Ақтау қаласындағы тұрғындар саны артуынан мектептегі орын жетіспеушілік мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осыған орай шаһардағы 33-шағын ауданында №33 жалпы білім беретін кезекті су жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бастау алған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Маңғыстау облысы бойынша ашылған 13-білім ордасы. Бұған дейін өңірде Ақтау қаласының 17, 19 және 33-шағын аудандарында, сондай-ақ Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы Хазар шағын ауданында 4 500 орындық 4 мектептің құрылысы аяқталған еді.
Қазіргі таңда 825 оқушы білім алып жүрген жаңа мектеп заманауи 66 пән кабинетімен, оның ішінде STEM-зертханалар, қыш өнері, визуалды дизайн, хореография сияқты шығармашылық бағыттарға арналған кабинеттермен жабдықталған. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін соңғы үлгіде жасақталған сенсорлық кабинет, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері бар.
– Өңірімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асып жатыр. Балалардың сапалы білім алуы үшін мектептер заманауи және жайлы болуға тиіс. Бұл – біздің болашағымыздың кепілі. Президентіміз атап өткендей, орта білім беру деңгейінің сапасын арттыру – ұлттық болашағымыз үшін маңызды қадам. Осындай мектептердің іске қосылып жатқаны бізді қуантады. Жас ұрпаққа білім жолында сәттілік тілеймін! – деді жаңа мектептің ашылу салтанатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев.
Маңғыстау облысы