• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Таным 22 Қаңтар, 2025

Ғалам ғажаптары: Қар тазалаушы робот

80 рет
көрсетілді

Кешеден бері Астанада ақ боран. Ауланы, жолды қар басып, жүріс-тұрыс қиындай түсті. Қар тазалаушылар таңнан бері тынымсыз жұмыс істеп жатқанда, «Yarbo» компаниясы қар тазалаушы роботын таныстырып үлгерді.

«Snow Blower S1 Plus – Yarbo» ком­па­ниясының қар тазалау жұмысын жеңіл­детуге арналған заманауи технология­сы. Бұл робот 40 сантиметрге дейінгі қалың қарды тазалап, 3 тоннаға дейін қар шығара алады. Оның 180 градусқа бұрылатын қондырғысы бар. Робот «Yarbo» қосымшасы арқылы ауланың картасын жасап, тазалау жоспарын құрады. Ол өз жұмысын автоматты түрде атқарады. Қар тазалаушылардың қазіргі қарбалас жұмысын ескерсек, мұндай роботтар аса қажет.

 

ДНҚ-наноқұрылғы

Ғалымдар жасушаның пішіні мен өткізгіштігін өзгерте алатын ДНҚ-наноқұрылғы ойлап тапты.

Бұл құрылғылар жасуша мембранасында арнайы арналар жасап, үлкен молекулалардың, мысалы, дәрілік зат­тардың, жасушаға өтуіне мүмкіндік береді. Ең бастысы – бұл арналарды қажет кезде ашып немесе жауып қоюға болады. Бұл құрылғылар ДНҚ-орам (ДНҚ-оригами) технологиясы арқылы жасалған. Яғни ДНҚ тізбектері арнайы құрылымдарға жинақталып, пішінін өзгерту және айналасындағы жасушаларға әсер ету қабілетіне ие. Бұл технология дәрілерді жасушаларға жеткізудің жаңа әдістерін жасап, болашақ медицинада үлкен маңызға ие болмақ.

 

Адамның цифрлық нұсқасын жасайтын ЖИ

Стэнфорд университеті мен «Google DeepMind» ғалымдары жасанды интеллектінің адамның цифрлық нұсқасын жасау технологиясын таныстырды.

Бұл жүйе екі сағаттық әңгімеден соң адамның мінез-құлқы мен ойлау ерекшеліктерін 85% дәлдікпен қайталай алады. ЖИ оның білімі мен интеллектін ғана емес, сонымен қатар мәдени, психологиялық, әлеуметтік реакцияларын да дәлме-дәл көшіреді. Мұндай технологияны зерттеулерде, бизнесте, саясатта қолдануға болады. Дегенмен, мамандар этика ережелерін бұзбау маңызды екенін ескертіп отыр.