Кәсіптің көзін тауып, табысты болуға талпынған жанға осы күні мүмкіндік мол. Соның бір дәлелі – жақында Ұйғыр ауданында ашылған пластик жәшік өндіретін өндірістік цех. Кәсіпорын қайта өңделген шикізаттан сапалы өнім жасап, жылына 600 мың дана жәшік шығаруға қауқарлы. Жобаны жүзеге асыруға 50 млн теңге инвестиция салынып, 10 жаңа жұмыс орны ашылды.
Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны өнімнің беріктігі мен экологиялық тазалығын қамтамасыз етеді. Жәшіктер халықаралық стандартқа сай құйылып, барлық тасымалдау және сақтау талаптары қатаң сақталады. Қазіргі өндірістік қуаты ауданның жәшікке деген қажеттілігінің 50 пайызын өтейді. Кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін 2 есе арттыруды жоспарлап отыр. Жаңа құрылғылар орнатылып, жылдық өнім көлемін 1,2 млн данаға дейін ұлғайту көзделген. Жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, пластик қалдықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.
Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова жаңа өндірістің ашылуы өңір экономикасын дамытуға зор үлес қосатынын атап өтті.
«Бұл кәсіпорын – ауданымыз үшін маңызды бастама. Біріншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылды. Екіншіден, өңіріміздегі өнеркәсіп саласы дамып, пластик қалдықтарын қайта өңдеу арқылы экологияға да оң әсер етеміз. Болашақта осындай өндірістер саны арта береді деп сенеміз», деді аудан әкімі.
Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы Қарадала өңірінің өнеркәсіптік әлеуетін арттырумен қатар, жас кәсіпкерлерге үлгі де болары анық.
«Топырағы құнарлы ауданымызда жеміс-жидектің, әсіресе сары өріктің сан түрі төгіліп жеміс береді. Өзімнің де өрік өсетін ауқымды бағым бар. Науқан кезінде жаңа піскен жемісті жинап, өткізуге керек жәшіктерді көршілес Ресей, Қытай, Қырғызстаннан сатып алып жүрдік. Сол себепті, осы өндірісті зерттей келе, ауданымыздан қарапайым жәшік өндіретін цех ашуға бел будық. Күзгі жиын-терін уақытында сапалы әрі экологиялық таза өнімге сұраныс еселеп артады. Енді сырттан тасып әуре болмай, жиын-терімге керек жәшікті өзімізде өндіріп, қажеттілікті өтеуге күш жұмылдырамыз», дейді «Аттила-әл Фараби» ЖШС жемістер мен көкөністерге арналған пластикалық жәшіктер өндіру цехының басшысы Әлімжан Әшімов.
Алматы облысы