• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Білім 27 Наурыз, 2025

Экомәдениет мектепте қалыптасады

50 рет
көрсетілді

Елімізде жыл сайын 4,5 миллион тонна қоқыс жиналады. Ал оны қоршаған ортаға мейлінше зияны тимейтіндей етіп сұрыптау үшін «Таза Қазақстан» акциясы аясында бір­қатар жұмыс атқарылып жатыр. Жақын­да елордадағы Білім инновация лицейінде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларының экологияны жақсартуға арналған ғылыми ­жобаларымен танысты.

Дарынды оқушылар экожобалар көрмесінде өздерінің ғылыми жұмыстары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мәселен, Әлімхан Ермеков атындағы №98 мектеп лицейінің 10-сынып оқушысы Әмина Ғұмырбек орман өртінің алдын алуға көмектесетін дрондарды таныстырды.

«Жобамның атауы – «FeuSol». Бұл дрондық жүйе орман өртіне мониторинг жүргізіп, өрттің алдын алуға және оны өшіруге бағытталған. Сонымен қатар бұл дрон орманда жоғалған адамдарды тауып, заң бұзушыларды анықтауға көмекте­седі. Одан бөлек, шағын аумақтар­ға, саябақтарға интернет таратып, «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың қозғалысын бақылайды. Мен осы жобамды Вьетнамда өткен халықаралық байқауда таныстырып, жүлделі екінші орын алдым», деді Әмина Ғұмырбек.

Ал Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің 5-сынып оқу­шы­лары Нұрбақыт Ермекұлы мен Айзат Шая­х­мет Есіл өзенінің эко­ло­гия­лық жағдайын жақсартуға бағыт­тал­ған жоба­ларын көпшілік назарына ұсын­ды. Қазіргі таңда өзен жылына бір рет қана тазаланатындықтан, оқу­шы­­лар оны жылына 5-6 рет тазарту қа­жет екенін алға тартты. Сонымен қа­тар қорғаныш темір торлар орнату ар­қы­лы қоқысты азайтуға болатынын дәлел­деді.

Жиын барысында мектепке плас­тик бөтелкелерді қабылдайтын фондамат пен қоқыс сұрыптауға арналған экобокс­тар қойылды. «EcoQolday» жүйесінің көмегімен оқушылар қалдықтарды дұрыс кәдеге жаратып қана қоймай, экологиялық конкурсқа қатыса алады. Жезқазған мек­тептерінде қағаз, шыны және плас­тик жинауға арналған экобокс­тар орна­тылып қойған және бұл тәжірибе жақын арада Астананың бар­лық мекте­біне таратылмақ. «EcoQolday» жүйесі ая­сында ең көп қайта өңделетін материал тапсырған мектептер арнайы жүл­де­лермен марапатталады.

–  «Таза Қазақстан» акциясының мәні мен маңызы өте зор. Оның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Біз жыл сайын елімізде 4,5 миллион тонна қоқыс жиналатынын ескерсек, бұл мәселенің қан­шалықты өзекті екенін түсінеміз. Күнделікті өмірде қолданатын зат­тардың қалдықтары, пластиктер, қағаздар, түрлі қаптамалар дұрыс сұрыпталмаған жағдайда қоршаған ортаға орасан зиян тигізеді. Бүгінгі кезде­суде оқушылар экология сала­сын­дағы инновациялық жобаларын таныс­тырып, өз ойларын ортаға салып жатыр. Бұл – өте құптарлық жағдай. Бірақ жас өнертапқыштар мен оқушылардың ғылыми-зерттеу еңбектері тек мектеп деңгейінде қалып қоймай, өндіріске енгізілуі тиіс. Биылғы көктемде министрлік мектептерге көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге арнайы көшеттер бөл­ген еді. Алдағы уақытта бұл бастама жал­ғасын тауып, еліміздің түкпір-түк­пірінде экологиялық жобалар жүзеге асы­рыл­мақ, – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.