Қадау-қадау ғасырлардан бергі бабалардың үмітін жалғаған көшелі ұрпақтың жаңа заманда ғылым мен білімге ынтызар болуы да заңдылық. Тағылымды жұртпен тереземіз теңесу үшін ең алдымен бізге керегі ғылым. Сол үшін де ұлы Абай «Ғылым таппай мақтанба» десе, оның төл шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы «Ғылымсыз адам – хайуан» деп ашық айтты. Ал осыдан кейін ғылым жолын қумауға қазақ баласының қандай қақысы бар? Жақында Жапонияда жиырма жылдан бері тұрып жатқан Серік Мейірманов сол елдегі Рицумейкан Азия-Тынық мұхиты университетінің (APU) вице-президенті лауазымына тағайындалғанын естідік. Мұндайда бабаларымыз «бөркімізді аспанға атып қуандық» дейді емес пе. Шыны керек, біз де сөйттік. Сөйттік те, Күншығыс еліндегі ғалымға күн құрғатпай құтты болсын айтып, көкейімізде жүрген сауалдарға жауап алдық.
Алаш қаласынан – Жапон еліне...
– Серік мырза, жаңа қызметіңізбен құттықтаймыз! Сізді Семейде дәрігер қызметін атқарып жүрген кезіңізде, сонда зерттеумен келген жапондық ғалымдар әлеуетіңізді байқап, докторантураға шақырған екен. Сол сәтті қайта бір еске алсақ. Жапонияға қалай бардыңыз?
– Көп рахмет. Иә, ол кезді әсте ұмытпайтын шығармын. Ол шақта Семей облыстық ауруханасында жас хирург болып жұмыс істеп, өңірдің денсаулық сақтау мәселелерімен жіті айналысып жүрген едім. Сіз айтып отырған мүмкіндік күтпеген жерден болды. Жапондық ғалымдар Семей өңіріндегі радиацияның ұзақмерзімді әсерлерін зерттеумен айналысып, Семей медициналық университетінде ғылыми жұмыстар жүргізген. Ағылшын тілін білетіндігім септігін тигізген болар, олармен ғылыми жақтан қарым-қатынас орнатудың сәті түсті. Нагасаки медициналық мектебіне докторантураға шақырту алғаным үлкен әрі күтпеген оқиға болды. Бұл шақырту менің еңбегімнің мойындалуы ғана емес, сонымен қатар Семей өңіріндегі денсаулық сақтау мәселесінің маңызын көрсетті. Әрине, қуанышпен қатар үлкен жауапкершілік те сезілді. Бұл мүмкіндік – кәсіби бағытымды ғана емес, жалпы өмірге деген көзқарасымды да түбегейлі өзгертті. Жапониядағы ғылыми зерттеулерден алған білімім мен тәжірибемді елімнің денсаулық сақтау саласына пайдасы тисін деген мақсатпен қабылдадым.
– Жапонияда PhD дәрежесін қорғау жағы қалай болды? Ғылыми диссертацияңызды қандай тақырыпта жаздыңыз?
– Иә, Жапонияда PhD дәрежесін қорғау өте жауапты. Маған академиялық әрі мәдени тұрғыдан көп қиындық кездесті. Алғашқы қиындықтың бірі – тіл кедергісі. Оны еңсеру үшін күн сайын 100 жапон сөзін жаттауға тура келді. Зерттеу ортасындағы талаптар өте жоғары еді: әдістеме, талдау және жаңашылдық деңгейі ерекше қатаң бақылауда болды. Түн ортасына дейін зертханада жұмыс істеген күндерімді де ешқашан ұмытпаспын. Сонымен қатар академиялық мәдениетке бейімделу, яғни жапондық университеттердегі сенпай-кохай (үлкен-кіші) қарым-қатынас жүйесін меңгеру де оңай соққан жоқ. Ғылыми топтағы мінез-құлық нормалары, аға студенттерден қалай кеңес алу керектігі, топтық жұмыстардағы өзара әрекеттесу ережелері – осының бәрін оқу үдерісінен тыс меңгеру қажет еді. Бірақ осы қиындықтың барлығы үлкен тәжірибе әкелді. Диссертациям отандық ғалымдармен бірлескен жоба аясында жазылды. Тақырып атауы – «Қалқанша және сүт безі қатерлі ісігінің жасушалық механизмдері және олардың радиация әсерімен байланысы». Аталған зерттеу аясында еліміздегі онкологиялық жағдайды терең зерделеп, Жапониядағы озық зерттеу әдістерін пайдалану мүмкіндігіне ие болдым. Қиын болғанымен, бұл тәжірибе көп мүмкіндікке жол ашты. Себебі осы арқылы ғылыми зерттеулерге жаһандық көзқараспен қарауды үйрендім.
Халықаралық білімнен көп пайда көрдім
– Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Ғылым жолындағы ұстазыңыз кімдер? Олардан сіз не үйрене алдыңыз?
– Қазақтың бұл нақылы өте терең мағынаға ие деп ойлаймын. Жапонияда докторантурада оқып жүргенімде, ғылыми жетекшім профессор Масаxиро Накашима ғылыми зерттеулердің дәлдігі мен әдістемелік қатаңдығының маңызын үйретті. Ол PhD жұмысым үшін аса қажет болған ғылыми тәртіп пен жүйелілікті бойыма сіңірді.
Елімізде ерекше құрмет тұтатын тұлғаның бірі – профессор Айқан Ақанов. Ол маған медицина және ғылым саласындағы көшбасшылық пен жауапкершіліктің маңызын терең түсінуге көмектесті. Осындай ұстаздардан ашық қарым-қатынастың, өзіңе биік мақсат қоюдың маңызын үйрендім. Әсіресе профессор Ақанов төзімділікті ерекше бағалайтын. Ол кез келген қиындықты сәтсіздік деп емес, керісінше, баға жетпес тәжірибе ретінде қабылдауға баулыды. Сонымен қатар ол бірлескен жұмыстың құндылығын, алған білім мен халықаралық байланыстарды елдің игілігі үшін пайдаланудың маңызын дәріптейтін. Бүгінгі күні осы екі үлкен ұстаздан алған қағидаларды ұстанамын: күншығыста игерген ғылыми дәлдік пен тәртіп, сондай-ақ елімізде бойға сіңірген көшбасшылық, төзімділік пен ынтымақтастыққа деген ұмтылыс кәсіби жолымды қалыптастыруда басты бағдаршам болды.
– Кейін сіз Рицумейкан Азия-Тынық мұхиты университетіне (APU) ауысып, ғылыми және педагогикалық қызметпен айналысыпсыз. Бұл идея қайдан келді?
– Докторантурадан кейінгі зерттеуімді аяқтап, қосымша тәжірибе жинаған соң, қызығушылығым кеңейе түсті. Негізгі ғылыми зерттеулер жүргізумен қатар әлеуметтік денсаулық сақтау (Public Health) және білім салалары ерекше қызықтырды. Бұл бағыттарда медицина (MD) және ғылыми (PhD) білімім маңызды рөл атқара алатынын түсіндім. Осы білім мен тәжірибе арқылы болашақ мамандарды даярлауға, қоғам мен денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қосу үлкен мақсатқа айналды. Дәл сол кезеңде APU-да Әлеуметтік денсаулық сақтау менеджменті (Public Health Management) бойынша жаңа магистрлік бағдарламаға оқытушы іздеп жатыр екен. Рицумейкан Азия-Тынық мұхиты университеті әлі қалыптасу кезеңінде болса да, оның басты миссиясы – жаһандық көшбасшыларды даярлау, аймақтың мәдениеті мен өзекті мәселелеріне басымдық беру еді. Бұл идея мені ерекше қызықтырды, өйткені өзім де халықаралық білімнен көп пайда көрген адаммын. Бұл қызмет менің ғылыми қызығушылығым мен тәжірибемнің тоғысқан нүктесі деп шештім. APU-дағы бұл орынға үміткерлер көп болды, себебі университеттің динамикалық және халықаралық ортасы көптеген талантты ғалымдарды қызықтырды. Сондықтан бұл мүмкіндікті шын мәнінде жоғары бағаладым. APU-ға ауысу халықаралық тәжірибем мен ғылыми негізімді білім саласында пайдалануға мүмкіндік берді.
– Сіз осыдан бұрын аталған университетте декан міндетін атқарыпсыз. Жапония университеттерінде жоғары лауазымдарға немесе атқарушы қызметтерге, мысалы, декандыққа үміткерлер арасында бәсекелестік күшті ме? Мұндай лауазымға қойылатын негізгі талап қандай?
– Иә, Жапония университеттерінде, соның ішінде декан немесе вице-президент сияқты жоғары басшылық лауазымдарға ие болу – бәсекені талап етеді. Бірақ атқарушы қызметтерге үміткерлерді бағалау тек ғылыми жетістіктермен шектелмейді. Әсіресе мен жұмыс істеген Рицумейкан Азия-Тынық мұхиты университеті (APU) сияқты ерекше көп мәдениетті ортада қосымша факторлар үлкен рөл атқарады.
APU-дың студенттері мен оқытушылары әлемнің түкпір-түкпірінен келгендіктен, мұнда мәдениетаралық көшбасшылық және коммуникация, әкімшілік басқару және стратегиялық көзқарас, көпмәдениетті педагогиканы түсіну, келісімге келу және ынтымақтастық, университет миссиясына адалдық сияқты факторларды құрайды. APU-дың білім философиясын терең түсіну, оны дамытуға шынайы ықылас білдіру – басшылық қызметке қойылатын негізгі талаптардың бірі. Жалпы, академиялық біліктілік – тек іргетас. Ал көшбасшылық лауазымдарға үміткерлерден күрделі, халықаралық және көпмәдениетті оқу орнын тиімді басқаруға қажетті әкімшілік, коммуникативтік, стратегиялық және мәдениетаралық дағдылардың үйлесімін талап етеді.
– Сіз ұзақ уақыт шетелде тұрсаңыз да, еліміздің ғылыми қауымдастығымен байланысыңызды үзбей келесіз. Біздің ел ғылымы дамыған мемлекетке айналу үшін қандай қадам жасауы керек?
– Бұл арада еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі жүргізіп отырған маңызды жұмыстарды атап өткен жөн. Олар ғылыми зерттеулер мен жоғары білімді дамыту бағытында бірқатар ауқымды бастаманы қолға алып жатыр. Оның ішінде келесілерін ерекше атап өтуге болады. Қаржыландыруды арттыру және тұрақты ұстау – Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған ұзақмерзімді, тұрақты қаржыландыру көлемін мемлекеттік және жеке секторлар арқылы айтарлықтай ұлғайту.
Ғалымдарды қолдау, оларға бәсекеге қабілетті жағдай жасау, сапалы PhD және постдокторантура бағдарламаларына инвестиция құю, сондай-ақ, «мидың айналымын» (brain circulation) ынталандыру арқылы таланттарды дамыту және елде тұрақтандыру да өте маңызды. Ал инфрақұрылымды жаңғырту – озық зертханаларға, заманауи жабдықтарға, халықаралық ғылыми дерекқорлар мен журналдарға қолжетімділікті кеңінен қамтамасыз етудің жөні өз алдына. Ғылымды интернационализациялау – еліміздің әлемдік ғылыми желілерге терең интеграциялануын күшейту және стратегиялық халықаралық әріптестіктерді дамытуға да баса назар аударылғаны абзал. Бұл қадамдар өте маңызды. Алайда ғылымы дамыған елге айналу үшін жүйелі, стратегиялық қадамдар қажет. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, еліміз ғылыми әлеуетін одан әрі нығайту үшін осы бағыттарға ерекше назар аударуы керек.
Мен үшін ерекше оқиға
– Жапондық ірі университетте вице-президент болып тағайындалуыңыз бәріміздің мерейімізді өсірді. Осыны сізге хабарлағанда қандай күй кештіңіз?
– APU университетінің академиялық істер жөніндегі басшысы ретінде жоғары қызметке тағайындалғаным туралы жаңалықты естіген сәт мен үшін де ерекше жағдай болды. Ең алдымен, университет басшылығы мен қауымдастығының маған артқан сеніміне сүйінішпен қарадым. Сонымен қатар зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын сезіндім. Бұл жауапкершілік студенттер, оқытушылар, университеттің миссиясы мен осы лауазымнан күтілетін жоғары стандарттарды сақтау міндетімен байланысты екені анық. Ең маңыздысы, жапондық жоғары білім жүйесінде басшылық қызметке тағайындалған қазақ ретінде бұл оқиғаның белгілі бір рәміздік мәнге ие екенін түсінемін. Аталған жағдай жаһандық академиялық кеңістікте еңбекқорлық, кәсібилік және адалдықта ешқашан шет-шекара болмайды деген танымды растағандай болды. Бұл жеке мақтаныш сезімі ғана емес, сонымен бірге Қазақстанды осындай дәрежеде таныту және басқаларға жігер беру мүмкіндігі деп ойлаған дұрыс.
– Жапон және қазақ ғалымдары арасындағы байланысты нығайту үшін қандай жоба жүзеге асуы керек? Осыған сіз ғалым ретінде қандай үлес қоса аласыз?
– Шын мәнінде, Қазақстан мен Жапония ғалымдары арасындағы ынтымақтастық белгілі деңгейде қалыптасқан. Жалпы, жапон жұртынан үйренеріміз көп. Бұған нақты мысал да бар. Мысалы, инженерия немесе материалтану салаларында. Жеке ғылыми байланыстарды нығайтуға аз да болса үлес қосып келемін. Соңғы жылдары ондаған отандық медицина саласының студенттері мен зерттеушілері Жапонияға келіп білім алуына және тәжірибеден өтуіне атсалыстым. Сонымен қатар жапондық ғалымдар, оқытушылар және университет басшыларын Қазақстанға барып, ынтымақтастықты дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға көмектестім. Алдағы уақытта екі елдің арасындағы ғылыми байланысты жүйелі дамытуға атсалыса беремін.
Әңгімелескен –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»