Сан ғасырдан бері келе жатқан Наурыз мерекесі қазіргідей гүлденген заманда әлемдегі алпауыт елдердің астаналарында да тойланып жатқаны сүйсіндіреді.
Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы елшілігі Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан елшіліктерімен бірлесе отырып, Вашингтон қаласында Наурыз мерекесіне арналған ортақ іс-шара ұйымдастырды. Аталған іс-шара аясында қала тұрғындарына аталған елдердің ұлттық музыкасы мен би өнері ұсынылды. Вашингтонда қазақтың «Гүлдер» тобы «Аққу», «Мейрам» билерін, сонымен бірге ұлтымыздың шашу, тұсаукесер рәсімдерін де іс-шараға қатысушыларға көрсетті.
Салты мен дәстүрі бір түркі жұртының ортақ мейрамы ретінде тойланған бұл іс-шара алыстағы Америка жұртшылығының түркі халықтары салт-дәстүрін түсінуіне, сол арқылы Орталық Азиядағы туысқан елдердің ынтымағы мен бірлігін сезінуіне түрткі болды.