• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат 11 Сәуір, 2025

Университетті басқару стратегиясын өзгерту маңызды - Асылбек Нұрғабдешов

330 рет
көрсетілді

Шетелде жоғары оқу орнын академиялық, ғылыми дәрежемен бітірген отандастарымыз көп. Солардың бірі – экономикадан докторлық диссертациясын Британиядағы Шеффилд универ­ситетінде қорғаған, Түркияның жо­ғары оқу орындарында бакалавр, магистр дәрежесін алған, отандық бірқатар оқу ордасында дәріс оқып, басшылық қызмет атқарған, қа­зір Ұлыбританиядағы «Herriot Watt University»-де Бизнес мектебі магистрлік бағдарламалар бөліміне жетекшілік ететін ғалым Асылбек Нұрғабдешовпен Ғылым күні қарсаңында әңгімелескен едік.

– Асылбек мырза, ғылымға қалай кел­діңіз? Түркиядағы бакалавриатта таби­ғи газ ин­женериясын оқыпсыз, магис­тра­ту­ра­­да неге бизнесті басқару бағы­ты­на ауыс­тыңыз?

– Қарағандыдағы қазақ-түрік лицейінде 8-сыныптан бастап химия пәнінен олим­пиа­да­ларға қатыстым. Сол кезде осы саладағы өзекті мәселелерді шешіп, болашақта мұнай өндірісінде жұмыс істесем дедім. 2003 жылы Анкарадағы техникалық оқу орнының грантын иелендім. Бұл – 1956 жылы америкалық мамандар құрған, елдегі ең мықты ұлттық университет. Бір-екі жылдан кейін жаныма инженер мамандығынан гөрі экономика саласы жақын екенін түсіндім. Сөйтіп, экономикаға қатысты міндетті негізгі пәндерді оқып, біртіндеп осы салаға ауысып, менеджментті тереңірек түсінуге тырыстым. Магистратураны да МBA (Master of Business Administration) бо­йынша жасадым. Басқарудың кілтін табу, адамзатты дамыту бағытына бойлағанда ғылымға деген қызығушылығым оянды. Магистрант кезімде деканның көмекшісі болдым. Декан Британиядағы Шеффилд университетінде қызмет еткен, Түркияға бір жылдық келісіммен шақыртылған профессор еді. Ұстазымнан көп дүние үйрендім. Зерттеу тақырыбым ұлттық инновациялық жүйені дамытуға қатысты еді. Елімізде бәсекелестікті нығайту, креатив жобаларды басқару мәселесін зерттедім. Бір жылдан соң Шеффилд университетінде докторантураға түсуге ұсыныс түсті. Сол кезде «Болашақ» стипендиясымен Британияға докторантура оқуға бардым. Халықаралық корпорациялардың инновациялық саясаты деген тақырыпта іздендім. 2015 жылы зерттеуімді аяқ­тап, ғылыми жұмысымды қорғап, елге оралдым.

– Шетелде алған біліміңізді қай салада жүзеге асырдыңыз?

– 2018 жылы Алматыдағы Нархоз уни­вер­ситетінде адами капиталды дамыту, адами ресурстарды басқару үшін HR зерттеу орталығын аштық. Бұл Азиядағы HR бо­йынша алғашқы ғылыми орталық болды. Мұндағы басты мақсат – «Қазақстандағы HR үдерістері қалай құрылады, компаниялардың HR департаменттері қалай жұмыс істейді, халықаралық стандарттарға сәйкес пе, елі­міз­де адами капиталды, адами ресурстарды бағалай ма?» деген сауалдарға жауап табу. Көптеген зерттеу жүргізіп, өте беделді ғылыми журналға еңбегіміз жарияланды. Тағы бір зерттеуіміз университеттерді дамытуға арналды. Қолымыздан келгенше ғылымның дамуына атсалысуға тырыстық. Өкінішке қарай, елімізде шетелде докторлығын қорғап келгендер әлі аз. Сондықтан университеттерді, білім саласын, жоғары білімді басқаруға арналған зерттеулерді 2020 жылдан бастадық. Мақсат – отандық PhD жүйесін әлемдік ғылым жүйесіне интеграциялау. Зерттеу барысында ғылым докторларын бірнеше университет бірігіп даярлағаны дұрыс деген ой туды. Бұл үшін алдымен ғылыми еңбекті зерттеу жолын, әдіснамасын жақсы түсіндіру керек. Осы жұмысты да бір орталықтан іске асырып, сапаны жақсартуды көздедік. Мысалы, қазір Алматыдағы жетекші үш университет PhD бірлесе оқытып жатыр. Неге? Бірінші, студенттерді бір ортаға шоғырландырып, нетуоркинг, кәсіби орта құру. Екінші, әр университеттің өз білікті оқытушылары болғанымен, саны аз. Сол кісілердің әлеуетін PhD даярлауда тиімді пайда­лансақ дедік. Конференция, семинар өткізгенде де мақсаты ортақ топтың бір ортадан табылғаны маңызды.

– Қазір қызметтесіз, дәріс оқисыз, ғылымнан қол үзіп кеткен жоқсыз ба?

– Қазіргі қызметімде дәріс оқу, студенттермен жұмыс, болашақ ғалымдар легін дайындау біздің миссияға кіреді. Мұнда тек ғылыми зерттеумен айналысып жүрген жоқпыз. Бұл – әмбебап болуды талап ететін жұмыс. Әлемнің әр түкпірінен білім іздеп келген азаматтарға жол көрсетіп, адамзаттың дамуына үлес қосуға мүмкіндік аласыз. Ал ғылымға келсек, саяси экономика саласы бойынша PhD доктор Қайрат Молдашев екеуміз әлемдегі ЖОО-ның дағдарыс кезіндегі стратегиялық менеджмент мәселесін зерттеп, нәтижесінде «Strategy Development Handbook for Higher Education Leaders» (ЖОО көшбасшыларына арналған стратегиялық даму нұсқаулығы) деп аталатын монография жазып, жарияладық. Мұнда «COVID-19 пандемиясы кезінде университеттердің стратегия­сы қаншалықты өзгерді, онлайн форматқа бейімделе алды ма?» деген сауалдарға жауап іздедік. 2021–2024 жылдары жасаған зерттеуді британдық менеджмент академиясында таныстырдық. Еңбегімізді Ыстанбұлда өткен стратегиялық менеджмент қоғамдастығының конференциясында өте жақсы бағаланды. Өйткені университеттік деңгейде басқару, стратегиялық даму жоспарын дайындау, осы салада зерттеу жүргізу әлі дамымай жатыр. Университет көбіне жаңа оқыту технология­сын, әдіснама жағын қарайды. Ал басқару мәселесіне көңіл бөле бермейді. Сол жобаның аясында біз 12 университет ректоры, проректорынан сарапшылық бағытта сұхбат алдық. Стратегиясын тексердік, стратегия бойынша қандай жобалар әзірлегенін, министрлік талабына сай KPI-ды қалай жасайтынына назар аудардық. Монографиямыз отандық жоғары білім жүйесін ілгерілеу мақсатында еліміздегі университеттердің ректорларына, проректорларына да таратылды. Қолданушылар «зерттеуді әрі қарай жалғастыру керек», «бізге осы еңбек стратегия жазған кезде өте жақсы көмектесті» деп пікір білдірді. Елімізде дағдарыс кезінде университетті басқару үлгісінің, стратегияның өзгеруі маңызды. Мұндай проблема қазір Британиядағы жоғары оқу орындарында бас­талды. Қаржы жағы тығырыққа тіреп тұр. Мысалы, Данди университеті өткен айда бюджет тапшылығы 35 млн фунтқа жеткенін жазды. Мәселені шешу үшін 700-дей жұмыскерді қысқартпақ. Кардифф университетінде де 40 млн фунт көлемінде тапшылық бар, 400 қызметкерімен қоштаспақ. Қаржыдан қысылып көрмеген Эдинбург университеті де биыл 140 млн фунтты үнемдеп, біраз адамды босататынын хабарлады. Зерттеуімізде осындай дағдарыстарды шешу үлгілері көрсетілген. Егер соған сүйенгенде қазіргідей тығырықтың алдын алуға болар еді.

– Отандық ғылымның дамуын тежеп тұрған түйткілді атай аласыз ба, қандай шешім ұсынасыз?

– Оптимиспін. Сондықтан салыстырмалы түрде алсақ, соңғы 5-6 жылда өте ауқым­ды жұмыс атқарылды. Докторантураға бөлі­не­тін грант саны, стипендия көлемі артты, ғылыммен айналысатындардың айлығы өсті. Қаржылай қолдау өте маңызды. Шетелдік университеттердің филиалы ашылып жатыр. Олар бастапқыда бакалавр даярлағанымен, келешекте магистратура, докторантура да ашылуы мүмкін. Шетелден профессорлар келіп, біздің ғалымдармен араласып, бәсекеге қабілетті орта қалыптасса, сыртта жүрген отандық ғалымдар да елге оралады деп үміттенемін. Көш жүре түзеледі. Біздің университеттерді ашылғанына бірнеше ғасыр болған британдық оқу орындарымен салыстыруға болмайды. Сол себепті пессимизмге берілгім келмейді. Қазір маңыздысы – инвестиция тарту, университеттерді қолдау, жас ғалымдарға демеу болу. Зерттеушілер шетелден кәсіби біліктілігін арттырып келсе, олардан жедел нәтиже, керемет тірлік күту дұрыс емес. Білім саласында қандай да бір түбе­гейлі өзгеріс, жоғары нәтиже біршама уа­­қыт­­ты талап етеді. Шетелдегі ғылыми акаде­мия­лық диаспора өкілдерін отандық университеттермен байланыстыруға тырысқан жөн.

Біздің жоғарғы білім жөнінде 2029 жылға дейінгі алдын ала жазылған стратегиямыз, ба­ғыт­тарымыз бар. Осы жұмысты тұрақты түрде жалғастыру маңызды. Алдағы 3-4 жыл­дың ішінде бұл жүйе жоғары білім саласын келесі кезеңге сәтті өтуге септеседі.

 

Әңгімелескен –

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»