Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) 121 жобаға 2,26 млрд еуро қаржы құйып, Орталық Азияда жаңа операциялық рекорд орнатты. Бұл ретте аталған банктен басты қаржы алушылар Өзбекстан мен Қазақстан екенін де айта кету керек. Көршіміз 938 млн еуро қаржы алса, елімізге 913 млн еуро инвестиция салынған.
Сондай-ақ екі ел банктің бүкіл әлемдегі инвестициялық бағытында бесінші және алтыншы орындарды алып отыр. ЕҚДБ Тәжікстанға – 52 млн, Қырғызстанға 52 млн және Моңғолияға 264 млн еуро салған.
«Банк қаражатының 61%-ы орнықты инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға бағытталған. 24% кредит шағын және орта бизнесті, әйелдер мен жас кәсіпкерлерді қаржыландыру мақсатында жергілікті банктерге берілген. Сонымен қатар ресурстарды тиімді пайдалану және климат өзгерісіне орнықтылық бойынша да несие ұсынылған. Қалған 15% несие корпоративті сектор клиенттерінің еншісіне тиді», деп мәлімдейді банк.
2024 жылы банктің Қазақстандағы жиынтық инвестициясы 10 млрд еуродан асып түскен. Өзбекстанда 5 млрд еуроға жеткен. Тәжікстан мен Қырғызстан банктен 1 млрд доллардан астам қаржы тартқан.
ЕҚДБ инвестиция құйған еліміздегі ауқымды жобалар қатарында Ақтөбе қаласындағы жаңа тазарту құрылыстары және соған байланысты инфрақұрылымды салу бар. Оған банк 96,4 млн еуро тәуелсіз несие ұсынды. Сонымен бірге Қарағанды облысындағы графит кен орнында жұмыс істейтін және акциясы Аустралия қор биржасында саудаланатын «Sarytogan Graphite Limited» компаниясының 17,36% акциясын иеленді. Акцияларды бастапқы орналастыру аясында «Air Astana» әуе компаниясының акцияларына 42 млн доллар қаржы құйды.
ЕҚДБ-ның жаңа қаражаты Қазақстан мен Өзбекстандағы ұлттық желі операторларының тұрақтылығын арттыруға және жаңартылатын энергия көздерін біріктіруге жәрдемдесу үшін пайдаланылды. Банк 252 млн еуро көлемінде қаржы ұсынды. KEGOC 500 кВ-ға негізделген 600 км инфрақұрылым желісінің құрылысына және Батыс Қазақстанның энергожүйесін Бірыңғай энергожүйемен интеграциялауға 66,4 млн доллар бөлген.
Ал әлеуметтік инфрақұрылым секторында банк біздің елдегі алғашқы ірі мемлекет-жекешелік әріптестігі жобасының негізгі демеушісі болды. Оның аясында 365 млн еуроны алты бірдей қаржы институты Көкшетау қаласында 630 орынға лайықталған көппрофильді аурухананы салу және пайдалануға беруге жұмсауы қажет.
Сондай-ақ банк Орталық Азиядағы ірі институционалдық инвестор болып саналады. Қазірге дейін 1 163 жасыл және инклюзивтік жобаларға 21,5 млрд еуро қаржы бөлген.