• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Театр 18 Ақпан, 2025

«Қарасай жастары» жарап тұр

55 рет
көрсетілді

Халықтық өнердің өрісін кеңейтіп, жұлдызын жарқы­ра­тып жүрген ұжым­ның бірі – «Қарасай жас­тары» театры десек, артық айтқандық емес. Атауы айтып тұрғандай құрамы өнер десе ішкен асын жерге қоя­тын та­лантты жастардан тұратын театр ұжымы әуел бастан нық тұ­рып, сахналық қойылымдары көрермен жүрегінен жылы орын алады.

«2015 жылы фольклорлық ансамбль құру­ға ниеттеніп, осы тұрғыда жұмыс істедік. Нәтижесінде, «Үш қоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі құрылып, 42 штатпен толықты. Осыдан кейін аудандық мәдениет үйінің сол кездегі режиссері Бағлан Қалманов ­театр ашу жөнінде ұсыныс айтты. Содан бас­тап талантты жастардың атсалысуымен алғашқы спектакльді дайындадық. Ол кезде арамызда дипломы бар бір ғана театр актері Әлішер Мұқашов болды. Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Қара­сай батыр» атты драмасымен театр­дың тұсауы кесілді. Режиссер Бағлан Марат­ұлы қойған театр­дың қанатқақты бұл спек­таклі кәсіби тұрғыда жоғары баға­ла­нып, бо­ла­шағына жарқын жол ашты», – дей­ді театр негізін қалаушы, аудандық мә­де­ниет, тіл­дерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүй­­се­нова.

Көрермен жүрегіне жол тапқан тұң­ғыш қойылымы сәтті шыққан театр өнер­паз­дары қанатын қомдап, драматург Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» пьесасын дайындады. Спектакль арқы­лы қоғамда белең алған келең­сіз­діктерді қозғап, дабыл қақты. Осылайша, жұдырықтай жұ­мы­­лып, өз алдына ұжым болып қалыптас­қан өнерлі жастар кәсіби актерлердің деңгейіне жетеғабыл жұмыс жасауға төселе бастағандарын байқатады.

«Қарасай жастары» театры Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Бақыт Беделханұлының «Рух жыры» поэмасының желісі бойынша «Жүректің көзі ашылса...» атты поэтикалық драмасын ұсынды. Та­лантты режиссер Бағлан Марат­ұлы сахналаған қойылым 2021 жылы Тал­дықорған қаласы Сүйінбай атын­дағы Алматы облыстық филармония­сында «Халықтық және жаңадан құ­рылған халықтық атағы бар» театр фестиваліне қатысып, 32 театрдың арасынан топ жарып, бас жүлдені иеленгенін ерекше атаған жөн.

Одан кейінгі кезекте драматург Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» драмасын да сәтті сахналаған өнер ұжы­мы екі жыл бұрын Ғабит Мүсірепов ­атын­да­ғы Қазақ мемлекеттік акаде­мия­­лық балалар және жасөспірім­дер ­театрында ақын, драматург, Ха­лық­ара­лық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының лауреаты Бақыт Беделханның «9 грамм...» ин­теллектуалды-поэ­тика­лық спек­так­­лін сахналады. Қо­йылымға келген көрерменнен ине шаншар орын болмады. Қазақ­станның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов жастар театрына алғыс айтып, батасын берген болатын. Спектакльді режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналаса, сазгер Қанат Ибра­гимов дыбыспен көркемдеп, көре­рменнің ыстық ықыласына бө­ленді. Сондағы жас актерлердің киелі сахнадағы шеберліктері мен табан­дылықтарына дүйім жұрт тік тұрып қошемет көрсетіп, қол соққан еді.

«Нар тәуекелмен» салмақты спектакль­дер сахналадық. Сөйтіп, ше­бер­­лігіміз шың­дала түсті. Уақыт өте келе балаларға ар­нал­ған «Бремен музы­канттары», «Батыл көжектер», «Қа­д­ырдың бақыты», «Алдар көсе», «Құс­тар фестивалі» атты ерте­гі­лер­мен кішкентай көрермендерді қуан­тып келеміз. Көрермендердің көңі­лін сер­пілту мақсатында Ә.Оразбаев аударған С.Лобо­зеровтің «Қаладан келген мейман» коме­диялық спектак­лін сах­наладық. Қойылым режис­сері Әлі­шер Мұқашов болды. Бүгінде ­театрда режиссер Жасұлан Заманбек, театр­ актерлері Жарқын Рақымқаш, Абзал Әбдіхан, Жанар Берік, Шынар Бержанова, Дана Ерғазина, Айман Рахымбердиева, Нұрбек Алпысбай, Мадияр Орнықбай, оператор Нұрзат Қасқабаев сынды талантты жастар жұмыс істейді», дейді театрдың көр­кемдік жетекшісі Нұрбол Даңғыл.

Алайда сүттей ұйыған ұжымның кем-кетігі де жоқ емес. Ең алдымен, халықтық өнерді өрістетіп жүрген театрға керегі штат бірліктері болса, екіншіден, гастрольдік сапарға шығуға автобустың жоқтығы үлкен кедергі екені жасырын емес. Театр негізі қаланғалы бері костюмдері де жаңармағанын жасыруға болмас. Соған қарамастан ұлт руханияты­ның шынайы қазынасын байытып, қанатын кеңге жайған «Қарасай жас­тары» театрының жеті жылда жеткен жетістіктері көңіл көншітеді.

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы 

Соңғы жаңалықтар