• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Сәуір, 2025

Ұяттың «құны»

212 рет
көрсетілді

Қазақ қоғамында салтанатты іс-шаралар – өмірдің ажырамас бөлігі. Қыз ұзату, үйлену тойы, шілдехана, мерейтой, жаназа секілді рәсімдер дәстүрлі мәдениетіміздің терең қабатынан тамыр тартады. Алайда кейінгі жылдары бұл салт-дәстүрлер мәдени құндылық қана емес, үлкен қаржылық ауырт­палық көзіне айналды. ҚБТУ түлегі, экономикалық зерттеуші Дарина Мамырова осы тақы­рыпты терең зерделеп, «ұят болмасынның» қанша теңге тұра­тынын анықтапты.

Автор отбасылық рәсімдерге кететін шығын­дардың көлемі мен оның елдегі тұтыну­­шылық несиеге әсерін талдап, отандас­та­рымыздың қар­жылық мінез-құлқына қатысты жаңаша көзқарас ұсынады.

Зерттеу деректері ойландырады: қыз ұзатуға орта есеппен – 1,7 млн теңге, үйлену тойына – 1,68 млн теңге, жаңа үй немесе көлік алғандағы дастарқанға – 1,04 млн теңге, мерейтойға – 834 мың теңге, жаназа рәсіміне – 820 мың теңге, ал сәбидің дүниеге келуіне 523 мың теңге жұмсалады. Осылайша, бір отбасы жылына орта есеппен 1 млн теңгеден астам қаражатты салтанатты іс-шараларға жұмсайды. Бұл – қаншама отбасы табысының 30-40%-ын құрайтын сома.

Дарина Мамырованың зерттеуінше, эконо­микалық тұрғыдан сауатты азаматтардың өзі «ұят болмасын» деген түсінікпен үлкен қарыз­ға барады. Бүгінде елімізде ересек тұрғын­дардың 84%-ының несиесі бар. 1,7 млн адам несиесін уақтылы төлей алмайды. 2023 жылдың наурызынан бастап 77 мың адам жеке тұлға ретінде банкрот болуға өтініш білдірген.

Ахуалдың түп-төркіні – «ұят болады» деген санада. Көп жағдайда адамдар нақты қаржылық жағдайына емес, айналаның сөзіне қарап әрекет етеді. «Көршімен тең болу», «елден қалмау», «абырой сақтау» сынды түсінік көптеген отбасыны қарызға батырып, қаржылық күйреуге ұшыратып отыр деген байлам жасайды автор.

Жастар салт-дәстүрді құрметтегенімен, оның арты ауыр қаржылық салмаққа айналғанда, ондай дәстүрден іштей алыстай бастайды. Олар ата-анасының несиеге белшесінен батып, шілдехана мен құдалық үшін дүние-мүлкін сатқанын көріп өсті. Соның салдарынан «дәстүр» сөзі кейде «қысым» деген мағынаға ие болады дейді ол.