• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Білім 26 Ақпан, 2025

Білім мен ғылымды цифрландыру: бастама мен ізденіс

121 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде жоғары білім мен ғылым саласын цифрландыру жұмыстары талқыланды. Министрлік өкілдері жоғары білім берудің бірыңғай платформасын іске қосу, университеттерді цифрлық жүйеге көшіру бойынша атқарылған жұмыстарға есеп беріп, «KazLLM» ұлттық тілдік моделі мен «AI-Sana» инновациялық бағдарламасы туралы баяндады. Сондай-ақ халықаралық компаниялармен серіктестік пен ҰБТ жүйесіндегі өзгерістер туралы айтты. Сарапшылар бұл бастамалар білім саласын жаңа деңгейге көтеріп, оның ашықтығы мен қолжетімділігін арттыратынын атап өтті.

Бірыңғай платформа іске қосылды

Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі өткен жылдан бастап қар­қынды түрде саланы цифрландыруға көшкен. Былтыр жоғары білім берудің бірыңғай платформасы іске қосылған. Министрлік әзірлеген платформа жоғары білім жүйесіне қатысты барлық маңызды мәліметті жинауға, сақтауға, өңдеуге, ұсынуға арналған. Оның негізгі қызметтері: білім мониторингін жүргізу, заңда белгіленген мерзімде қажетті есептерді дайындау, білім бағдарламаларының бірыңғай тізімін қалыптастыру, жоғары білім саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, студенттерге стипендия төлеу үдерісін жеңілдету, барлық жо­ғары оқу орындарының ақпараттық жүйе­лерін мемлекеттік жүйелермен біріктіру.

Цифрландыру және мем­лекеттік қызмет көрсету депар­та­­ментінің директоры Нұрсұлтан Махатовтың айтуын­ша, платформа жоғары оқу орын­дары мен студенттерге арналған қыз­мет­тердің сапасын арттырып, ашық­тықты қамтамасыз етеді. Ол баяндамасында цифрландырудың білім сапасына ти­гізетін әсерін ерекше атап өтті. «Жоғары білім берудің бірыңғай плат­фор­ма­сы – жұмыс барысын автоматтандыру құралы ғана емес, үлкен цифрлық экожүйе. Ол ашықтық пен қолжетімділіктің сапалы жаңа дең­гейіне шығуға мүмкіндік береді», деді ол.

Бүгінгі таңда платформаға 700 мыңға жуық студент, 44 мыңнан астам оқытушы, 2,6 миллион түлек туралы ақпарат енгізілген. Мемлекеттік қызметтер модулі аясында бес қызмет авто­мат­тан­­ды­­рылған. Нұрсұлтан Маха­товтың айтуынша, енді студент­тер стипендия алу, құжат рәсім­деу секілді жұмыстар үшін уни­верситеттің қабылдау бөліміне жүгірмейді. Барлығы электронды іске асады.

Биыл жоғары білім берудің бірыңғай платформасы аясында бірнеше жаңа бастама қолға алынады. Атап айтсақ, мемлекеттік білім беру тапсырысының жұ­мыс барысын цифрландыру, грант­­тарды бөлу жүйесін жетіл­діру, жоғары оқу орындары түлек­терінің еңбек нарығындағы мони­то­рингі, жұмысқа орналасу динамикасын бақылау, студенттер үшін өндірістік тәжірибеден өту жүйесін автоматтандыру, жұ­мыс берушілермен байланыс ор­нату, ЖОО-ның үздік оқыту­шысы байқауын цифрландыру, үздік профессорларды ірік­теу, ұлттық рейтингті енгізу, уни­вер­ситеттерді халықаралық стандарт­тарға сәй­кес­тендіру жоспарланған.

Ғылым саласында да маңызды жұмыстар толығымен цифрлық форматқа көшеді. Осы мақсатта министрлік ұлттық ғылыми-талдамалық жүйені іске қос­қан. Бұл жүйе ғалымдарға қажет­ті ақпаратты автоматты түр­де ұсы­нуға мүмкіндік бере­ді. Сон­д­ай-ақ «Ғалымның бейіні» мен «Ғылыми-зерттеу инсти­туттарының цифр­лық паспорты» енгізіліп, зерт­теушілердің жетістіктері мен жобалары бі­рың­ғай базада сақталады. Мем­ле­кеттік қызметтер де авто­мат­тандырылған. Ғылыми жобаларды қаржыландыру, зерттеу институттарын аккредит­теу, стипендиялар беру жұмыстары цифрлық форматқа көшкен. «Ұлттық мемле­кеттік ғылыми-тех­никалық сараптама орталығы» жүйесін­де ғылыми жобалардың мони­торингін жүргізетін модуль іске қосылып, шешім қабылдау үде­рісі оңтайландырылды.

 

Индустрияға ықпал ететін технология

Нұрсұлтан Махатовтың баяндауынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі ЖИ саласында маман даярлау бойынша да ауқымды жұмыстар атқару үстінде. Былтыр «Жасанды интеллект негіздері» пәнінің мазмұны анықталып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде ЖИ қолдану бойынша ЖОО аралық стандарт бекітілген. Сон­дай-ақ мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына өз­геріс енгізіліп, жасанды интеллект құзыреттерін игеруге ба­ғытталған пәндер барлық білім бағдарламасына қосылған. Осы өзгерістердің нәтижесінде 20 жоғары оқу орны базасында жасанды интеллект бойынша 20 білім бағдарламасы оқытылады. Қазіргі уақытта магистранттар мен докторанттарды қоса ал­ғанда, 2196 студент ЖИ бойынша білім алады.

Сонымен қатар елдің жоға­ры технологиялар саласында­ғы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жасанды интеллект саласында білім беруге бағытталған «AI-Sana» иннова­ция­­лық бағ­дар­ла­масы іске қосылды. Бағ­дар­лама аясында 100 мың сту­дент оқытылады. Бұл жоба жас таланттарды қол­дауға және «DeepTech» стартаптарын құруға бағытталған. Студенттер жасанды интеллектіні қолдану арқылы өз идеяларын дамытып, стартаптар жасайды. Бағдарламаның басты ерекшелігі – жоғары оқу орындарының білім беруден ғылыми зерттеу тәсіліне көшуіне ықпал етуі. Айта кетейік, бағдарламаны әзірлеуге әлемнің жетекші сарапшылары қатысып, жоба жетекшісі ретінде Стэнфорд университетінің Кәсіпкерлік бағ­дар­ламаларының авторы Пол Ким тағайындалған.

«Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Камиль Ерғалиұлының айтуынша, «AI-Sana» – еліміздің жасанды интеллект саласындағы мүм­кіндіктерін арттыруға ар­налған ауқымды жоба. «Бұл бағдарлама студенттердің жасанды интеллектіні теория жүзінде ғана емес, тәжірибе жүзінде мең­геруіне бағытталған. Олар өз жоба­ларын жасауға мүмкіндік алады. Бастама білікті мамандарды даярлаумен қатар, еліміздің технологиялық нарықтағы орнын нығайтады. Біз бұл бағдарламаны тек IT саласына емес, экономика, энергетика, медицина сияқты түрлі сала­ларға енгізуді жоспарлап отырмыз. Себебі жасанды интеллект – барлық индустрияға ықпал ететін технология. Бізге бұл бағытта әмбебап мамандар қажет», дейді ол.

 

ҰБТ-ға жасанды интеллект араласады

Жасанды интеллектіні білім саласына енгізу тек теория­мен шектелмейді. Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, ұлттық ЖИ платформасында бес жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Соның ішінде осы жылы ҰБТ өткізудің нормативтік ере­желері, статистикалық ақпа­рат, грантқа түсу кезіндегі сұрақ­тар бойынша кеңес беретін «AI Talapker» чат-ботын құру қарастырылған. Интеллектуальды көмекші талапкерлерге ҰБТ туралы толық ақпарат беріп, тестілеу барысы, грантқа түсу шарттары, оқу бағдарламалары, басқа да маңызды мәліметтер бойынша кеңес береді. Сонымен қатар министрлік өкілдері академиялық адалдықты арттыру мақсатында ҰБТ тапсыру кезінде жасанды интеллектіні пайдалану, тест тапсырмаларын әзірлеуге ЖИ енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Бүгінгі таңда тест сұрақтары арнайы сарапшылар тобы арқылы дайындалып, өңделеді. Ал жасанды интеллект бұл үдерісті оңтайландырып, сұрақтарды автоматты түрде талдап, күрделілік деңгейін реттеуге көмектеседі. «ҰБТ-ға жасанды интеллектіні енгізу – тек тестілеуді автоматтандыру емес, оның объективтілігін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Бұған дейін тес­тілеу орталықтарында бақы­лау­шылардың қатысуымен ғана жүзеге асқан қадағалау барысы енді прокторинг жүйесі арқылы автоматтандырылады. Жасанды интеллект бейнебақылау арқылы тест тапсырушылардың әрекетін талдап, күдікті жағдайларды тір­кеп отырады. Біз бұл технология арқылы тестілеу барысында әділетсіздікке жол бермеуді көздейміз», деді Нұрсұлтан Махатов.

 

Халықаралық ынтымақтастық

Еліміз халықаралық ынтымақ­тастық аясында жоғары білім мен ғылым саласында жетекші трансұлттық компаниялармен серіктестікті дамытып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білікті маман­дарды даярлау мақсатында халықаралық компаниялармен ынтымақтастықты күшейту қажет­тігін атап өткен еді. Осы бағыт­та Ғылым және жоғары білім министрлігі «Google», «NVIDIA», «Huawei» секілді әлем­дік техно­логиялық корпорация­лармен әріптестік орнатып, отандық университеттердің мүмкіндігін кеңейтіп отырғанын жеткізді.

«Google» компаниясымен бірлескен жұмыстар аясында «GenAI» курсы іске қосылған. Бұл бағдарлама еліміздің 15 жоғары оқу орнынан 5000 студентті қамтиды. Сонымен қатар «Google Workspace for Education» қанатқақты жобасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінде басталып, студенттерге бұлттық технологияларды меңгеруге мүмкіндік беріп отыр.

Ал «NVIDIA» компаниясымен серіктестік аясында «DLI Ambassador» жобасы жүзеге асырылып, 12 университеттен 12 оқытушы арнайы дайындықтан өткен. Үш университеттің оқыту­шы­лары «DLI» сертификатын алып, студенттерді оқыту және сертификаттау құқығына ие болды.

«Huawei» компаниясымен ынтымақтастық шеңберінде 43 академия ашылып, 1000 студент арнайы курстан өткен. Сондай-ақ жасанды интеллект бойынша үш курс қазақ тіліне аударылған.

Н.Махатов елімізде акаде­мия­лық кластер құру бағы­тын­да да жұмыстар атқары­лып жат­­қанын атап өтті. Оның сө­зін­­ше, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерт­­теу университетінде, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде, Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінде 3 суперкомпьютер жұмыс істеп тұр. Ендігі кезекте «Huawei» компаниясынан суперкомпьютерлер алу жоспарда бар. «Былтыр күзде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Huawei» компа­ниясының штаб-пәтеріне сапары барысында ғылымды цифрландыру және жоғары білім беру саласын­да­ғы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы келісім аясында «Huawei Atlas 900 AI» суперкомпьютерін елімізге жеткізу қарастырылып жатыр», деді Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету де­пар­таментінің директоры.

Соңғы жаңалықтар