«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында ұйымдастырылған «Айлық жәдігер» жобасының кезекті санында Қарахан мемлекетінің басшысы Мансұр ибн Әлидің кезінде соғылған күмістелген мыс дирхемнің тарихы таныстырылды.
Көненің көзіне айналған шақа 2017 жылдың 30 наурызында жеке кәсіпкер Айнаш Жаманқұловадан музей қорына сатып алынған. Тиынның салмағы 4,3 г, диаметрі 2,8 см. Шақадағы жазуларды филология ғылымдарының докторы, шығыстанушы, түрколог, моңғолтанушы Н.Базылхан мен тарих ғылымдарының кандидаты, М.А.Усманов атындағы Алтын Орда тарихын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері П.Н.Петров оқыған.
Музей-қорығындағы бұл монета – Қарахан дәуірінде айналымда болған тиындардың бір түрі. Бұл үлгідегі алғашқы дирхемдер Омейяд халифы Әбді әл-Мәлік ибн Мәруан кезінде 696 жылы Византия валютасына тәуелділіктен арылу мақсатында калима және Құран аяттары жазылып, шығарыла бастаған. Кейін Саманид, Қарахан мемлекеттері де сол үлгіде дирхемдер соға бастады. Бірақ әр мемлекет ақшасының өзіндік ерекшеліктері болғаны туралы тілге тиек еткен музей қызметкері К.Мөңкебаев бұдан әрі шақа жөнінде сипаттама берді.
«Оның аверсінде, яғни беткі жағында араб тілінде куфи жазуымен калиманың бірінші бөлігіне «Алладан басқа Құдай жоқ, ол жалғыз, әрі оның серігі жоқ», тиынды айналдыра «Алланың есімімен бастаймын, дирхем Шелжі қаласында (жылы анықталмады) соғылды», деп жазылған. Яғни күміс шақа ортағасырлық Шелжі қаласында соғылған. Ал реверсінде, яғни артқы жағында калиманың екінші бөлігіне «Мұхаммед Құдайдың елшісі», халифтің есімі «Әл-Қадыр Биллаһ», деп жазылған. Көріп тұрғанымыздай, 992–1031 жылдары билік құрған Аббас халифаты халифінің есімі көрсетілген, өйткені ол кезде ақшаға халифтің есімін жазу дәстүрі болған. Қарахан қағанаты – мұсылман мемлекеті, Аббас халифаты мұсылман әлемінің орталығы болғандықтан, халифтің есімі ақшаға жазылған. Шақада лақабы мен лауазымы айтылған Мансұр ибн Әли – Қарахан қағаны Әли Арслан ханның ұлы. Әкесі қайтыс болғаннан кейін билікке келген ағасы Ахмед ибн Әли Арслан ханның кезінде 1013 жылдан бастап Мәуреннаһрдың билеушісі болады. Ал 1015–1025 жылдары қағанатты басқарды. Мансұр ибн Әли В.В.Бартольдтің айтуынша, «Ел арасында аса тақуалығымен белгілі болған», деп баяндайды «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсоводы Калуадин Мөңкебаев.
Алматы облысы