Бүгінгі әдебиетте елеулі ізденісімен көзге түскен жас таланттарды ынталандыру мақсатында 2024 жылғы Президенттік арнаулы әдеби сыйлық табысталды. Ұлттық музейде өткен салтанатты іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, зиялы қауым өкілдері, министрлік жанынан құрылған «Алқа» жастар әдеби клубының мүшелері қатысты.
Жиын барысында Аида Балаева Мемлекет басшысының мәдениет пен әдебиетке ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
«Еліміздегі жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік әдеби сыйлық 2023 жылы Президент Жарлығымен тағайындалып, отандық әдебиет әлеміндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Бұл – Мемлекет басшысының мәдениет саласын жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған бастамаларының бірі. Сыйлықтың басты мақсаты – шығармашыл жастарды қолдау, жаңа туындылардың жарық көруіне жол ашу. Мемлекет басшысының мәдениет пен өнерді дамытуға ерекше мән беруі – оның ұстанып отырған реформалары мен бастамаларының заңды жалғасы. Өйткені мәдениетті, әдебиетті дамыту – жас ұрпақтың жан-жақты дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Ал рухани тұрғыдан кемелденген, білімді, еңбексүйгіш әрі патриот азаматтардан құралған қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құрады, адамдар өз әрекеттері үшін жауапкершілік алады, дәстүрге құрметпен қарап, ұлттың негізгі құндылықтарын ардақтайды», деді министр.
Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы «Проза» аталымы бойынша «2026» шығармасы үшін Есбол Социалханға, «Поэзия» аталымы бойынша «Боз ұшқат» өлеңдер жинағы үшін Жәнібек Әлимановқа, «Драматургия» аталымы бойынша «Апатай» драмалық туындысы үшін Әлішер Айтуарға, «Балалар әдебиеті» аталымы бойынша «Рокет Ера» повесі үшін Әсет Сыздықовқа берілді. Айта кетейік, сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлердің бұрын халықаралық, ұлттық байқауларға қатыспаған туындылары ұсынылған.
Әр дәуірдің өз ақиқаты, өз үні бар. Бүгінгі әдебиет – тек ескі сүрлеуді қайталау емес, жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтай отырып, жаңа заманның рухын бейнелеу. Қаламгер – уақытпен қатар тыныстайтын, дәуірдің дидарын көрсететін, болашаққа бағдар жасайтын тұлға. Осы ретте Аида Балаева жас қаламгерлерге мол жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
«Сіздер өз замандарыңыздың бейнесін жаңаша суреттеп, жаңа көзқарас қалыптастыруға тиіссіздер. Ұлы қаламгерлердің жолын жалғастырып қана қоймай, әдебиетті жаңа белеске көтеру – сіздердің қолдарыңызда. ХХ ғасырдағы әдебиет адамның жан әлемін тереңнен суреттесе, ХХІ ғасырдың қаламгерлері жаңа технологиялар дәуіріндегі адам тағдыры, жаһандану мен ұлттық болмыс, жеке тұлғаның күресі секілді тақырыптарға қалам тербеуі керек», деді А. Балаева.
Марапаттан соң басқосуда қазіргі әдеби үрдістер мен өзекті мәселелер талқыланып, түрлі ұсыныстар мен тың ойлар ортаға салынды. Сондай-ақ марапаттау рәсімі аясында «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы негізінде жарық көрген 20 жас қаламгердің кітаптарының тұсауы кесілді. Бұл – Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік нәтижесінде жүзеге асқан үш ірі жобаның бірі. «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жас қаламгерлер еліміздің түкпір-түкпірін аралап, жаңа шығармалар жазған. Нәтижесінде, жыл соңына дейін қазақ әдебиетіне 20 жаңа туынды қосылып, әр авторға 4 млн теңге көлемінде қаламақы тағайындалған.
Айта кетейік, Президенттің Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Осыған орай «Ұлттық кітап» байқауы жарияланды. Келесі жылы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Ерлік пен еңбек дастаны» атты байқау ұйымдастырылады. Бұл бастама еңбек адамдарының маңызын арттыруды көздейді. Сонымен қатар «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы биыл да жалғасын табады. Өткен жылы бұл сыйлыққа 7 аталым бойынша бұрын жарияланбаған 176 туынды ұсынылған еді.