• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Алматы 17 Қаңтар, 2025

Өнер қайраткеріне құрмет

53 рет
көрсетілді

Алматы қаласында көрнекті опера әншісі, актер, педагог Ермек Серкебаевтың ескерткіші ашылды. Абылай хан даң­­ғы­лының бойында, Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық халық аспап­тары оркестрі ғима­ра­тының алдында еңсе тіктеген ескерткіш­те қазақ мәдениетінің өрістеуіне айшықты үлес қосқан өнер иесі мен оның сүйікті аспабы күйсандық қоса бедерленген.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, әншінің ағасы Мұрат Серкебаев пен ұлы Байғали Серкебаев, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Министр Аида Балаева ескерткіштің ашылуы қазақ халқының ұлы перзентіне деген құрметі екенін атап өтіп, Ермек Серкебаевтың бай рухани мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталатынын айтты.

– Ермек Серкебаев – сирек кездесетін талант иесі, кәсіби шеберлігі жоғары музыкант. Ол миллиондаған өнерсүйер көрерменнің шынайы махаббатына бөленді. Бүгінгі қазақ операсын Ермек Серкебаевсыз елестету қиын. Оның ғибратты ғұмыры – мәдениетіміздің тарихындағы тұтас бір тарау. Көпшілік білмеуі мүмкін, бірақ ол қоғамдық-саяси өмірде де белсенділік танытып, Тәуелсіздігіміздің қалыптасуы мен нығаюына зор үлес қосты. Сонымен қатар Ермек Бекмұхамедұлы дарынды музыканттар әулетінің негізін қалады. Балалары мен немерелері оның ісін лайықты жалғастырып, қазақ өнерін әлемнің әр түкпірінде дәріптеп жатыр. Бұл ескерткіш сүйікті қаламыздың тағы да бір әсем де әсерлі нысаны ғана емес, өз өмірін өнерге арнаған талай жастарға көрнекі үлгі, биік бағдар боларына сенімдімін, – деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Ведомство басшысы өз сөзінде асқар талант иесінің бей­несін қоладан сомдаған мүсін­шілер Айдос Бүркітбаевқа, Тимур Ермұхаметовке, Ақылбек Орман­бековке және Қуаныш Асыл­байға ерекше алғыс білдірді.

Іс-шараға келген зиялы қауым кәсіби шеберлігі арқылы мойындалып, ел жүрегіндегі екінші өмірі басталған дара дарынның өмір тынысы мен шығармашылық жолы, адами қасиеті туралы жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

– Ермек Серкебаев – бүкіл жан­дүниесін шығармашылыққа арнаған адам. Ол өзінің қайталан­бас талантымен өнердің шекарасын кеңітті, ақтық демі қалғанша бекзат өнердің бәсін биік ұстады. Ол кісімен талай сахнада бірге өнер көрсеттік, ұзақ сапарларда бірге жүрдік. Асқақ таланты бір төбе, кісілік келбеті өз алдына бір төбе керемет жан еді. Артында өлмейтін үні мен сиқырлы сазы қалды. Ізінен ілескен шәкірттері, оның өнері арқылы шығармашылыққа қызыққан өскелең ұрпақ рухына мәңгі құрмет көрсетеді деп есептеймін. Бұл ескерткіш – өнер мен руханияттың биіктігін паш ететін мәңгілік естелік. Ол – ұлы тұлғаның рухына көрсетілген құрмет қана емес, оның өнері мен мұрасын келер ұрпаққа аманат етудің белгісі, – деді опера әншісі Әлібек Дінішев.

Ермек Серкебаев ұлт мәде­ниеті­нің, әсіресе, классикалық музыка өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Ол өнердегі жолын Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқи жүріп, 1947 жылы Абай атындағы опера және балет театрында қойылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің классикалық туындысы – «Абай» операсындағы Абай партиясын орындаудан бастаған. Камералық және эстрадалық әнші ретінде де кеңінен таныл­ған оның репертуарында қазақ­тың халық әндерімен қатар, кеңес одағы және дүние жүзі ком­позиторларының таңдау­лы туындылары кеңінен орын алды. Ол көптеген халықара­лық конкурс пен әлемдік фести­вальға қаты­сып, жеңімпаз атанды. Қазақтың ән өнерін Еуропа мен Азияның бірқатар мемлекетінде және АҚШ-та өткен қазақ мәдениетінің күн­дерінде кеңінен насихаттады.

Әлемдік классикалық өнердің дара тұлғасы Ермек Бекмұхамедұлы 2013 жылдың 16 қарашасында 88 жасқа қараған шағында дүниеден озған еді.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар