• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Теннис 11 Сәуір, 2025

Аустралиядан басым түсті

23 рет
көрсетілді

Жасыл құрлықтағы Брисбен қаласында теннистен Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу сайыстары басталды. Әлем чемпионатына баланған жарысқа жолдама алу жолында Қазақстанның әйелдер командасы Аустралия және Колумбия құрамаларымен бір топқа түсті.

Жарыстың негізгі бө­лігінің жолдамасы тек топ жарған командаға ғана бұйырады. Сол себепті де іріктеу турнирінде жерлестеріміз барынша табысты өнер көрсетуге тиіс. Осы орайда, басты бәсекелесіміз Аустралия құрамасы екенін айта кеткен абзал. Жасыл құрлық өкілдері Билли Джин Кинг кубогінде жеті рет бас жүлдені олжалады. Бұл табыстардың барлығына олар өткен ғасырдың 60-70 жылдары қол жеткізді. Бірақ соған қарап, «қазіргі кезде аталған мемлекетте теннис құлдырады» деген ой туын­дамау керек. Аустралиялықтар әлі де азулы. Кейінгі бес жылда олар Кинг кубогінің финалында екі рет ойнады. 2019 жылы Пертте Франциядан ұтылса, 2022 жылы Глазгода Швейцарияға есе жіберді.

Аустралияның қазіргі бетке­ұстары – Дарья Ка­сат­кина. Күні кеше ғана сол мем­лекет­тің азаматтығын алған 27 жас­тағ­ы ресейлік теннисші WTA турнирлерінде жеті рет топ жарған. Қазіргі кезде үздіктер тізі­мінде 14-орында тұр. Дарья 2018 жылы Уимблдонның ширек финалына, 2022 жылы Ролан Гарростың жартылай финалына дейін жетті. Биыл Аустралияның ашық бірін­шілігінің төртінші кезеңінде күш сынасты. Елдің екінші ракеткасы Кимберли Биррел (WTA №61) Германияда туып-өсті. Тізімде төртінші тұрған Айла Томлянович (WTA №79) Хорватияның тумасы. Жергілікті ойыншылар арасынан Майя Джойнт (WTA №78) пен Оливия Гадецкиді (WTA №98) атап өтуге болады. Олардың барлы­ғы – ТОП-100-дікке еніп отырған теннисшілер.

Дегенмен Брисбенге нағыз бабында бабында барған Қазақстан құрамасы Аустралияны еш қи­налмай ұтты. Юлия Путинцева Майю Джойнтты жеңді – 6:2, 6:1. Елена Рыбакина Кимберли Биррелден басым түсті – 6:3, 7:6 (7:4). Жұптық сайыста Анна Дани­лина мен Жібек Құламбаева Сторм Сандерс/Эллен Перес жұ­бына есе жіберді – 3:6, 4:6. Со­ған қарамастан жалпы есепте жер­лестеріміз жеңіс тойын тойлады.

Енді Колумбияға қарсы ойнай­мыз. Аталған командада жеңіс­пен өрілген бай дәстүр жоқ. Десек те Оңтүстік Америка өкілдері арасынан Камила Осорио (WTA №53) мен Эмилиана Арангоны (WTA №84) атап өтуге болады. 23 жастағы Камила кезінде жастардың «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерінде жеңіске жетіп, әлемдік рейтингте көш бастады. Әйелдер арасындағы WTA додаларында үш мәрте мерейі үстем болды. 24 жастағы Эмилиана да түрлі турнирлерде айшықты өнерімен көзге түсіп жүр.