• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Еңбек 13 Наурыз, 2025

Білікті маман – ұжымның беделі

67 рет
көрсетілді

Жаны нәзік демесеңіз, әйел баласы қоғамның қай саласында да ерлермен иық тірестіре еңбек етіп келеді. Темірдей тәртіп орнаған мекемеге жып-жылы шуақ сыйлап жүретін де солар. Айналамызда мұн­дай қайсар ханымдар аз емес. Ұзақ жыл бойы кеден саласында табысты еңбек етіп жүрген Бибігүл Тұрысбекқызының өмір өне­гесі сан сынақтан сүрінбей өтіп, жігері мұқалмаған қайратты жанның жарқын үлгісін көз алдымызға әкеледі.

Еңбек жолын жоғары оқу орнында мұғалім болып бастаған кейіпкеріміздің кеден саласына келуі кездейсоқ емес. Тағдыр қосқан серігі Болат Мұсабековтің жұмыс бабымен шекара шебіндегі Достық бекетіне қоныс аударып, қалалық жайлы өмірді артқа тастаған ерлі-зайыптылар арманға бірге қанат қаққан. Болат – кеден инспекторы, Бибігүл мектепке мұғалім болып орналасты. Айсұлу мен Жүсіп есімді ұл-қыздары өмір есігін ашты.

Ол кезде Қытай шекарасына жақын стансаға кедендік инс­пектор болып қызметке тұрған жас маманды алда қандай сынақ күтіп тұрғаны беймәлім еді. Өмірге құштар азаматтың арманы Достық-Үшарал тас жолындағы қарлы боранда үзілді. Қапияда жарынан айырылу Бибігүлге үлкен соққы болды. «Қайғыны көтерген адам шыңдалады» дегендей, келер күннен үміт үзбеген ол шиеттей екі баласының болашағы үшін күйеуінің жұмысын жалғастыру­ға бел буды. 2002 жылы кеден саласындағы жа­уапкершілігі мол жұмысқа кірісті. Сол сәттен бастап оның өмірі жаңа арнаға түсті.

«Өткен күндердің елесін шолып өткенде, көңілге көп ой оралады. Басқа түскен сынақ адамды қайраттандырады екен. Өкпек желдің өтінде жүріп, алға ұмтылдым. Құладым, қай­та тұрдым. Құдай адамға кө­тере алмайтын сынақ бермейді дегені рас екен. Азаматымның ошағын өшірмей, ұл-қызын аяқтандырып, адал еңбегімнің жемісін көріп отырмын», дейді Бибігүл Тұрысбекқызы.

Достық стансасындағы жұмысын 2012 жылға дейін жалғастырып, сол жылы кеден қыз­меті қайта ұйымдастырыл­ған тұста Алматы облысы бо­йын­ша мемлекеттік кірістер де­пар­таментінің бас маманы қызметіне кірісті. Еңбегі жанған білікті маманды әріптестері мен ортасы өз ісінің білгірі ретінде құрметтейді. Қызмет жолы 2013 жылы Қорғас кеденінде бас маман, кейіні­рек «Қорғас-Шығыс қақпасы» халықаралық ынтымақтастық орталығында, Қалжат кеден ­бе­кетінде жалғасын тапты.

Шекара шебінде еңбек ету үлкен күшті қажет етеді. Қажыр-қайратың мен денсаулығыңды да сарп ететін сәттер аз емес. 2022 жылы Алтынкөл кеден бекетін­де қызмет атқарып жүргенде ­Би­бігүл Тұрысбекқызы ми арте­рияларының тромбозынан инсульт алды. Бұл оған ауыр сынақ болды, бірақ мықты ерік-жігері мен отбасының қолдауы оған дем берді. Сырқатынан айығып, сүйікті жұмысына қайта оралды. Бүгінде Жетісу облысындағы «Алтынкөл жол» кеден бекетіндегі қызметін жалғастырып жатыр.

Өз ісіне жанымен берілген маман ұзақ жылғы еңбегінің арқасында зор құрметке ие болды. Кеден органдарындағы 10, 20 жыл мінсіз қызметі үшін медальдарымен, кеден қызметінің 30 жылдығына арналған мерей­тойлық медальмен, сондай-ақ «Офицердің анасы» медалімен марапатталды. «Ең үлкен еңбек – ұрпақ тәрбиесі» деген ана балаларының өмірден өз жолын тапқанына қуанады. Бүгінде қызы Айсұлу Алматыдағы Қытай банкінде жетекші аудитор болып еңбек етсе, ұлы Жүсіп Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласында, капитан шенінде жұмыс істейді.

Мықты маман – қай ұжым­ның да мақтанышы. Қуатты құрылымның тыныс тіршілігін терең сезінетін Бибігүл Тұрыс­бекқызына ел игілігі жолындағы еңбегіңіз елене берсін дейміз.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар