• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Сұхбат 08 Ақпан, 2025

Әлеуметтің әлеуетін жақсарту – басты мақсатымыз

264 рет
көрсетілді

Алматы облысының қайта құрылғанына үшінші жылға аяқ басты. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өңірде Алатау аталатын жаңа қаланың аумағы белгіленіп, құрамына 12 шағын аудан біріктірілді. Түбегейлі жаңаруға бет бұрған өңірдің осы уақыт аралығындағы жетістіктері мен алдағы жоспарлары жөнінде облыс әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВТЕН сұрап білдік.

– Марат Елеусізұлы, Алма­ты­дай ірі мегаполиспен іргелес өңір­дің өткен жылғы әлеумет­тік-эко­но­микалық дамуында қан­дай жетістіктерге қол жеткізілді?

– 2024 жылды қорытынды­лай келе, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң нә­­тижелерді атап өтуге болады. Негізгі экономикалық көр­сеткіштердің өсімі дұрыс жолға қо­йылған басымдықтар мен тиім­ді іске асырылған шараларды көр­сетеді. Қысқамерзімді эко­но­микалық индикатор 110,6%-ды ­құ­рап, облыс республикада 8-орын­ға шықты. Бұл нәтиже­ге не­­гіз­­гі салалардағы тұрақты өсім есе­бі­нен қол жеткізілді. Мәсе­лен, өнер­кәсіпте – 107,2%, құрылыс­та – 128,7%, саудада – 114,6%, көлік­те – 120,9% өсім қамтамасыз етіл­ді. 955 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспарлан­­ған көлемнен 5,8%-ға артық орын­­дал­­ды (901,9 мың шаршы метр).

Инвестиция тарту жөнінен триллионыншы межеге – 981 млрд теңгеге жақындап, өткен жылғы деңгейден 31%-ға артты (737,7 млрд теңге). Бұл инвесторлардың облысқа деген сенімін, капиталды тартудағы белсенді жұмысты көрсетеді.

– Өңірде өндіріс өрісі кеңе­йіп келе жатқаны мәлім. Бұл бағыт­та қандай жоспарлар іске асады?

– Осы уақытқа дейін қол жет­­кен оң нәтижені одан әрі жақ­­сарту мақсатында бірқатар ма­ңызды бағыттарға назар аударуымыз қажет. Өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешен облыс экономикасының локомотиві болып қала береді, мұнда өндірісті арттыруымыз қажет. Биыл өнер­кәсіп өнімін өндіру көлемін 2,2 трлн теңгеге дейін жеткізу міндеті қойылып отыр. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар өз өндірісін қайта инвестициялап, өнім көлемін арттыруы керек.

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Облысты дамытуға инвестиция тарту жұмысымыздың басты басымдығы болып қала береді. Өткен жылы инвестиция көлемі 981 млрд теңгеге дейін жеткізілді, биылғы жоспар – 1,4 трлн теңге. Басым секторларда 412 млрд тең­геге 40-тан астам инвестиция­лық жо­баны іске қосу жоспарлан­ған. Бұрын бекітілген меморандум­дар­ға қатысты жобаларды қоса алған­да, осы пулды ұлғайту қажет. ­Инвес­торларға жер учаскелерін, бос ғимараттарды, салықтық жеңіл­діктерді, мемлекеттік қолдауға қолжетімділікті, өзара іс-қимыл­дың ашық тетіктерін ұсына отырып, қолайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл бағытта кәсіпкерлік бас­қармасына, аудан, қала әкімдеріне жұмысты күшейту тапсырылды.

Биыл орындауды қажет ететін көптеген ауқымды жобалар мен маңызды міндеттер бар. Облыс орталығы Қонаев қаласы мен Алатау қаласын кешенді дамыту Алматы агломерациясының көп­теген мәселелерін шешіп, әлеуетін ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Агломерацияны дамыту мақсатында Алматы қаласы мен облыс әкімдігі арасында кеңес құрылып, 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырылып жатыр.

Облыс экономикасын дамы­тудың басым бағыттарының бірі – туризм саласы. Су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру ба­ғытында да маңызды қадамдар жа­салып жатыр. Су ресурстарын пай­далану бойынша кешенді жос­парлар әзірленіп, бірқатар жоба іске асырылады. Бұл жобалар жаңа өндірістер мен кәсіпорындар­дың ашылуына, жұмыс орындары­ның құрылуына ықпал етеді.

– Агроөнеркәсіп саласында­ғы серпіліс қандай? Көктемгі дала жұмыстарына дайын­дық назарда ма?

– Облыс экономикасының же­­текші салаларының бірі – ауыл шаруашылығында да атқарыла­тын жұмыстар жетерлік. Мемлекет басшысы алдағы үш жылға ауқым­ды міндеттер қойып, агроөнер­кәсіп кешенінде нақты серпіліс­ке қол жеткізу қажеттігін атап өтті. Көктемгі егіс жұмыстары­на да­йындықты қазірден бастауымыз қажет. Ауыл шаруашылы­ғы техникасының, тиісті сападағы тұқымдардың, жанар-жағармай материалдарының дайындығын қамтамасыз ету керек. Осы мақ­саттарды қаржыландыру дең­гейі өткен жылмен салыстырғанда 3,3 млрд теңгеге артты (2024 – 8,3 млрд теңге, 2025 – 11,6 млрд теңге). Үш жыл ішінде агроөнеркәсіп ке­шеніндегі өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін ұлғайту мақсаты қо­йылып отыр.

Шикізат базасы мен логис­ти­каның орасан зор әлеуетін ескере отырып, күш-жігерді жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу өндірістерін жаңғыртуға, қайта құруға бағыттау қажет. «Кеген МясПром», «Прима құс» фабрикасы, «Оспанова» ба­лық өңдеу кешені сияқты ірі кәсіп­орындар биыл әлеуеттерін көрсетуі керек. Сондай-ақ сүт-тауар фермаларын кеңейту бағдарламасы аясында 2024 жылы республикалық бюджеттен 13 жобаны іске асыруға 15 млрд теңге бөлініп, олардың тек 2 жобасы (650 басқа) қолданысқа енгізілді.

– Тұрғындар тығыз қоныс­танған Алматы облысында тұр­ғын үйге деген сұраныс артпаса кемімесі анық. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

– Бүгінде облыстың әлеу­мет­тік-экономикалық дамуының ма­ңызды индикаторы – құрылыс сек­торындағы өсімнің жоғары қарқынын ерекше атап өткім ке­леді. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жақсы – көлемі 1 млн шаршы метрге жақындады. Биыл 787,5 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жос­парланған. Бұл көлемді Қонаев, Алатау қалаларының дамуын ­ес­­кере отырып, ұлғайтуға бола­ды. Тұрғын үй-коммуналдық сек­торды жаңғырту бойынша 33,2 млрд теңгеге инженерлік желілер­ді салу, реконструкциялаудың ­97 жоба­­сын іске асыру жоспарла­­нып отыр. Оның ішінде басым бө­лі­гі су­­мен қамтамасыз ету, су бұру ­жобалары: сумен жабдықтау, су бұру – 22,7 млрд теңгеге 50 жоба, газ­­бен жабдықтау – 3,8 млрд тең­геге ­18 жоба, электрмен жабдық­тау – ­5 млрд теңгеге 20 жоба, жылу­мен жабдықтау – 1,7 млрд тең­геге ­9 жоба.

Халықты әлеуметтік қолдауда биылдан бастап бірқатар жаңа­лық енгізіледі. Атап айтсақ, 2025–2030 жылдарға арналған инклю­зивті саясат тұжырымдамасы қабыл­­дан­ды, онда ерекше қажетті­лік­тері ­бар адамдардың қоғамға то­лық­қан­ды әлеуметтік ықпалдасуына ­жағ­дай жасауға бағытталған іс-шара­лар көзделген.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отбасының цифрлық картасын пайдалана отырып, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетігі трансформацияланады. Бұл шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға, оларға мақсатты қолдау көрсетуге мүмкіндік бе­реді. Бұдан бөлек, Жұмысшы маман­дықтарының жылы шеңберін­де жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, жұмыс бе­ру­шілерді мамандарды оқытуға тар­ту, олардың құқығын қорғау, сондай-ақ жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру жөніндегі шаралар жоспарланған.

– Облыстың білім беру, ден­саулық сақтау салаларына да тоқтала өтсеңіз.

– Білім беру саласында биыл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, оқытумен қамтуды 95%-ға дейін ұлғайту міндеті қойылып отыр. Қазіргі көрсеткіш – 93,7%. Осы­ған байланысты, қаржыландыру көлемін ұлғайта отырып, барлық талаптарға сәйкес келетін жеке балабақшалар ашу қажет. Соны­мен қатар биылдан бастап елі­міздің барлық өңірлерінде «бала үшін ақша» қағидаты бойынша вау­черлік қаржыландыруды енгізу жоспарланған.

Орта білім беруде 14,2 мың оқу­шы орны мен 4 жатақхана­ға бар­лығы 18 мектеп енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ауылдық мектептерді жаңғырту жобасы іске асқалы жатыр. Онда біздің облыс бойынша тізімге 91 мектеп кірді. Оның ішінде 19-ын (11,4 млрд теңге) ағымдағы жылы жөндеу жоспарланған. Мектептерді жаңа модификациядағы кабинеттермен жабдықтау бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

Денсаулық сақтау саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 37 нысанның, сондай-ақ өткен жылдан ауыспалы 6 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Мате­риалдық-техникалық базаны ны­ғайтуға 6,1 млрд теңге бөлінді. Ха­лық медициналық қызметтердің сапасыздығына алаңдайды. Ана өлімінің, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлімнің өсуі байқалады. Тыныс алу орган­дарының аурулары, соның ішінде пневмония, жарақат алу, улану саны өсті.

– Мемлекет басшысы Жол­дауда цифрландыру саласын­да қол жеткізілген нәтижелерді кү­шейтудің маңызы мен жасан­­ды интеллект технологияла­рын жан­дандыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта қандай іс-шара­лар қолға алынып жатыр?

– Облыста IT саласының нәти­желі жүзеге асуы бағытында бір­қатар шара атқарылуға тиіс. Атап айтқанда, барлық салада басқару үдерісін автоматтандыру, тиімді мониторинг жасау үшін цифрлық технологияларды енгізу қажет. Мемлекеттік-жекешелік әріптес­тік аясында 9 100 бейнебақылау, ­325 жол қауіпсіздігі камералары­­ның уақтылы, сапалы орнатылуын, ­Data-center жобасы бойын­ша ағым­дағы жылы жоспарлан­ған жобалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету – басты назарда. Сондай-ақ «Қолжетімді интер­нет» ұлттық жо­басы аясында рес­публикалық жолдарды жоға­ры жылдамдықты интернетпен қам­ту, биометрия­лық сәйкестен­діру мен QR-қолтаңба сияқты жаңа техно­логияларды енгізу арқылы мемлекет­тік қызметтер­дің қолжетімділігін арттыру, «Ақыл­ды қалалық инфра­құрылым» жоба­сын жүзеге асыруға қолдау көр­сету, төтенше жағдайлар бойын­ша ­жедел хабарлама жүйесін құру, оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жұмыстары жүр­гізіліп жатыр.

–  Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ұлбосын ИСАБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар