• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Наурызнама 21 Наурыз, 2025

Ақшаңқан үйлер – берекенің белгісі

75 рет
көрсетілді

Құлжа күрежолының бойында орналасқан Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Балтабай ауылының тұрғындарының ерекше кәсіптің көзін ашып, тамырына қан жүгіртіп отырғаны сонадайдан аңғарылады. Ауылды қақ жарып жатқан қара жолдың бойында қаздай тізілген қазақ үйлер көзге жылы ұшырап, менмұндалайды. Жуырда ынтымағы ұйысқан ісмерлер ауылына арнайы атбасын бұрып, кәсіп иелерінің тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түскен еді.

Біз табалдырығын аттаған тұр­ғын үйдің ауласында екі үйдің кере­гесі керіліп, шаңырағы көтеріл­ген. Ауладағы ер азаматтар темір­ден түйін түйетін шеберлер көрі­неді. Бірі – шаңырақты дәнекер­леумен айналысса, енді бірі – уықта­рын иіп жатыр. Тағы бірі, дайын өнімді қызыл түске бояп, әрін кір­гізеді. Байқағанымыздай, бір сәт дамыл таппайтын шеберлердің қолы­нан шыққан үйлер ағаштан емес, темірден құралады екен. Ал аумағы 180 шаршы метр кірпіштен қаланған шеберхана ішіндегі тігін машиналардың тұтқасында отырған әйелдерде, тіпті тыным жоқ. Орам маталарды тарқатып, пішіп, кесіп, қиюын келтіре тіккен іс-қимылдарына қарап тұрып, «сау­сақ бірікпей, ине ілікпейді» деген даналық ойға оралды.

«2012 жылы Құлжадан ата­қонысқа көшіп келдік. Алғашқы жылдары күнкөріс қамымен әр істің басын шалдық. Мал да бақтық, жалданып жұмыс та істедік. Уақыт өте қолдан келер кәсіппен айналысуды жөн санап, осы іске тәуекел еттік. Себебі киіз үй – ата-бабамыздан қалған мұра. Сондықтан өзіміздің қанымызға сіңген кәсіпті бастап кеткелі төртінші жылға аяқ басты. Бастапқыда 10 үйді жасап көрдік. Өте сәтті шыққан өніміміз өтімді болып, бірден өз иелерін тапты. Содан бастап істің тиегі ағы­тылып, алға қарай адымдап келе­міз. Бұған елдегі кәсіпкерлікті қол­дауға арналған мемлекеттік бағдар­ламалардың жүзеге асуы, сондай-ақ, туризмнің өріс алуы үлкен ой салды. Байқасақ, біз жасап жатқан киіз үйлерді Қытайдан тасымалдайтындар көбейген екен. Соны зерделей келе, «мұны неге өзіміз жасап, саудаламасқа?» деген ниетпен білек сыбана кірісіп кеттік», дейді жеке кәсіпкер Талғат Қанапия.

Елімізде  шағын және орта бизнес­тің өркендеп, туризм саласының соны серпін алуының арқасында киіз үйлерге деген сұраныс арта түскенін тілге тиек еткен кәсіпкер осы күні қарамағында 12 адам тұрақ­ты еңбек етіп жатқанын алға тартты. Ал жазғы маусымда жұмыс қызып, мұнда еңбек ететін ісмерлер саны да еселене түседі.

Кәсіпкердің ісін ілгерілетуде арқасүйер ағайын-туыстың ынты­мақ-бірлігі мен тірлігі ұйысып, кідіріссіз жұмыс істеуге дем беріп отырғаны айрықша аталды.

Тарқатар болсақ, үйдің шаңыра­ғын дәнекерлейтін шебер Жасан Нақысбек, керегесін құрастыратын ағайынды Жасан мен Сайран Сұлтанбайлар, уық иетін Нұрбек пен Әтікей Дәулетбайлар, бояушы Нұрбол Әділбек, Кәмнұр Керімбек сынды қолөнер шеберлерінің ширақ қимылдап, өнімді еңбек етулерінің нәтижесінде үш күнде бір үйдің қаңқасы құралады.

«Алғашқы жылы 10 үй, одан кейін­гі жылы 70 үй жасадық. Келесі жылы киіз үйдің санын 300-ге жет­кіздік. Былтыр 380 үй құрастырыл­ды. Биыл жыл басынан бері 50 үй жасап, өткіздік. Өнімді өткізу де әлеуметтік желілердің көмегі орасан зор. Қолымыздан шыққан үйлер еліміздің барлық өңірлеріне таралады. Әрісі еліміздің батысы мен берісі Алматы облысының ту­рис­тік аймақтарына жөнелтіледі. Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 50 үй, былтыр қарғын су басқан аймаққа 20 шақты үйді жеңілдетілген бағада жібердік. Үйлердің үлкен-кішісі көбінесе тапсырысқа қарай жасалады. Темір­ден құралатын киіз үйге қажет материалдардың дені отандық өнім­дер», дейді кәсіп иесі.

Төрт, алты, сегіз қанатты, одан да үлкен үйлердің ең кішісі құрал-жабдығымен қосқанда 250–300 кило салмақта болатынын тілге тиек еткен Талғат Қанапия, темір үйлердің жиналмалы әрі тасымалдауға қолайлы екенін атап айтты. Оған қоса, ағаш үйге қарағанда жасалуына аз уақыт кететін көрінеді. Бұл үйлердің үзік­тері жауын-шашын мен ыстық-суық­қа төзімді келетін бес  қабатты матадан тігілетінін де таныстырып өтті.

Отбасылық кәсіпті ұршықша иіріп отырған жұбайы Гүлжанат Дәулетбай осы істі ұйымдастырушы әрі тігін цехының бас маманы саналады. Төңірегіне ауылдың ісмер әйелдерін топтастырып, тиянақты жұмыс істеуге төселген. Кәсіп ашылғалы тігінші болып, еңбек етіп келе жатқан Нұрсапа Құпиян, Бибінұр Батан, Нұржамал Әділбек, Гүлсерік Тасболат, Сайрагүл Са­быр­жан сынды шеберлер үйдің үзігі, түндігі, туырлығы сынды жабдық­тарын тігумен айналысады.

«Ауылымыздан қолдан келер кә­сіп ашылғанына бәріміз қуан­дық. Алысқа сабылмаймыз, еңбек­ақымызды уақтылы аламыз. Әр үй толық жасалып шыққан сайын қуанып, қуаттанамыз. Өйткені ол, осындағы адамдардың еңбегінің жемісі», дейді ісмер Нұрсапа Құпиян.   

Алақандай ауылда тіршілігін дөңгелетіп, кәсібінен  нәсібін ажыратып қана қоймай, бірнеше адамды еңбекпен қамтып отырған кә­сіпкердің ендігі мақсаты – кәсібін кеңейту. Бұл орайда жерінің тарлығы байқалады. Себебі үй ауласындағы құрылыс материалдарынан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тіпті да­йын болған кереге, уықтарды көшеге шығарып, сырлап жатқанын көрдік. Құбырларды кесіп, дәнекерлеп, сырлап, жинаудағы әрекеттері кей­де көрші-көлеңге де жақпай қала­тынын жасырмаған кәсіпкер Талғат Қанапия өндіріс орнын ұлғайтып, тапсырысты көбейтуде жер бөлінсе деген ұсынысын айтып, ауылдық әкімдікке құлаққағыс жасап жатыр.

Отбасылық кәсіптің басы-қасын­да жүрген ұлы Ұлан Қанапияның да қосар үлесі аз емес. Ол дайын үйлерді өткізуге, жеткізуге атсалысып келеді.

Киіз үй өндірісін осылайша табысты кәсіпке айналдырған Талғат Қанапия «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясын­да 3 млн теңге көлемінде жеңіл­детілген несие алғанын айтты. Ол қаражатқа заманауи жабдықтар сатып алып, кәсібінің керегесін кеңейткен. 

«Бағдарлама туралы естіген сәт­те бірден кәсіпті кеңейту жоспары пайда болды. Бүгінде өнімімізге сұраныс жоғары. Әсіресе фермерлер мен туристік нысандардан тапсырыс көп түседі. Киіз үй – ұлттық құндылық. Оны заманауи үлгіде жасап, нарыққа бейімдеу – басты міндетіміз. Киіз үйді әртүрлі мақсатта пайдалануға болады. Жазда саяжайға қойса, қыста қосымша баспана ретінде қолдануға мүмкіндік бар. Соңғы жылдары экотуризмнің дамуымен қатар, демалыс орындарында киіз үйлерге сұраныс артты. Киіз үйдің ерекшелігі – жазда салқын, қыста жылы. Бұл – ата-бабамыздан қалған құнды мұра. Біздің ауылымызда да бұл кәсіппен айналысатын бірнеше кәсіпкер бар. Олардың басым бөлігі «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен кәсібін кеңейтіп, өндіріс қуатын арттырды», дейді кәсіпкер.

Киіз үй өндірісінде ұлттық на­қыш пен заманауи технологиялар үйлестірілген. Отандық нарықтан бөлек, шеберхана өнімдеріне шетел­дік туристік базалар тарапынан да сұраныстың арта түсуі – Балтабай ауылындағы киіз үй өндірісінің өрісі кеңейіп қана қоймай, ұлттық құндылығымызды дәріптеуге де орасан зор үлес қосып отырғанын айғақтай түседі.

 

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы