• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Білім 13 Ақпан, 2025

Техникалық мамандарға жол ашық

90 рет
көрсетілді

Алматы облысында халықты жұ­мыспен қамтып, өзінің мамандар да­йындайтын оқу ор­талығымен ерек­ше­ленетін «Бент» компаниялар тобы темір-бетон шпалдарын, автоклавты газ блоктарын, қиыршық тас пен рельс бекіткіштерін өндіреді. Сондай-ақ тәуелсіз зертханада сертификаттау қызметі көрсетіледі. «Бент» фирмасы өнеркәсіптік өндіріс бағытында жұмыс істейді. Бүгінде зауыттың базасында бірнеше кәсіпорын желісі бар. Онда жыл сайын жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмысшы мамандардың еңбекке араласуы­на мол мүмкіндік жасалып отыр.

Өткен жылы компания 8 млрд теңгеден астам салық төлеген. Сонымен қатар 400-ден астам жұмыс орны құрылып, жұмыс­шылардың жала­қысы 380 000 теңгеге дейін өскен. Зауыттағы барлық кәсіпорында цифр­ландыру, жаңғырту және автоматтандыру жұмыстары жүргізілген. ТМД елдеріне экспортты ке­ңейту мақсатында Қырғызстан, Өзбекстан және Ресеймен байланыс орнатылған.

Биылғы Жұмысшы маман­дықтары жылына орай, табысы тас­қындаған кәсіпорында «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Іс-ша­раға өңірдегі 6 техникалық колледж­ден 30 шақты студент шақырылды. Алматы облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бі­лім басқармасы бірлесе ұйымдас­тыр­ған басқосу­дың басты мақсаты – жастардың мамандықты дұрыс таң­дауына, сондай-ақ жұмысқа орнала­суына бағыт-бағдар беру.

Бүгінгі таңда облыста 40 колледж жұмыс істейді, оның 25-і жұмысшы мамандықтар бойынша оқытады.

«Әсіресе техникалық ма­ман­дықтарда оқитын студент­терге басымдық беріп отырмыз. Өйт­кені Іле ауданында өн­діріс орындары көптеп саналады. Сондықтан студент­терді зауыттардың жұмыс ыр­ға­ғымен таныстырып әрі қызық­тыру үшін оқу орындарымен бір­лесіп, осындай шаралар өт­кізіп тұ­рамыз», дейді Іле ауданы әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаев.

Алматы облысында барлық жұмыс істейтін адамдардың жартысынан астамында кәсіптік немесе техникалық білімі бар, 360 мың адам 500-ден астам жұмысшы мамандығымен жұмыс істейді. Жұмысшы кадрлар көлік, сау­да, өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында сұранысқа ие.

Сонымен бірге болжамдар алдағы жылдары жұмыс кү­шіне деген қажеттілік тек арта түсетінін көрсетіп отыр. Таяудағы 6 жылда кадрларға сұраныстың жалпы саны – 240 мың адам, оның ішінде кәсіптік-техникалық білімі бар жұмысшылардың жартысынан астамы яғни 60 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтар иелеріне тиесілі. Сондықтан жұмысшы мамандықтарды дамыту – өңірдің болашағына, технологиялық және экономикалық дамуына айрықша ықпал етпек.

Бұл орайда алға қойған мақ­сат та айқын. Жұмысшы ма­ман­дық­­тары жылына арналған іс-ша­ралар жоспары аясында жұмыс беру­­шілердің сұранысы бойынша кәсіп­тік оқытуға және жұмыс орнында оқытуға ерекше назар аударылатыны аталды. Биылғы жылы 860-қа жуық адамды оқу орталығында және жұмыс берушінің жұмыс орнында жұмысшы мамандықтар бойынша қысқамерзімді оқытудан өткізу жоспарланған.

«Жұмысшы мамандықтарды дамыту және қолдау – мемлекеттің, бизнестің, білім беру мекемелері мен қоғамның бірлескен күш-жігерін талап ететін стратегиялық маңызды міндет екенін атап өткім келеді. Біз қазірдің өзінде жоғары білікті кадрларды даярлауға жағдай жасап, жұмысшы мамандықтардың имиджін жақсартып, оқытудың заманауи технологияларын енгізе отырып, осы бағытта елеулі қа­дамдар жасап жатырмыз», дейді Алматы облыстық жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасының басшысы А.Ахметова.

Темірден түйін түйген кәсіп­­орынның жұмыс ырғағымен танысқан студенттер жұмысшы маманның қадір-қасиеті мен мәртебесін сезініп, өз ісінде табан­дылық танытып жүрген алдыңғы толқын ағалардың ақыл-кеңесіне қанықты.

«Зауытқа 2006 жылы слесарь мамандығымен жұмысқа кел­генмін. Жиырма жыл еңбек етіп, осы күні бас механикпін. Өзім же­текшілік ететін жөндеу цехында 40 адам жұмыс істейді. Олардың ара­сында темір пісіруші, слесарь, токарь сынды мамандар бар. Жұ­мысшылардың табанды еңбек етуінің арқасында абырой биігінен көрініп келеміз», деді бас механик Арман Жақыпбеков.

«Ашық есік» күнінде компания басшылығы мен 6 колледж ұжымы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Облыста осы күні жұмыссыз адамдар саны 33 мың болса, оның ішінде 10 мыңға жуығы NEET санатындағы жастар. Оларды қысқа мерзімде оқытып, жұмысқа тарту үшін «Бент» ЖШС сынды компанияларға артылар үміт зор.

Өйткені аталған өндіріс оша­ғында жұмысшы маман­дар­ды бау­литын арнайы өндіріс­тік оқыту орталығы барын айт­тық. Орталық осы уақытқа дейін өздеріне 100 шақты маман тәр­биелеп шығар­ған екен. Ком­пания өкілдері өз кезегінде тағы 60 жұмысшы ма­манға сұраныс барын атады.

 

Алматы облысы,

Іле ауданы

Соңғы жаңалықтар