Алматыда өткен «Таза Қазақстан»: табиғат пен ұлттың бірлігінде» атты экологиялық-мәдени форум – қазіргі қазақ қоғамының табиғат пен елдік сананы ұштастыруға деген ұмтылысының айқын көрінісі. Бұл – дәстүрлі сенбілік немесе экологиялық акция ғана емес, табиғат пен адам арасындағы байланысты қайта жаңғыртып, ұлттық болмысты жаңаша пайымдауға жол ашқан қоғамдық құбылыс.
Экологиялық сана дегеніміз – ағаш отырғызу мен қоқыс жинаудан әлдеқайда кең ұғым. Ол – қоғамның өзін-өзі тәрбиелеуі, болмысын байыптау, ұрпаққа қалдырар саф табиғат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы – осы тәрбиенің жарқын мысалы дер едік.
Айтулы мәдени іс-шараны ұйымдастырған «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев форумда сөйлеген сөзінде биыл дәл бір жыл болған «Таза Қазақстан» акция шын мәнінде ел көлемінде ұлттық сипат алып үлгергенін жеткізді.
«Таза экология – бұл ұлттың денсаулығы мен болашағы. Табиғатты қорғау арқылы біз ұлттық болмысымызды, ұрпағымыздың амандығын сақтап қаламыз. Бұл – әр азаматтың ортақ парызы», деді партия төрағасы.
Экологтың бұл сөзі іс жүзінде қоғамдық санада жаңғырып, елдің әр түкпірінен жиналған азаматтардың іс-әрекетімен дәлелденді.
Аталған іс-шарада Наурыз мерекесі тойланды. Яғни, бұл экологиялық акция емес, ұлттық мәдениетті табиғатпен ұштастыра отырып, халықтың жүрегіне жол тапқан шара болды. Онда асық ату, ханталапай, арқан тартыс сынды ұлттық ойындар, қолөнер көрмесі мен шеберлік сабақтары, сондай-ақ театрланған көріністер мен халық әндері – барлығы табиғат пен дәстүрдің үндестігін паш етті.
Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдерінің сөзі де елдің рухын көтерді. Аңыз ақын Мұхтар Шаханов пен қоғам қайраткері Асылы Османның табиғатқа құрмет пен ұлттық сана туралы ойлары жиналған жұртшылыққа ерекше әсер етті.
Аңыз адам Мұхтар Шаханов өзіне жабылған шапанды Азаматхан Әміртаев бауырына ағалық құрметпен жауып, ізгі тілегін жаудырды. Керемет оқиғаның куәгері болған шетелдік қонақтар мен шараға қатысушылар інінің ағаға, заманының заңғар тұлғасының інісіне құрметін көріп, ықылас тілеулестігін аямады.
«Бұл – құрмет пен ағалықтың, ұлттық рух пен парасаттың жарқын көрінісі. Шахановтың бұл әрекетін нағыз ағаға тән ұлылық. Шапан жабу – жай ғана дәстүр емес, ол аманат пен сенімнің белгісі», деді қоғам қайраткері Асылы Осман.
Былтыр басталған «Таза Қазақстан» акциясы бүгінге дейін ел көлемінде 6,2 миллион адам қатысып, ел тарихындағы ең ауқымды экологиялық іс-шара болып тарихта қалды. Нәтижесінде 1,1 миллион тонна қоқыс жиналып, 1,6 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Ал заңсыз 4 800 қоқыс алаңының 91 пайызы жойылды. Telegram желісіндегі @TazaQazBot арқылы 10,7 мың өтініш түсіп, соның 9,7 мыңы шешімін тапты. Бұл – ел азаматтарының табиғатқа деген көзқарасы өзгеріп келе жатқанының дәлелі.
Іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолияның жасылдар партиялары мен Орталық Азия және Еуропа елдерінен келген ресми өкілдердің қатысуы – «Таза Қазақстан» бастамасының халықаралық деңгейге көтерілгенін аңғартады. Бұл – Қазақстанның тек өз шекарасында ғана емес, жаһандық экологиялық жауапкершілікке де атсалысып отырғанын білдіреді.
Бүгінгі таңда табиғатты қорғау – саясат емес, парасат. Бұл – білім мен сананың, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің, ұлттық мәдениет пен өркениетті дамудың тоғысқан тұсы.
«Таза Қазақстан» – бір күндік сенбілік емес. Бұл – тұтас өмір салтына айналуға тиіс. Сондықтан бұл бастама – ұлттың өзін-өзі қайта тану жолындағы бірегей қадам. Табиғатқа құрмет – өзіңе құрмет. Ал «Таза Қазақстан» – сол құрметті нақты әрекетпен көрсететін жаңа буынның тынысы, жаңа дәуірдің лебі.