Алматыдағы Ұлттық кітапханада көрнекті суретші, еліміздегі Таеквондо федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиевтің туғанына 70 жыл толуына арналған «Дүние жалған, өнер мәңгі» атты рухани кеш өтті. Өмірден ерте кетсе де, артына мол мұра қалдырған талант иесінің қылқаламынан туған шығармалары топтастырылған сурет көрмесі оны іздеген, сағынған, еске алған зиялы қауымды айрықша әсерге бөледі.
Бексейіт Түлкиев – бейнелеу өнері тарихына өз қолтаңбасымен енген шебер суретші. Тума талант кенепке көз тастаған көрерменін тап сол мекенге, дәп сол кезеңге иіріп әкететіні бар. Себебі оның қаламынан өрілген картиналар өмір шындығы, уақыт тынысы, мейірім мен адалдық, ақ пен қараның арпалысы секілді мәңгілік тақырыптарды арқау еткен. Тағылымды іс-шарада 43 жас ғұмырында өнер мен спортты егіз өріп, қос салада да айтулы табысқа жеткен Б.Түлкиевтің өмір жолы, шығармашылық өрісі, кісілік келбеті туралы естеліктер айтылды.
Кеш ақын Қасымхан Бегмановтың мерейтой иесіне арнаған жыр-толғауымен ашылып, жиналған қауымға осыдан 20 жыл бұрын хабар арнасы түсірген деректі фильм ұсынылды. Алғаш болып сөз алған Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді.
«Көрнекті суретші, шығыс жекпе-жегінің шебері Бексейіт Түлкиев – мәдениет пен спорт саласын дамытуға үлес қосқан біртуар тұлға. Ол ұлттық бейнелеу өнерінде өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Көптеген картинасы арқылы халықтың ықыласына бөленді. Қылқалам шеберінің еңбектері – ұлттық мәдени мұрамызға қосылған құнды қазына. Сондай-ақ ол елімізде шығыс жекпе-жегін дамытуға зор еңбек сіңірді. Қазақстанның Таеквондо федерациясының тұңғыш президенті ретінде жастарды спортқа баулып, өнегелі істерге ұйытқы болды. Оның есімін жұрт жадында жаңғырту – баршаға ортақ парыз», делінген құттықтау хатта.
Қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин Б.Әбдезұлының өмірі мен өнері хақында: «Аядай ауылдан келген жап-жас жігіт өнерліге бай Алматы дейтін қаланы өзіне жалт қаратқаны есімізде. Оның картиналарын ең алғаш «Жігер» фестивалінде көріп, жаңа бағыты, жаңа бағдары бар, бойын тасқынды шабыт кернеген талантты таныған едік. Сол жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне Өтеген Оралбаев Бексейіт туралы үлкен мақала жазды. Бұл мақаламен танысқан зерделі оқырман кейіпкердің әлеміне үңіле бастады. Қазақ қылқаламының жалғасындай болған жаңа буынның көрнекті өкілімен жұрт осылай қауышты. «1941 жылдың маусымы» дейтін триптихына ұзақ телміріп, жап-жас жігіттің биік танымына, сауаттылығына қатты таңғалғаным бар», деп еске алды.
Б.Әбдезұлымен қатар оқыған көрнекті суретші Жұмақын Қайранбай: «Адамды арманға жетелейтін – талант пен талап. Бексейітте мұның екеуі де бар еді. Сондықтан болар, ол өзін өнер мен спортта қатар мойындатты. Бір істі қолға алса, түбіне дейін апармай тынбайтын. Жазған жұмыстары талай музейдің төрінде тұр, шетел музейлерінде тұрған туындылары да аз емес. Оның қолда бар картиналарын жақындары сақтап отыр. Бекеңнің атында шағын болса да музей ашылып, өнегесін ұрпаққа үлгі етсек, құба-құп. Мұндай адамдарды жастарға үлгі ретінде көрсете білуіміз керек. Әттең, жалындап тұрған шағында үзіліп кетті», деп тебіренді.
Ұлттық бейнелеу өнеріне алғаш сюреализм бағытын әкелген суретші туралы Жанғара Дәдебаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Бекен Ыбырайым, Ермахан Шайхыұлы, Бауыржан Жақып, Рақымғали Құл-Мұхаммед секілді азаматтар естелік айтты. Жиын соңында баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар, суретшінің тұтас шығармалары енген альбом-кітап таныстырылды.
АЛМАТЫ