• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп 10 Қаңтар, 2025

Қоғам дамуын тежейтін қолайсыздық

42 рет
көрсетілді

Президент жауапты орындарға жемқорлықпен күрес мәселесін жүйелі жолға қоюды тапсырды. Қоғам дамуын тежейтін қолайсыздықты еңсеру үшін өңірлерде жемқорлық фактілеріне итермелейтін проблемаларды талдау ісі қолға алынған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі былтырғы жұмыс нәтижелері туралы баяндап, заңды белшесінен басқан салалар мен тұлғаларды жіпке тізді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаровтың айтуынша, құрылыс және тұрғын үй, экология, жер қатынастары, кәсіпкерлік, экономика және қаржы, спорт, әлеуметтік сала, инфрақұрылым мен жол – сынға іліккен салалар санатында. Агенттік 2022 жылдан бастап мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 трлн 100 млрд теңгеден аса соманың мүліктік активтері мен қаражатты қай­та­руды қамтамасыз еткен болса, оның 321,6 млрд теңгесі тікелей бюджетке түскен. Мем­лекетке қайтарылған барлық актив әлеу­меттік мақсатта пайдалануға бағыт­та­лып жатыр.

Мәселен, биыл Алматыда құны 7,9 млрд теңгеден асатын «Kaisar Tower» бизнес орталығы ғимараты Қазақ ұлттық қыздар педагогикасы университетіне пай­далануға берілген. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы «Қазақ ұлттық өнер академиясы» РМУ балансына құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат аударылған. Сол секілді Астанада құны 5 млрд теңгеден асатын үш зәулім үй қала әкім­дігінің «Мүмкіндігі шектеулі бала­ларға арналған психологиялық-педа­гогикалық түзету басқармасына», Ақмола облысының Варап ауылындағы жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метр резиденция 135 гектар жер телімімен бірге Астананың Білім басқармасына берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директоры мен оның орынбасарына қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Олар кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, спорт жабдықтарын сатып алуға, сондай-ақ туроператорлармен жоғары құны бойынша шарттар жасасу арқылы 584 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке ілінген. Сонымен қатар кәсіпорын директоры жеке компанияның директоры бола тұра, 2021 жылы Батыс Қазақстан облысында футбол мен допты хоккейді дамытуға бөлін­ген 161,9 млн теңге көлемінде бюджет қара­жатын жымқырған.

Жымқыру тәуекелдерін барынша азайту мақсатында барлық өңірде бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесі ен­гізілген. Бұл жалған деректердің енгізілуі­не тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Қазір әкім­дік­тер ай сайын білім беру ұйым­да­рының бух­галтерлік есеп жүйелерін қазы­на­шы­лық есептерімен автоматты түрде салыс­тырып отыратын көрінеді. Кез келген сәйкессіздіктер екі рет тексеріледі. 2023 жылдың басынан бастап (25.12.2024 ж. жағдай бойынша) осы салада барлығы 302 қылмыстық іс жүргізілген. Айталық Жетісу (6,2 млрд теңге), Түркістан (5 млрд теңге), Қызылорда (1,4 млрд теңге), Алматы (1,2 млрд теңге) облыстары мен Алматы қаласында (1 млрд теңге) ең ірі жым­қыру сомалары анықталған. Қылмыс жасауда 438 адам әшкереленіп, оның ішінде 230 адам түрлі жазаға тартылған.

Агенттік әшкерелеген қылмыстарға көптеп мысал келтіруге болады. Мәселен, елордалық Білім басқармасының бөлім басшысы «INDIGO» цифрлық сервисін қол­данбай, балаларды мемлекеттік бала­бақ­шаларға қабылдау мәселесін оң шешкені үшін бірнеше рет пара алды деп күдікке ілінсе, Атырау облысы Жылыой аудандық соты «№2 ересектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы» КММ директоры мен бухгалтері мекемеде нақты еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақыны заңсыз аудару арқылы 73 млн теңгеден аса сомаға бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп таныған. Сот үкімімен олардың бірі 7 жылға, екіншісі 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сол секілді Тараз қалалық сотының үкімімен Дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығының басшысы мен осы мекеменің әдіскері оқушылар арасында республикалық жарыстарға қатысуға бөлінген іссапар шығындарын иемдену арқылы ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған.

Ал Шымкент қаласы бойынша Сы­байлас жемқорлыққа қарсы қызмет Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті қалалық департаменті бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан мүгедектік топтарын келіскені үшін жалпы сомасы 850 мың теңгеге бірнеше рет пара алды деп айыпталған. Антикор, пара қаладағы емханалардың бірінің медбикесінің делдалдығымен берілгенін жеткізді.

Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының үкімімен облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы мен мектепке дейінгі мекемелердің қос бірдей директоры сотталған. Олардың бірі жеке меншік бала­бақшаны мемлекеттік аттестаттаудан өткіз­гені үшін 300 мың теңге көлемінде пара алғаны, екіншісі делдалдығы, ал үшін­ші тұлға пара бергені үшін кінәлі деп танылған.

Білім саласынан бөлек, жемқорлық фактілері бойынша істі болғандардың қата­рында әлеуметтік сала, бизнес, құрылыс, сот, ішкі істер саласының қызметкерлері де аз емес.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет өз кезегінде пара беру мен алаяқтық заң бойынша қудаланатынын еске салады. Алайда кейбір алаяқ азаматтар өздерін байыту үшін парасатты азаматтардың сеніміне ие болады. Бұған қолда бар фактілер дәлел бола алады. Сондықтан пара бергені үшін ірі айыппұлдардан басқа, Қылмыстық кодексте мүлкі тәркі­леніп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқы­ғынан өмір бойына айыра отырып, әскери атақтар мен мемлекеттік наградалардан айырып, 15 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру көзделетініне назар аударамыз», деді Д.Бигайдаров.

Тіршілігі қыз-қыз қайнаған Алматыда жемқорлыққа бейім салалар жетіп артылады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелеріне тоқталған мамандар 2024 жылы Алматының сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру шеңберінде 4 мониторинг және 5 сыртқы талдау жүргізілгенін атап өтті. Нәти­жесінде, экономика, құрылыс және мем­лекеттік мүлікті басқару салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмен­де­туге ықпал ететін 82 ұсыным әзірленген.

«Қабылданған шаралар арқылы 7 млрд теңгеден аса бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға жол берілген жоқ. «Алматы Арена» және «Халық Арена» спорт нысандарын мемлекеттік басқаруға қайтару бойынша іс-шаралар өткізілді, сондай-ақ әлеу­меттік маңызы бар нысандардың құры­лысы аяқталды, оның ішінде Бостан­дық ауданындағы 135 орындық жаңа бала­бақша бар. Қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Негізгі жетістіктердің бірі iOS және Android операциялық жүйелері бар құрылғыларда сәтті сыналған «Mass Alert» жаппай ерте ескерту жүйесін енгізу болды. Жүйе жер сілкінісі кезінде ғана емес, басқа төтенше жағдайларда, соның ішінде террористік қауіп кезінде де қол­да­нылады», дейді Сыбайлас жем­қорлық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов.

Алматыда 350 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тір­келген. А.Рахимовтің айтуынша, бизнес саласы – мемлекеттік органның ерекше бақы­лауында. Биыл «Бизнеске жол» жобасы аясында 685 кәсіпкердің құқықтары қорғалған.

Мамандардың сөзінше, мерзімі орын­дал­маған және жымқыру қаупі бар әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына мониторинг әлі де жалғасып жатыр. Әлеуметтік маңызы бар бес нысанды сүйемелдеу жұмыстары қолға алынған болса, олардың үшеуі өткен жылдың үшін­ші және төртінші тоқсандарында аяқ­талған, ал екеуі құрылыс сатысында тұр. Атап айтқанда, №21 гимназия аумағында орналасқан 120 орындық балабақша пай­да­лануға берілді. Оның құрылысы 2018 жылы басталып, 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Сондай-ақ қалада сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы мәдениет қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бір жыл ішінде 270 мың адамды қамтыған 533 іс-шара өткен. Биыл сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар туралы ақпарат бергені үшін 9 адам көтермеленіп, олардың алтауы жалпы сомасы 5,2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы алған. 

Соңғы жаңалықтар