Алатау қаласының құрылғанына жылдан асты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еңсе тіктеген шаһардың бұл күнде Бас жоспары бекітіліп, шекарасы нақтыланды.
Бюджет бекіді
Қаланың жалпы көлемі – 88 мың гектар, халқының саны – 52,7 мың адам. Жаңа қаланы құру арқылы жол желілерін, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңғыртуға, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға, заманауи технология мен инвестицияны, қосымша қаржы ағынын тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға, салық түсімін ұлғайтуға мүмкіндік бар.
«Алатау қаласының әкімшілік бірлігіне Қонаев қаласы, Іле мен Талғар аудандарынан енген 12 елді мекен кіреді. Қала әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешіміне сәйкес Дәулет, Қайрат, Еңбек, Жаңаарна, Құйған, Жаңадәуір, Жаңаталап, Ынтымақ, Қоянқұс, Заречный, Арна, Жетігенге шағын аудан мәртебесі берілді. Шекара белгіленіп, жер қатынастары саласында шешімдер қабылдауға мүмкіндік алдық. Алатау қаласының әкімдігі құрылып, 50-ге жуық мемлекеттік қызметкер тағайындалып, бос орындарға конкурс жарияланды», дейді Алатау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ержан Абдыхалықов.
Қаланы тиімді басқару мен уақтылы шешімдер қабылдау, тұрғындарға қолайлы болу үшін Жетіген, Заречный, Қоянқұс шағын аудандарында қала әкімдігінің өкілдігі ашылып, жұмыс істеп жатыр. Жетігенде халық саны 25 мыңға жуықтаса, ірі мегаполиспен қолтықтасып жатқан Қоянқұсқа 6 жарым мың халық қоныстанған. Заречный мен Дәулетте де тұрғындар тығыз шоғырланған.
«Қала бюджеті бекітілгелі бері мемлекеттік бюджетке 2,5 млрд теңге салықтық және өзге де түсімдер түсті. Республикалық бюджетке – 1,8 млрд теңге, облыстық бюджетке – 47 млн теңге, жергілікті бюджетке 613,8 млн теңге түсті. Алатау қаласында 44 иесіз және бос тұрған нысандар анықталды. Қала бойынша жалпы ауданы 17,7 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын 727 жер учаскесі анықталды», дейді Ержан Қыпшақбайұлы.
Қоғамдық мүмкіндіктер сараланды
Қаланың атына заты сай болуына ең алдымен тазалық жұмысын жүргізу қарқын алған. Нәтижесінде, аумақтан 15 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылып, 800 ағашқа санитарлық кесу жұмысы жүргізіліп, 1 600 ағаш көшеті отырғызылған. Қала аумағын абаттандыру жалғасып жатыр. Сондай-ақ қалаға қарасты 12 шағын ауданда 366 көше бар. Оның жартысы күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған орай, қала ішіндегі шұғыл жөндеуді және жол салуды қажет ететін көшелерге талдау жүргізілген. Бұл мақсатқа бюджеттен 220 млн теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылды. Биыл 20 шақырымға жуықтайтын 39 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілмек. Аталған 12 шағын ауданда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 361 жол белгісі, 4 автобус аялдамасы орнатылды.
Алатау тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында 7 автобус маршруты кестеге сай жүреді. 35 автобус сатып алу үшін тиісті бюджеттік өтінімдер жолданған екен. Былтыр қыркүйек айында №307 қалаішілік Туғанбай – Жетіген – Заречный – Қонаев маршруты іске қосылған. «Алматы облысындағы жол және қоғамдық қауіпсіздіктің зияткерлік жүйесімен тіркелген деректерді ұсыну қызметтері» жобасы шеңберінде қала аумағында 300 қоғамдық бейнебақылау камерасы, оның ішінде 6 сергек камерасын орнату жоспарланып отыр.
Алатау қаласын кешенді дамыту мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен жобалық кеңсе құрылды. Бүгінде 13 өсу нүктесіне 6 923 гектар аумақта қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу және бекіту жоспарланып отыр. Бірінші кезекте аумақта жоспарланған 9 жобаны және инженерлік желілерді дамытудың 2050 жылға дейінгі салалық схемалары әзірленеді. Бүгінгі күні қалаға инвестиция тартуда Алатау АЭА басқарушы компаниясымен және Алматы облысының Өңірлік даму орталығымен тығыз жұмыс қолға алынған.
Тиімді тетіктерді табу маңызды
Өңірде «Исткомтранс» ЖШС 2023 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Келесі жылы кеңейіп, қосымша 150 орынға дейін жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ «ПепсиКо Центральная Азия» ЖШС құрылыс жұмыстары басталған. Жоба алдағы жылы іске қосылып, 300 адамды жұмыспен қамтиды. «Mareven» ЖШС-ның 3-кезегін 2027 жылға дейін іске асыру жоспарланған. Қазір 800-ге жуық адам жұмыс істейді әрі қосымша жаңа 234 жұмыс орны ашылмақ. «G-Trans» индустриялық-логистикалық хабының құрылысы басталған. Жоба 2032 жылға дейін жүргізіледі. Толық іске қосылғанда 3 000 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі.
«Өткен жыл ішінде мәслихаттың кезекті және кезектен тыс 14-сессиясы өткізіліп, әлеуметтік-экономикалық даму, бюджеттік жоспарлау және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері қарастырылды. Жергілікті халықтың мүддесін қорғау, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешу бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылды. Биыл негізгі басымдықтар ретінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, экологиялық мәселелерді шешу белгіленді», дейді Алатау қалалық мәслихатының төрағасы Роза Абилова.
Айтуынша, қала құрамына кірген шағын аудандардың жұмысын үйлестіріп, басын біріктіру мақсатында алдымен қоғамдық кеңес құрылды. Екіншіден, аумақтық өзін-өзі басқару ұйымы, ардагерлер мен аналар кеңесі де жұмыс бастаған. Қалалық мәслихат құрамы да білімді де білікті мамандармен, 6 депутатпен жасақталған.
«Жетіген жұртшылығы ауылдан қалаға айналған мезетте аңтарылып қалды. Уақыт өте келе азаматтардың ойы өзгеріп, ертеңгі күнге деген сенімі нығая түсті. Әсіресе ауылдық мәртебеге ие мұғалімдердің, денсаулық сақтау саласы мамандарының бір мезетте қалалық болып, 25 пайыздық үстемақысынан айырылып қалуы түсінбеушілік тудырды. Қазір бұл мәселе шешімін тауып, бір жылға ұзартылды. Мемлекет басшысының қолдауымен құрылған қаланы көркейту үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, ірі инвесторлар тартылып, көптеген жұмыс орны ашылса, жастар да алысқа ағылмай, осында еңбек етер еді», дейді мәслихат басшысы.
Халық көбейсе, талап та артады
Жетіген шағын ауданындағы медициналық нысанның сапасы сын көтермейтіні, мәдениет ошағының жоқтығы бірнеше жыл бойы күрмеулі түйткілге айналған еді. Бүгінгі күні 12 шағын аудан ішінде Арнада ғана мәдениет ошағы жұмыс істеп тұр. Қаланың барлық мәдени іс-шарасы осы ғимарат пен мектептерде өткізіледі. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Жетігенде 280 орындық мәдениет үйін салуға құны 1,3 млрд теңге болатын жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Биыл құрылыс жұмыстарын жүргізуге тиісті бюджеттік өтінім жолданған.
«Алатау қаласында тәулігіне 500 адам қабылдайтын емхана мен 200 төсектік орынды аурухананың жобалық-сметалық құжаты жасалып жатыр. Жетігендегі қазіргі медициналық нысан 1975 жылы балабақша ғимараты болып салынған. 1993 жылы денсаулық сақтау саласына берілген. Мұнда 11 адам жатып, 10 адам күндізгі стационарда ем қабылдайды. 20 мың адамға медициналық қызмет көрсетіледі. Ғимарат ескі болғанымен күніге 200-ге жуық адам есік ашады», дейді Жетіген ауылдық бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының бас дәрігері Рахатулла Тезекбаев.
Алатау қаласына қарасты 12 шағын ауданның 11-інде медициналық ұйым бар. Еңбек пен Жаңаарнада фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы басталды.
Жаңа қаланың тағы бір жағымды жаңалығы – Еңбек шағын ауданында былтыр қарашада «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 600 орындық заманауи мектеп салынып, пайдалануға берілді. Үш қабатты ғимаратта бүгінде 264 оқушыға 45 мұғалім білім береді. Жүзден астам бастауыш сынып оқушысы ыстық тамақпен қамтылған. Материалдық базасы заман талабына сай жабдықталған мектепке Жетіген ауылынан 62 оқушы қатынап оқиды. Оларды арнайы автобус тасымалдайды. №7 орта мектеп директоры Арман Арғынбаевтың айтуынша, жаңа мектепте оқуға ниетті бала саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Бұл – жаңа қала тұрғындарына қуанышты жайт.
Алматы облысы