Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ақын, қоғам қайраткері, Журналистер одағы Ә.Бөкейхан атындағы сыйлығының лауреаты Бақытжан Тобаяқпен кездесу өтті. Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай жүргізді.
Алғашқы құттықтау сөзді журналистика және саясаттану факультетінің деканы, жазушы Нұржан Қуантайұлы жеткізді. Кештің шымылдығы университет студенттерінің ақын өлеңдерін жатқа оқуымен ашылды. «Билер қайда?», «Мәңгі тілім», «Туған жер көктемі», «Атамекен» сынды өлеңдер көрермен қауымның ықыласына бөленді.
Ақынның замандастары Уәлихан Қайсаров пен Асқар Тәжиев достары туралы естеліктерін айтып, шығармашылығындағы өзекті тақырыптарға тоқталды.
Сұхбат форматында өрбіген кездесуде авторға қызықты сауалдар қойылып, Б.Тобаяқтың өлеңімен қатар, өмірінің сәулелі сәттері, шығармашылығының мазмұнды беттері кеңінен әңгімеленді. Кеш иесі балдырған шағында қазақтың қабырғалы қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов сынды алыптарды көзімен көріп, әдебиетке деген құштарлығы сол кезден басталғанын тебірене еске алды.
Кеш соңында университет ректорының арнайы тапсырмасымен ақынға Л.Н.Гумилев атындағы медаль табысталды.
Асылзат ӘДІЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті