• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Энергетика 03 Наурыз, 2025

Қазақстанның энергетикалық серпілісі: болашақ стратегиясы

51 рет
көрсетілді

Энергетика – ел экономикасын қамтамасыз ететін өмірлік маңызды жүйе. Оның тұрақтылығы мен тиімділігі әр үйдегі жайлы тұрмысқа, Қазақстанның қарқынды дамуына және елдің сенімді түрде алға жылжуына тікелей әсер етеді.

Қазақстан елеулі энергетикалық ресурстарға ие бола отырып, жаңа дәуірге қадам басты. Бұл бағытта сенімділік, инновациялар және экологиялық жауапкершілік негізгі қағидаттар болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Энергетика – бүкіл экономиканың қозғаушы күші», сондықтан оның дамуына басымдық берілуге тиіс. Жаһандық үрдістерге сәйкес келетін, мықты, заманауи және тұрақты энергетикалық жүйені қалыптастыруға бағытталған стратегия әзірленуде. Бұл стратегия елдің жүйелі дамуын қамтамасыз етуге арналған.

Энергетикалық тәуелсіздік – стратегиялық басымдық

Елді өз энергоресурстарымен қамтамасыз ету және сенімді резерв құру – жай ғана міндет емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Тұтынудың артуы, өнеркәсіп пен қалалардың қарқынды дамуы тұрақты өсімді қамтамасыз ету үшін Қазақстан өз энергетикалық болашағын өзі басқаруы керек екенін көрсетіп отыр.

Осы мақсатта Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі саланы дамыту жөнінде ауқымды жоспар әзірледі. Ол қосымша 26 ГВт генерациялау қуатын іске қосуды көздейді. Бұл – жай ғана сандар емес, нақты жобалар: жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы нысандарды жаңғырту және озық технологияларды енгізу. 2024 жылы 770 МВт-тан астам жаңа қуат көздері іске қосылды. Алдағы екі жылда бұл көрсеткіш тағы 3 ГВт-қа, 2029 жылға қарай 6,6 ГВт-қа артады. Бұл өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, қажетті тұрақтылық қорын да қалыптастырады.

Инновация – тиімділік пен тұрақтылықтың кілті

Қазақстан тұрақты даму жолында берік тұр. 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу – саналы таңдау, ол елдің энергетика саласындағы дамыту стратегиясын айқындайды.

Көмірдің бай қоры жаңа қағидалар бойынша пайдаланылатын болады. «Таза көмір» технологиялары, мысалы, көміртекті ұстап қалу және сақтау, газдандыру әдістері тиімділікті экологиялық қауіпсіздікпен үйлестіруге мүмкіндік береді. Курчатовта ең озық сүзгілеу және көмірқышқыл газын ұстау жүйелері қолданылатын бірегей көмір электр станциясы салынады. Осындай жоғары технологиялық жобалар елдің басқа өңірлерінде де жүзеге асырылмақ.

Сонымен қатар, жаңартылатын энергетика қарқынды дамуда. Күн, жел, су – сарқылмайтын қуат көздері, олардың Қазақстанның энергетикалық балансындағы үлесі арта бермек. Қазірдің өзінде күн және жел электр станциялары салынуда, озық технологиялар енгізілуде. 2025 жылы жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) жалпы қуаты 450 МВт-тан асатын жаңа нысандар іске қосылады.

Атом энергетикасы – стратегиялық таңдау

Атом энергетикасын дамыту – Қазақстанның технологиялық көшбасшылыққа, энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға және жаһандық климаттық міндеттерді шешуге жол ашатын батыл қадам.

Алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салу орны ретінде Алматы облысы таңдалды. Жобалық жұмыстар жүргізілуде, ең сенімді және қауіпсіз технологиялар қарастырылуда. Бірақ алғашқы станция – тек бастама. Мақсат –уран өндіруден бастап, отын өндірісі, озық ғылыми зерттеулер, ядролық медицина және жоғары білікті мамандар даярлауға дейінгі аралықтағы барлық кезеңдерді қамтитын ядролық кластер құру.

«Қазатомөнеркәсіп» – әлемдегі уран өндірісінің мойындалған көшбасшысы, ал Қазақстанның ғылыми әлеуеті халықаралық аренада жоғары бағаланады. Қазақстанда ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық халықаралық стандарттар қатаң сақталады және бұл бағыттағы жұмыстар АЭХА-мен тығыз ынтымақтастықта жүргізіледі.

Газ саласын дамыту және өңірлердің өркендеуі – халықтың игілігі үшін қуат көзі

Газ саласын дамыту – ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету ғана емес, экспорттық мүмкіндіктер мен әлеуметтік әл-ауқаттың маңызды факторы. Елдің газбен қамту деңгейін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, әсіресе Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында. Газ тасымалдау жүйесін жаңғырту және жаңа газ құбырларын салу арқылы өткен жылы 300 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізді.

Тұрақты газбен жабдықтау өңірлердің өнеркәсіптік дамуын да ынталандырады. Оңтүстік аймаққа ерекше назар аударылып, онда «жасыл» энергетика мен бу-газ қондырғылары саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Түркістан облысында заманауи электр станциясын салу. Жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Оңтүстік Қазақстанды және өнеркәсіптік тұтынушыларды тұрақты газбен қамтамасыз ету үшін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» (ББШ-2) магистралды газ құбырының екінші желісін салу жұмыстары таяу арада басталып, 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Цифрландыру – болашақ энергетикасы

Қазіргі заманғы энергетика цифрлық технологияларсыз мүмкін емес. Қазақстанда интеллектуалды желілер (Smart Grids), энергия тұтынуды басқару жүйелері және басқа да «ақылды» шешімдер белсенді түрде енгізілуде. Энергетика министрлігінің Ахуалдық-талдамалық орталығы іске қосылды, ол нақты уақыт режимінде саланың барлық нысандарындағы жағдайды қадағалауға, жедел әрекет етуге және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Бірлесіп энергетика саласында үлкен серпіліске жетейік

Энергетикалық кешеннің алдында ауқымды әрі жауапты міндеттер тұр. Энергетика саласы мамандарының кәсіби шеберлігінің, Мемлекет басшысы мен әрбір қазақстандықтың қолдауының арқасында бұл міндеттерді орындауға толық сенім бар. Қазақстанда заманауи, сенімді, тұрақты және тиімді энергетикалық жүйе құрылады. Бұл жүйе елдің өркендеуінің берік негізіне айналып, жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке өз үлесін қосады.

Алмасадам Сәтқалиев, Энергетика министрі