Кеше Астана қаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің ІІІ пленумы өтті. Оған «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ барлық өңірдегі ардагерлер кеңесі төрағалары қатысты.
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов атап өткендей, бұл пленумның жұмысы негізінен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдауға арналды. Бүгінде Мемлекет басшысының ел алдына қойған басты мақсаты – Әділетті Қазақстанды құру. Осы жолда елімізде талай игілікті іс атқарылып жатыр. Болашаққа келелі міндеттер қойылды. Оның бірқатары жуырда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында да айтылған еді.
Б.Ізмұхамбетов сол отырыс барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың алдында ұлттық құндылықтарымыз – ел ішіндегі тіл мен дінге, ысырапшылдыққа қатысты келеңсіздіктерді мәселе ретінде көтергенін мәлімдеді. Сонымен қатар ТМД елдері Президенттерінің кездесуінде «2025 жыл Жеңістің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрестегі бірлік жылы» деп жарияланғанын тілге тиек етті.
Жиында баяндама жасаған министр Аида Балаева Президенттің тапсырмасына сәйкес, ведомство арнайы жобаны дайындауды бастағанын мәлім етті. Оның айтуынша, бұл құжатта мемлекеттің идеологиялық жұмысындағы мақсат-міндеттер мен басымдықтар айқындалады. Сондай-ақ министрлік тарапынан ведомстволық марапаттарды тапсыру жүйесін реттеу және марапатталғандар тізімін жүргізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. Парламент қарауына ономастика саласы мен қайырымдылық қаражаттарын жинаудың ашықтығына бағытталған заң жобаларының топтамасы ұсынылғаны сөз болды.
А.Балаеваның айтуынша, киноиндустрияны мемлекеттік қаржыландырудың ашықтығын арттыруға бағытталған «е-Кино» бірыңғай мониторинг жүйесі әзірленген. Сонымен қатар елдегі музейлердің виртуалды желісі – «е-Museum» веб-порталы таныстырылады.
Биыл Жеңістің 80 жылдығын мерекелеудің ұлттық бағдарламасы аясында жыл бойы еліміздің барлық өңірінде 2 мыңға жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Жеңіс күні мен Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты концерт ұйымдастырылады. «Қазақ елі» монументі алаңында әскери парад өтіп, ол еліміздің барлық ірі телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
«Батырларға тағзым» порталының қызметі кеңейтілді. 27 наурыздан бастап «Qazaqstan» телеарнасында «Ержүрек есімдер» жобасы іске қосылды. Аталған жоба аясында арна эфирінен соғыс батырлары жайында 80 бейнеролик көрсетіледі», деді А.Балаева
Сонымен қатар «Қазақфильм» киностудиясы өңірлік кинотеатрларда көрсетілетін 19 ұлттық фильмнен тұратын арнайы топтама әзірледі.