-сыныпты «Казаткомда» біті­ріп, одан әрі қарай Алматыға кетеді. Оқуын тәмам­дап, шығармашылықпен айналысады.

1996 жылы 50 жасқа толуы қарсаңында осы қараусыз, қаңырап қалған ғимаратқа көзі түсіп, жекеменшікке алды. Қала­дағы көп­­қа­батты үйлерде пәте­ріміз болған еді. Бірақ онда артық-ауыс жұмыс істей ал­май­сың, оның үсті­не жақын туыс-туғаннан да жырақтап бара жат­қанын айтып, ауылға көшуді ұйғарды. Содан Ермек Өскенбаев деген сол кездегі ауыл әкі­міне кіріп, осы бос тұрған ғимаратты мың дол­ларға сатып алдық. Көп ұзамай туған ауылы­на қоныс аударып, он жыл өмір сүрген әкем асқаралы алпысқа толуына он күн қалғанда бақиға озды. Әкемнің ауылға келгендегі басты арманы – музей және қолөнер мектебін ашу еді. Осы мақсатта 2,5 мыңға жуық экспонат жинады. Сол арманын жүзеге асыру мақсатында шәкірттері бірлесіп, музей ашуға бел будық. Игілікті істің ат­қарылуына сол жылдардағы Алматы облысы­ның әкімі Серік Үмбетов үлкен үлес қосты.

Жалпы жер аумағы 3 гектар, ал 375 шаршы метр болатын музей ғимаратында 6 зал жұмыс істейді. Оның бірінші залында ұста Дәркембай Шоқпарұлының балалық шағынан бастап, сту­дент­тік, отбасылық және әскер­дегі өмірдерегінен сыр шертілсе, үшінші залда қолөнер шеберінің шығармашылық еңбектері орналасқан. Ал үшінші залда қазақ халқының тері, ағаш­тан жасалған үй жиһаз­дары мен ыдыс-аяқтары тізілсе, төртінші залда халқымыздың саз аспаптары мен зергерлік өнері орын алған. Ал бесінші залда саят­шылық өнерге байланысты бұйымдарды тамашалауға болады. Ең соңғы, алтыншы залда бүгінгі қолөнер шеберлері­нің туындылары орналасып, олардың саудалануына жағдай жасал­ды. Музейге алыс-жақын қалалардан, әсіресе шетелден келген қонақтар кәдесыйға көп қызығады. Бұл қол­өнер­дің бәсі қашанда жоғары екенін көрсетеді.

– Өзіңіз де өнерден құра­ла­қан емес­сіз. Әке ізін жалғас­тырып, Т.Жүр­генов атын­­дағы Қазақ ұлттық өнер акаде­мия­сында студенттерге дәріс оқып, шәкірт тәр­биеледіңіз. Бүгін­де шәкірт­теріңізбен бір­ле­се музей жұмы­сын жан­данды­рып, ұлттық өнер­­дің өріс­­теуіне өлшеусіз үлес қосып отыр­­ға­ныңыз мәлім. Әке ама­натын ар­қа­ла­­ған пер­­зент­тің жүгі жеңіл бола қоймас?

– Ата-анам екі ұл, бір қызды өмірге әкеліп, өсірді. Ұлтымыздың қолөнерін игеру, тарихын тану бала күннен жаныма жақын. Сондықтан осы салада өнердің қадірін білетін, бабалар мұрасын көздің қарашығындай сақтап, насихаттауды парыз санайтын шеберқол азаматтар тізе қосып, еңбек етіп жүр. Атап айтсам, әкемнің көзін көрген, өнегесін алған шәкірттері, Мәдениет саласының үздігі Ринат Мүлікбаев музей ашылғаннан бері осында еңбек етіп келеді. Одан кейін Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университеттің көркемсурет және графика факультетін тәмамда­ған Мәди Тілепберген де 13 жылға жуық­­тады, осы музейдің қызмет­кері. Ринат теріден мал сауып, сүтін құюға арналған көнек, торсық сынды ыдыстар жасаумен айналысса, Мәди ағаш шебері. Оның қолынан шыққан сан­дықтар көз жауын алады. Кезінде әкемнің еңбектерін жинап-теруде жанынан табылған көмекшісі, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын өнертанушы мамандығы бойынша бітірген, шәкіртім Мақпал Бұтабаеваның да музейдің өркендеуіне қосатын өзіндік үлесі бар. Таутүрген ауылының тумасы, Алматы облысының үздік қолөнер шебері Дәулетбек Әбдіқайымов, астаналық ағайынды Бекболат пен Жанболат Нұрданбектер де осы музейде шыңдалып, қазір өз алдарына еңбек етіп, халқымыздың асыл қазынасының қорын молайту жолында еңбек етіп жүр.

Ұлттық қолөнерді насихат­тау­мен және жас өс­кінге шебер­лік сабақтарын өткізіп, түрлі дең­гейдегі көрмелерге үзбей қатысып отыратын музейде 10 адам тұрақты еңбек етеді. Дәстүрлі қолөнердің дамуына сүбелі үлес қосып отырған музей қорында барлығы 3 мыңға тарта жәдігер бар. Оның дені – әкемнің қолымен жасалған бірегей туындылар. Әкемнің жер-жаһанды кезіп, көзмайын тауысып, жиған-терген жәдігерлерін сақтап, ұлт­тық мұраны келер ұрпаққа жет­кіз­уді бас­ты парызым санаймын.

– Дәстүрлі қолөнерді дамытып, мәдени мұраның қайнарына айналған музей ұжымының алдағы жоспарлары туралы айтсаңыз? Осы ұлттық құндылықтарды дамытуда қандай да бір проблемалар бар ма?

 – Биылға ауқымды жоспарлар бар. Соның бастысы, дәулескер күйші, композитор Н.Тілендиевтің 100 жылдығы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өтеді. Айтулы іс-шараға біздің музей де көшпелі көрмесін алып барады. Ал енді облыс аумағында өтетін мәдени шаралардан шет қалған емеспіз. Наурыз мерекесіне орай Қонаев қаласында өткен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесіне қатыстық. Шебер­лер өз бұйымдарын халық­қа көрсетумен қатар, сауда­лауына мүмкіндік алды. Сон­дай-ақ музейде мектеп оқу­шы­ларының қатысуымен таным­дық іс-шаралар өткізіп, ұлттық мұрамыз – зергерлік бұйымдарды дәріптейміз. Жас өскінге атадан балаға жет­кен әйелдердің әшекей бұйым­дарының ерекшеліктері мен тұрмыстық заттардың қолдану тәсілдерін таныстырып, таным көкжиегін кеңейтіп келеміз. Біздің музей қызметкерлері қолөнерді насихаттаумен бірге, оны жасаумен де айналысады.

 Ертеде қазақ халқы малдың етін жеп, сүтін ішіп, сонымен қатар жүні мен терісін, мүйізі мен сүйегін де кәдеге жаратқан. Ал бүгінде малдың еті мен сүтінен басқасы қоқысқа кетіп жатыр. Осыған орай, өзіміз бастама көтеріп, теріден тұрмысқа қажетті қаншама заманауи өнім жасауға болатынын насихаттап жүрміз. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, дайын әрі сутегін шикізатты ұқсата алмай, далаға тастап жатырмыз. Ал теріден былғары өндіріп, одан аяқкиім, тон, сөмке сынды құнды дүниелер жасап жатқан мемлекеттер қаншама? Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табуға тиіс деген ойдамыз.

Былтыр Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының қол­дауымен «Қазақтың тері өңдеу дәстүрі» деген кітап шығар­дық. Онда әкем Дәркембай Шоқ­парұлы еңбектерінің негізінде терінің дайындалу технологиясынан бастап, қайыс, былғары, көн теріден алуан түрлі дүние жасалатыны жан-жақты жазылды. Енді ол еңбек өндіріске енгізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

– 200-ден астам ғылыми-танымдық еңбек пен осы салада­ғы оқу-әдістемелік 30 кітап­тың авторы атанған Дәркембай Шоқпарұлы:

«Бабамнан қалған мұра төс пен көрік,

Ұста әкемнің үлгісін өскем көріп.

Ұғынамын осыны мол байлық деп,

Басқа байлық мен үшін бес теңгелік»,

– деп жыр маржанын тізіп, балға мен қа­ламды қос қанатына балаған екен. Әкеңіз­­дің ақындық өнері туралы айтып өтсеңіз.

 – Ұлтымыздың баға жетпес тарихи қазынасын халықпен қауыштырған әкем ұста ғана емес, ой саларлық өлең жол­дарын жазған сөз зергері де. Халқы­мыздың тұрмыс-тірші­лі­гіне қатысты «Биялай», «Қашау», «Аманат», «Сақпан», «Дастарқан», «Атакәсіп», «Алтын, кү­міс тас екен» тәрізді әр жылдары жазыл­ған этно­графиялық жырлары «Зама­на ағы­мы» атты өлеңдер топтамасына арқау болып, 2021 жылы кітабы жарық көрді. Бұл өлеңдер топтамасында туған ел, өскен жер мен ана тіліне қатысты өлеңдері, махаббат пен табиғатқа деген сүйіспеншілігі жырланады. Сондай-ақ балалардың жүрегіне жақын, тіліне жеңіл жаңылтпаш, жұм­бақ, бата-тілектері де кітапқа енген.

– Кеңестік кезеңде халық­аралық көрме­лер­ге қатысып, ұлттық қолөн­еріміздің даң­­қын аспандатқан Ұста Дәркембай атын­дағы му­зей­дің бүгінгі жетістігі қандай?

– Бүгінде облыстағы алдыңғы қатарлы музейлер санатындамыз. Осы жылдар аралы­ғында көшпелі көрмемен бірқатар мемле­кетте болдық. Былтыр Астанада өткен көшпелілер ойынына қатыстық. Алдағы уақытта АҚШ-қа баратынымызды жоғарыда айттым.

2023 жылы алғаш рет облыста шебер­лердің республика­лық фестивалін өткіздік. Оған елі­міздің әр түкпірінен аттары әлемге мәшһүр 40 шебер қатысып, шеберлік сағаттарын өткізді. Мұндай игілікті істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 – Әсерлі әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен – 

Ұлбосын ИСАБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

 

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы