Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында берілген тапсырмалар аясында еліміздің денсаулық сақтау жүйесі кешенді жаңғыртудан өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл бағыттағы жұмыстар медициналық қызмет сапасын арттыруға, инфрақұрылымды күшейтуге, мамандардың әлеуетін көтеруге және цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге бағытталған.
Жүргізіліп жатқан шаралар нақты нәтижесін беріп отыр. Атап айтсақ, биылғы жылдың 1 қазанына дейін халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған. Жалпы өлім-жітім деңгейі 2,7%-ға төмендесе, сәби өлімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,2%-ға азайған.