21 қазаннан 7 қарашаға дейін жер тұрғындары Орионид метеор ағынын, ең әдемі әрі тұрақты «жұлдыз жауынын» тамашалай алады, деп хабарлайды Egemen.kz.
21–22 қазан түндері Орионид метеор ағыны өз шарықтау шегіне жетеді. Астрономдар сағатына 15–20 метеорға дейін көруге болатынын айтады. Жалпы, бұл ғажайып құбылысты 7 қарашаға дейін тамашалауға мүмкіндік бар.
Метеор ағыны – Жер өз орбитасында кометалар мен астероидтар қалдырған шаң-тозаң бұлттарынан өткен кезде туындайтын табиғи құбылыс. Атмосфераға жоғары жылдамдықпен енген ұсақ бөлшектер ауаға үйкеліп, қызып кетеді де, отша жанып «ағып түскен жұлдыз» әсерін тудырады.
Қазір Қазақстанның көптеген өңірінде ашық аспан күтіледі. Сондықтан метеор ағынын бақылау үшін арнайы құралдың қажеті жоқ, тек қалалық жарықтан алыс, тыныш жер тауып, түнгі аспанға көз салу жеткілікті. Ең қолайлы уақыт түн ортасынан кейінгі және таң алдындағы сағаттар.
Ал келесі ірі метеорлық құбылыс – Оңтүстік Тауридтер 5 қараша таңында шарықтау шегіне жетеді. Алайда бұл жолы бақылауға толық Айдың жарығы аздап кедергі келтіруі мүмкін.