Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен «Инклюзивті білім беру және қоғам: әдіснама, зерттеу, тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция – елдегі жоғары білім беру мекемелерінің жаһандық ғылыми кеңістікпен өзара ықпалдастығын танытатын айрықша оқиға болды.
Конференция аясында Қазақстан, Канада, АҚШ, Түркия елдерінен келген беделді ғалымдар мен тәжірибелі мамандар бас қосты. Алқалы жиынға Атырау облысы Білім беру басқармасының өкілдері, отандық жоғары оқу орындарының профессорлары, жас зерттеушілер мен болашақ педагогтер қатысты. «Ақпараттың қазіргі қоғамда таралу ерекшеліктерін ескере отырып, менің ойымша, Дайнинг-Крюгер әсеріне сай, көптеген адамдар инклюзивті білім беру мәселесінде өзін сарапшы санайды. Оған қоса, бірнеше айлық онлайн курстан өткен психологтардың көптігі жағдайды күрделендіре түсуде. Сол себепті бүгінгі форумның өткізілуі өте өзекті деп санаймын. Бұл форум ерекше қажеттіліктері бар балалардың инклюзиясына қатысты ғылыми негізделген ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді», деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Директорлар кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Бейбіт Мамраев алғы сөзінде.
Пленарлық отырыс барысында АҚШ-тың Джордж Мейсон университетінің профессоры Фред Бемак, Канададағы Саймон Фрейзер университетінің профессоры Роберт Уильямсон, Түркияның Хаджеттепе университетінің профессоры Ясемин Озкан сынды ғалымдар инклюзивті білім берудің жаһандық тұжырымдамасы, философиясы және әлеуметтік әсері жайлы мазмұнды баяндамалар жасады.
Фред Бемак өз сөзінде жаһандану үдерісі шапшаң жүріп жатқан қазіргі қоғамда әлеуметтік осал топтардың сапалы білімнен шет қалу қаупі жоғары екендігін айтып, инклюзивті білім беру – сол олқылықтың орнын толтыруға бағытталған маңызды қадам екенін баса айтты.
Ал профессор Роберт Уильямсон инклюзия ұғымының әр елде әртүрлі түсіндірілетінін және бұл жағдай халықаралық тәжірибе алмасуға кедергі келтіріп отырғанын тілге тиек етті. Осы бағытта ол «Инклюзивті білім берудің салыстырмалы халықаралық негізі» (CIFIE) атты модельді ұсынды. Бұл тәсіл жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, әмбебап стратегия құруға мүмкіндік береді. «Инклюзивті білім беруді айқындайтын халықаралық келісімдер болғанымен, бұл ұғым мәнмәтіндерде әрқалай түсіндіріледі. Мұндай айырмашылықтар салыстырмалы зерттеулер жүргізуге және нақты жағдайға бейімделген тиімді стратегияларды әзірлеуге кедергі келтіреді. Осы мәселені шешу мақсатында Инклюзивті білім берудің салыстырмалы халықаралық негізі (CIFIE) әзірленді», деп атап өтті Канаданың Саймон Фрайзер (Simon Flazer) университетінің профессоры, доктор Роберт Уильямсон.
Түрік профессоры Ясемин Озкан инклюзивті білім беру – адам құқығының негізгі көрінісі екендігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйе балалардың қандай да бір ерекшелігіне қарамастан білімге бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Конференцияда, сонымен қатар, Канаданың Уэст университетінің профессоры Айгерім Шилібекова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің доценті Зауреш Имжарова, Атырау облыстық білім беру басқармасының мамандары мен университет оқытушылары өзекті тақырыптарда пікір алмасты.
Жиын соңында профессор Роберт Уильямсонға Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Құрметті профессоры» атағы салтанатты түрде табысталды. Бұл – Қазақстан мен Канада арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтудың нақты айғағы.
Халықаралық жиынның секциялық отырыстары әрі қарай да өз жалғасын тауып, зерттеу мен тәжірибе алмасудың жаңа бағыттарын айқындай түсті.