• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Саясат 31 Қаңтар, 2025

Әріптестіктің әлеуеті жоғары

72 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы қаласындағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Мохаммад-Реза Арефпен кездесті. Сауда-экономикалық қа­рым-қа­ты­настарды тереңдету, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты, сон­дай-ақ инвес­тициялық өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Өткен жылдың 11 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 8,1%-ға артып, шамамен 300 млн долларға жетті.

Қазақстан тарапы жалпы құны 132 млн доллардан асатын 60 тауар түрін әртараптандыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және ауқымын кеңейтуге қызығушылық танытты. Атап айтқанда, биыл елімізде 26 млн тоннадан астам астық жиналды. Отандық экспорттаушылар бидай, арпа және майлы дақылдарды қоса алғанда, астық өнімдеріне деген Иран нарығы сұранысын қанағаттандыру­ға дайын. Жалпы, өткен жылдың 11 айында Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіп тауарының айналымы 25%-ға артып, 186 млн долларға жетті.

«Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәлізі шеңберінде жүк тасымалдау көлемін арттыру, транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту және инфрақұрылымды дамыту мақсатында көлік-логис­тика саласындағы ынты­мақ­тастық мәселелері талқылан­ды. Қазақстан (Ақтау, Құрық) және Иран (Анзали, Амирабад) порттары терминалдарын жаң­ғыртудың келешегі мәселелері қаралды.

«Біздің басты мақсатымыз – екі мемлекет басшылары ай­қындаған міндет­терді толы­ғы­мен жүзеге асыру және Қазақстан-Иран ынтымақ­тасты­ғын сапалы жаңа деңгей­ге көтеру. Біздің сауда-эконо­ми­калық әріп­тес­тігіміздің әлеуеті жоғары, оны одан әрі дамыту үшін мүм­кіндіктеріміз жеткілікті. Өзара құрмет пен достық аясында өтіп жатқан бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы көпжақ­ты ынтымақтастықты нығайтуға мүмкін­дік береді деп сенемін»,  деп атап өтті О.Бектенов.

«Мемлекеттеріміз геогра­фия­лық және аумақтық жағы­нан байланысып жатыр. Елдері­міздің көшбасшылары арасында сындарлы саяси диалог орнатылды. Екі мемлекет басшылары үкіметтер алдына екіжақты сауда көлемін 3 млрд долларға дейін арттыру міндетін қойды. Біз өз тарапымыздан екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылауға да­йынбыз», деді Мохаммад-Реза Ареф.

Сонымен қатар Олжас Бек­тенов Қырғыз Республикасы Министрлер каби­неті­нің төр­ағасы – Президент Әкімші­лігі­нің басшысы Адылбек Қасы­малиев­пен кез­десіп, келіссөз жүргізді. Кездесуде сауда-эко­но­­ми­калық ынтымақтастық, су, кө­лік-логис­тика, энергетика, мә­де­ни-гуманитарлық, туризм және басқа да салалардағы өз­ара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Олжас Бектенов екі мемлекет басшылары – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Республикасының Прези­денті Садыр Жапаров арасындағы белсен­ді саяси диалог екіжақты ынтымақтас­тық­тың барлық ауқымын жаңа деңгейге көтеріп, барлық салада жоғары серпінді қамтамасыз еткенін атап өтті. Өткен жылдың 11 айында екіжақты сауда көлемі артып, 1,6 млрд долларға жетті. Жет­кізілетін тауарлар аталымын кеңейту арқылы оң үрдісті сақтау мен сауда құрылымын жақсартудың маңыздылығы көрсетілген. Қазақстан өз тарапынан жалпы құны 203 млн долларднан асатын 175 атаудағы өнім экспортын арттыруға да­йын. Олардың қатарында мұнай химиясы, тамақ өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, фармацевтика өнеркәсібі, құрылыс материалдары және басқа да өнімдер бар.

2024 жылдың 11 айында АӨК саласындағы тауар айналымы 5,5%-ға өсіп, 313,6 млн долларды құрады. Бұл ретте Қазақстаннан астық экспорты 40,4 мың тоннаны, ал ұн 53,2 мың тоннаны құрады.

Жалпы, 2024 жылдың 11 айын­да екі ел арасындағы өнеркәсіп тауарларының айналымы 985,5 млн долларды құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,9%-ға артық. Бұл ретте Қазақстаннан шығатын экспорт көлемі 13,5%-ға өсті.

Тараптар су-энергетика сала­сындағы ынтымақтастық мәсе­лелерін де талқылады. Бірлес­кен шаралардың арқасын­да 2024 жылғы суару маусымы шығынсыз өткені айтылды. Биыл Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде вегетацияаралық кезеңді қауіпсіз өткізу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Екіжақты күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – көлік-транзит әлеуетін арттыру. 2024 жылдың 9 айында автомобиль көлігімен экспорттық-импорттық жүк тасымалдау көлемі 16%-ға артып, 1,7 млн тоннаны құрады. Осыған байланысты бірлескен шекараның өткізу мүмкіндігін, сондай-ақ жүк тасымалдаушылар үшін транзиттің тартымдылығын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар қаралды.