Алматыдағы Достық үйінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия табыстау салтанаты өтті. Президент өкіміне сәйкес 2024 жылы мемлекеттік стипендияға 75 адам ие болды.
Әдебиет пен өнер саласындағы арнайы стипендия жыл сайын құрметті атақтар мен мемлекеттік наградаларға ие болған шығармашылық майталмандарын, мәдениет қайраткерлерін, сондай-ақ ел руханиятын қалыптастыруға, сақтауға және дамытуға үлес қосқан талант иелерін қолдау мақсатында беріліп келеді.
Айтулы тізімге есімі енген азаматтарға сертификат табыстаған министр Аида Балаева өнер мен мәдениетте көрініс тапқан елеулі жетістіктерді саралап, мемлекет тарапынан саланы қолдауға бағытталып жатқан жұмыстар туралы атап өтті.
– «Дана Абайдан бастап қазақтың әрбір жазушысы, ақыны, өнер майталманы жүрегінде ұстап, ел-жұртына аманат еткен ескірмейтін ұлы қағида бар: «Мәдениет пен әдебиет – ұлттың рухын ұлы биіктерге көтеретін қос қанат». Бүгін, міне, осы ортада сол талапты өмірлік қағидаты етіп, шығармашылық ізденісін халқымыздың рухани өсіп-өркендеуіне арқау қылған бір топ азаматты құрметке бөлеп отырмыз. Сөз жоқ, бұл – ең алдымен Сіздердің ұзақ жылғы табысты еңбектеріңіздің нәтижесі. Президенттің осы еңбекті жоғары бағалап, ұлттық әдебиет пен өнерімізге ерекше көңіл бөліп, әрдайым қолдауының арқасы. Бұл сіздердің ел үшін аса маңызды шығармашылық жұмыстарыңызға жаңа мүмкіндік, кең өріс ашатынына сенімім мол. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық руханият туралы үнемі айтып, оның елдік жолындағы орасан күші мен мол мүмкіндіктеріне қоғамның назарын аударып жүргенін жақсы білесіздер. Жылдағы халыққа арнаған Жолдаулары, Ұлттық құрылтайдағы бастамалары, түрлі сұхбаттарының өзегінде тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты бүгінгі Қазақстанға ауадай қажет құндылықтар жатыр. Және ең маңыздысы бұл құндылықтар ұран емес, ел жүрегіне өздеріңіздей зиялы қауым арқылы, сіздердің шығармаларыңыз бен күнделікті қоғамдық миссияларыңыз арқылы жететін дүниелер. Халықты бірлікке шақыру, татулықты нығайту, жас ұрпаққа ізгі құндылықтарды сіңіру – міне, бұл сіз бен біздің, яғни зиялы орта мен мемлекеттің ортақ мүддесі. Өйткені Президенттің қай кезеңде болсын көтерген бастамалары сапалы ұлт қалыптастыруды мақсат етеді. Ал еліміздің бай рухани мұрасы сіздердің туындыларыңыз арқылы жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді, – деді А.Балаева.
Стипендияға ие болғандар қатарында Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов, Дулат Исабеков, Иранбек Оразбаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Нүкетай Мышпаева, Тұңғышбай Жаманқұлов, Төлен Әбдікұлы, Меруерт Өтекешова, Есмұхан Обаев, Амандос Ақанаев, Татьяна Тарская, Гульвер Разиева, Нұртас Исабаев, Зейнеп Ахметова және басқа да көрнекті мәдениет пен әдебиет қайраткерлері бар.
– Бізге құрмет көрсетіп жатқан ел басшысына, қазақ халқына алғыс айтуға тиіспіз. Өткен жыл қаламгерлер қауымы үшін табысты, мерейлі жыл болды. Бірқатар ақын-жазушының еңбегі бағаланды. Стипендиаттар қатарында талантты жастардың болғаны көңіл қуантады. Бұл – ұлт әдебиетіне, мәдениетіне жасалған құрмет, – дейді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгереева.
Басқосу барысында министр руханияттың көшін алға сүйреп келе жатқан аға буынның лебізі мен ұсыныс-тілектерін тыңдап, олардың ел бірлігін нығайту және ұлттық құндылықтарды насихаттау ісінде маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.
АЛМАТЫ