• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Білім 21 Қаңтар, 2025

Алаш оқулықтары

80 рет
көрсетілді

Ұлт ардақтысы Міржақып Дулатұлының тура осыдан жүз жыл бұрын жарық көрген математика оқулығы көркем тілмен ұғынықты жазылған. Оған дәлел – аталған оқулықтағы кейбір мысалдар.

Мәселен, мына есеп тапсырмасына қараңызшы. «Қорада бір тауық жүр, со­ңында төрт балапаны бар. Та­уықтың екі балапаны жо­ғалды, қаншасы қалды?» немесе «Бөрте ешкі былтыр екі лақ тауып еді, биыл үш лақ туды. Сонда екі жылда бөрте ешкі неше лақ тапты?». Байқа­са­ңыз, автор ма­тематикалық есептердің өзін қарапайым үй құстары немесе жануарлар арқылы балаға түсін­ді­ре­ді. Бұл тапсырма арқылы бала математикалық есеп­ті ше­шіп қана қоймай, үй жа­нуарларының атын, оның ба­ла­сының қалай аталатынын есі­не сақтап алады. Бұның өзі біріншіден, жауапкершілік, екіншіден, ұлт ісіне арала­сып жүрген Алаш зиялысының қазақ баласына оқу-білім нәрін қайтсек тез сіңіреміз деген сұраққа жауап іздегенін аңғарамыз.

Ал келесі мысалға (Мір­жақып Дулатұлы мисалы деп берген) назар аударсақ. Аталған тапсырма «Жетінің ішіндегі күндер» деп аталады. Толық мазмұны былай: «Бір жетінің ішінде неше күн бар? Бейсенбіден кейін қай күн? Сейсенбі қай күннің артынан келеді? Серсенбіден ­екі күн өткенде қай күн бола­ды?» дей келе күндерді реті­мен санап шығуды тапсыр­ған. Қазақ ішінде өскен, өз тілінде сөйлейтін мектеп баласы үшін бұл аса қиын емес. Тіп­ті бұны балалар мектеп­ке дейін көкейіне тоқып, жат­қа айта беретін болған. Ал қай­­раткер бұл тапсырманы бас­тауыштың бірінші жылы оқы­латын оқулығына енгіз­гені тегін емес.

Халқымыздың көшпелі өмі­рін математикалық есепке енгізген Дулатұлының қия­лы мен үмітінде шек жоқ. «Мыр­қымбай­дың бір қал­та­сын­да 4, екінші қалтасында 3 асығы бар, сонда оның асы­ғы нешеу?» немесе «Біздің үйде қырқылған тоқты 5, қыр­қылмағаны 4, сонда бізде не­ше тоқты бар?», «Желіде 9 құ­лын байлаулы, үшеуі ағы­тылды, сонда желіде неше құ­лын қалды?» деген есептер ті­келей қазақ балалары­ның күн­делікті өмірімен, тұр­мыс-тіршілігімен қабысып жататыны анық. Осыдан кейін балалар аталған есепті түсін­бей қалатынына еш күмәніңіз болмас.

Бізді қызықтырғаны, Мір­жақып Дулатұлының «Есеп құралындағы» әрбір кесте мен амалдардың баланың жас ерекшелігіне қарай түсінікті тіл­мен жазылғаны. Былайша айтқанда, автор енді ғана мектеп табалдырығын аттаған оқу­шы математикалық оқу­лықты ашқанда, одан зерікпейтін кітап құрастырған.

Бір ғасыр бұрын жарық көрген қазақша оқулықтар­дың ішінде «Қазақстан» мем­лекет баспасының Күн­шығыс бөлімінен шыққан Халел Досмұхамедұлының «Оқушының саулығын сақ­тау» атты шағын оқулық – қа­зақ баласына қажетті кітап­тың бірі. Онда автор оқу­шы­лардың күнделікті оқу ба­­ры­сындағы жеке әрекет­тері мен тұрмыстық таным­дары топтастырылған. «Шы­лым тартпа, насыбай атпа, темекінің зиянды еке­нін ұмыт­па», «Ымыртта, ала­кө­ле­ң­кеде, нашар жарықта оқы­ма, жазба, жұмыс қылма» деген сияқты күнделікті тәртіп, гигиена, оқу мен саулыққа қа­тысты ескертпелерді бала са­­на­сына құюға құлшынған. Х.Досмұхамедұлы осы кіта­бының соңына мынадай лебіз қосқан: «Осы «Оқушының сау­лығын сақтау» атты кітап­шаны Холландия үкіме­тінің бұйрығымен нағыз білгіш деген доқтырлар жаз­ған екен. Кітапшада мектепте сау­лық сақтау шарттары үгіт ре­тін­де жазылған, «мынау зиян, мынау пайдалы» деп ұс­та­зы шәкіртіне үгіттеу тү­рін­де айтылған», дей келе атал­ған оқулық-кітапша­ның ден­саулықты сақтауға үй­рете­­тін толық құрал деп түсінуге бол­маса да, осында айтылған шарт­тар орындалып тұрса, жас буынның таза болып, дұ­рыс өсуіне аз болса да себепкер болатынын алға тартады.

Әрі қарай автор осы кітап­ты не үшін аударып, қазақ халқының тұрмыс-тіршілі­гі­не бейімдегенін де айтады: «Қа­зақ-қырғыз мектепте­рін­де саулық сақтау жұмыста­ры­ның нашар екеніне күйі­­ніп, тілімізде саулық сақтау туралы ешбір құралдың жоқ­ты­ғын ескеріп, осы кітапша­ны ­аударып басуды мақұл көрдік». Көрдіңіз бе, кешегі ұлт зиялылары әр ісінде, әр шаруа­сында ұлт мүддесін басты орын­ға қойып, хал­қы­мыздың бо­лашағы үшін жұмыс істе­ген.

Сонымен бірге «Қазақша-орысша тілмәш» атты сөздік те осыдан 100 жыл бұрын Қош­ке Кемеңгерұлының жетек­ші­лігімен жарық көр­гені мә­лім. Бұл мұралар қайта басылып шық­ты да. Ұлтты ояту жолына бел шеше кіріскен Алаш зиялыларының қиын жылдары талай оқулық жазып, аударып, оны қазақ ба­ла­сының кәдесіне жаратуға ­ат­­салысқаны – тарихи еңбек. 

Соңғы жаңалықтар