• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Тұлға 05 Наурыз, 2025

Дарабоз ақын

70 рет
көрсетілді

Қадыр Мырза Әліні көрнекті ақын деуге әбден болады. Жырламаған тақырыбы жоққа тән. Қай тақырыпты жырласа да, жеріне жеткізетіні соншалық, жан дүниеңді жадыратып, ой жетегіне үйіре түседі. Сөйтіп, өмірге құштарлық сезіміңді оятады.

Қадыр 11 жасынан бастап өлең жаза бас­таған деседі. Ақынның алғашқы жыр жина­ғы 1959 жылы «Көктем» деген атпен жарық көреді. Шы­ғармашылық жолын балалар­­­ға арнап жыр жазудан бастаған ақынның «Ноян – Қоян», «Жаңғалақтар», «Балауса» сияқ­ты жыр жи­нақтары жұртшылыққа мәлім. Мәселен, ақын:

«Ойнадым, ойнадым,

Ойынға да тоймадым»,

деп басталатын өлеңінде ойынның алуан түрін өлеңге қосады.

Ақын бойындағы ақыл мен сезім сырлары өзара астасып, жымдасқанда ғана жыр шумақтары өзінен-өзі есіле түседі. Міне, Қадыр Мырза Әлі поэзиясының негізі осында. Оның кез келген өлеңі ақыл мен сезімге, ойға құрылған. Сон­дықтан да нағыз философ ақын, бала­лар поэзиясының ірі тұлғасы дей аламыз.

Расында да, қаламгерлердің көбі балалар тақырыбына бара бермейді. Өйткені балаша ойлау, сөйлей білу кез келген ақынның қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен талғам мен биік пайым, шынайы сезім керек. Бұлар – ақын бойында тұрған игі сипаттар. Мәселен, «Шетелдіктерге қазақтарды таныстыру», «Уа, менің жалпақ далам», «Бір жақсысы, бір жаманы», «Нағыз қазақ – домбыра», «Ана тілін біліп қой», «О, Отырар, Отырар» деген сияқты т.б. өлеңдері лиризмге тұнып тұр. Орта Азия халықтарының ынтымақ, бірлігіне арнайы жазылған «Алақан» атты өлеңдер жинағында:

«Тарайды арғы атамыз алты арыстан,

Біріне біреуінің салты ауысқан.

Өзбек боп, қазақ болып бөлінгенмен,

Біз барып қосыламыз Алпамыстан»,

деп тарихи шындық бетін шынайы аша түседі.

Әсіресе ақынның «Жазмыш», «Иірім» атты публицистикалық туындылары оқырман жұртшылықты бірден елең ет­кіз­ді. Өйткені онда прозалық шығарма негізінде өз әріптестері туралы ешқандай бұрмалаусыз жеткізеді. Мәселен, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы, Дихан Әбілов, Мұзафар Әлімбаев, Жұбан Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, тағы басқалар туралы ашық айтқан.

Ол – нағыз шебер аудармашы. Қазақ тіліне Овидий, Руми, Виктор Гюго, Гейне, Лермонтов, Гамзатов, Күлиев, Евтушенко сынды ақындармен бірге Орта Азия қа­ламгерлерінің де өлеңдерін ауда­рып, қазақ оқырмандарын тәнті етті. 1966 жылы Қа­зақстан комсомолы сыйлығының лауреа­ты атағына ие болса, «Ой орманы» атты жыр жинағы үшін 1969 жылы Мемлекеттік сыйлықты 46 жасында алды.

Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сияқты композиторлармен жақын қарым-қатынаста дос, сыйлас та сырлас болды. «Қыз Жібек» кинофильміндегі «Ақжайық» әнінің өлең жолдарын жазса, «Атамекен», «Сыған серенадасы», «Тамды аруы» секілді тағы басқа ән мәтіндерінің авторы. Шығыс пен Батыстың жыр дүлдүлдерінің көркем туын­дыларын мұқият оқып, зерттеп, зерделеп үйренген.

Қазақ ақындары арасында кітапты ең көп оқыған ақын. Жеке кітапханасында 10 мың­ға жуық кітап болғаны рас. 7 мыңға жуы­ғын Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орта­лығына тапсыр­ған. Шығармалар жина­ғы 32 том болса, 11 томы аударма, афоризмдері 2 том.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде академик Мұхтар Әуе­зовтен дәріс тыңдаса, ХХ ғасырдың 80-жыл­дарының басында осы оқу орнында «Әдебиет теориясынан» сабақ береді. Қадыр Мыр­за Әлінің дәрісіне дән риза болған студент ­жастар «тіпті, бөгде институттың студенттері арнайы келіп, лекциясын тыңдайтынын» жыр ғып айтады.

Қазақ поэзиясына ХХ ғасырдың 60-жылдары келген Қыдыр Мырза Әлі – тәуел­сіздік жылдары да өнім­ді жазып, қазақ өлеңін биікке көтер­ген нағыз дара­боз. Ол – ешкім­ге ұқсамайтын және ешкімді қайтала­майтын біртуар ақын.

 

Қалдыбек СЕЙДАНОВ,

ардагер қаламгер, профессор

 

ТАШКЕНТ